Денсаулық сақтау

Трансплантология жаңа өмір сыйлайды

Трансплантология жаңа өмір сыйлайды


Келесі жылдан бастап облыстық мамандандырылған медициналық орталық ( бұрынғы №1 Өскемен қалалық ауруханасы) еліміздегі трансплантациялау орталықтарының тізіміне енетін болады. Республикада қазіргі таңда ағза алмастыратын алты клиника жұмыс істейді. Жетінші орталық болып тіркелетін Шығыстағы клиника аймақтық үшінші орталық болып саналмақ. Алдағы уақытта орталықта негізінен бүйрек алмастыру оталары жасалады деп жоспарланған.

Қазақстанда қазір бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, тағы басқа ағзаларын алмастыруды қажет ететін 3200 адам бар.Ағзалық және мәйіттік донор мәселесін шешу мақсатында облыс орталығында ұйымдастырылған өңірлік семинар-кеңесте Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың басшылары, аймақтық филиалдардың дәрігерлері, дін өкілдері мен транспланттауды үйлестіру қызметінің мамандары бас қосты.

Қазақстанда орган алмастыру қызметі 2012 жылдан белсенді түрде дами бастады. Отандық медицинаның бұл жетістігі ауыр дертке шалдыққандарға екінші рет өмір сыйлау мүмкіндігін берген еді. Алайда науқастарға жаңа органдарды табу өзекті проблемаға айналды.Әлі күнге дейін елімізде басты донорлар – науқастың жақын туыстары. Трансплантология саласында тәжірибесі бар басқа да өркениетті мемлекеттердегі сияқты бізде де сол кезден бастап транспланттауды үйлестіру қызметі құрылған болатын. Бұл қызметтің басты міндеті – мәйіттік донарларды тауып, органдарын клиникаларға дер кезінде жеткізу.

-Мұндай қызмет орган алмастырып салатын клиникасы бар елдердің барлығында бар. Біз нарыққа енген 2013 жылдан бері 300-ден астам мәйіттік органдарды трансплантология орталықтарына жеткіздік. Соның арқасында көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектестік. Бір мәйіттік донор алты пациенттің өмірін сақтап, екі адамның өмір сапасын жақсарта алады. Мысалы, өкпе, жүрек, бүйрек, бауыр және көздің мүйізгек қабығын алмастыруға болады,- дейді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Серік Жарықов.

Трансплантология жаңа өмір сыйлайды

Директордың сөзіне қарағанда, 2012 жылдан бері елімізде 1,5 мың реципиентке басқа адамдардың ағза мүшелері алмастырылып салынды. Олардың 71-і қайтыс болған адамдардың органдарымен өмір сүріп жүр.Орташа есеппен алғанда, елімізде жылына 300 орган алмастыру отасы жасалады екен. Қазіргі таңда кезек күту парақшасында осындай операцияны қажет ететін 3200 адам тіркелген. Олардың басым бөлігі – 2,5 мың науқас бүйрек алмастыруға зәру.
Сол себепті Шығыстағы орталықты бүйрек алмастыру бағытына бейімдеуді жөн деп тауыпты. Бұл жерде алғашқы операция шеберлік сынып аясында маусым айында жасалған болатын. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, кадр тапшылығы жоқ. Дәрігерлердің барлығы арнайы мамандандырудан өткен.

-Енді республикадағы үшінші аймақтық орталық ретінде толық жұмыс істеп кету үшін еліміздегі трансплантациялау орталықтарының тізіміне енгіземіз. Келесі жылдан бастап ересектерге бүйрек алмастыру оталары осында жүргізілетін болады, – деді Серік Нағашыбайұлы.

Қазақстанда мәйіттік донарлыққа келісім презумпциясы енгізілген

Елімізде 2012 жылы құрылған үйлестіру орталығының барлық облыстарда аймақтық филиалдары жұмыс істейді. Оның өкілдері реанимацияларда кезекшілік жасап, донор іздейді. Табылған жағдайда органды клиникаларға дер кезінде жеткізудің барлық талаптары қатаң сақталады. Орталық мамандары ота жасағаннан кейін екі ай көлемінде пациенттер мен реципиенттер туралы барлық мәліметтерді жинап, қадағалап отырады. Операциядан кейін қандай асқынулар орын алды, алмастырылып салынған орган қалай жұмыс істеп тұр, транспланттау орталықтарына қайтарылған ағза болды ма, осы және басқа да көптеген мәселелерді назарда ұстап, ай сайын салалық министрлікке есеп береді. 2016 жылы үйлестіру орталығына Чехияда жасалған ақпараттық жүйе сатып алынған. Жуықта мамандар жүйені іске қосуды толықтай аяқтайды. Ақпараттық жүйеге қазірдің өзінде транспланттау орталықтары, екі зертхана, барлық аймақтық орталықтар қосылған. Тағы екі зертхананы Ақтөбе мен Шымкентте ашу жоспарланып отыр. Енді кезек күту парақшасы бүкіл еліміз бойынша орталықтандырылады. Барлық пациенттердің мәліметтері енгізіледі. Орталық директоры 2019 жылдан бастап осы жүйемен жұмыс істейтіндерін айтты.

Қазақстанда адамның миы өз жұмысын тоқтатқаннан кейін ғана өлді деп саналады. Тек осындай мәйіттердің ағзалары алынады. 2017 жылы үйлестіру орталығының мамандары барлығы 78 мәйіттік донор тапқан, олардан 71 орган алмастырылып салыныпты. 2018 жылы 24 мәйіттік донар анықталыпты. Биыл отандық хирургтер 19 жүрек алмастыру отасын жасаған. Әлемге танымал қазақстандық хирург Юрий Пяның басшылығымен еліміздің оташылары таяуда өкпені алмастырудың күрделі операциясын меңгерген. Бүгінгі таңда мәйіттік донорлардың саны азаймағанымен, олардың жартысына жуығы жарамсыз болып шығады.

Мысалы, 43 әлеутті донордың тек тоғызынан ғана ағзалар алынған. Сегіз адам ұзақ уақыт жасанды дем алу аппаратына қосылғандықтан, ағзаларында инфекциялар пайда болған. 12 донорда гепатиттің А, Б жұқпасы анықталды, сифилис, туберкулез жұқпалары, қатерлі ісік шыққандары бар, 11 мәйіттің ағзаларын алуға туыстары қарсы келген, тағы екі мәйіттің кім екенін анықтау мүмкін болмаған.

Қазақстанда 2015 жылдан бері азаматтар егер өлгеннен кейін ағзасын ешкімге бергісі келмесе, өзі тіркелген емханаға барып, өтініш жазып қоятын норма енгізілген. Ал адамның соңғы аманатын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ.

-Біз жоғарыда сөз еткен екі адамның кім екенін анықтай алмадық. Мүмкін олар осындай өтініш тастап кеткен шығар? Сол себепті олардың ағзаларын алуға құқымыз жоқ, – деп түсіндірді Серік Жарықов.

Жалпы, Қазақстанда мәйіттік донарлыққа келісім презумпциясы енгізілген. Бұл дегеніміз – кез келген қазақстандық азамат қайтыс болғаннан кейін әлеуеттідонор болып саналады, оның ағзасын басқаларға сала беруге болады деген сөз. Егер өзі «қарсымын» деп өтініш жазып кетпесе. 2019 жылдан бастап өтінішті Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына жазуға болады.

Мәйіттік донардың ағзаларын қолдану жағынан әлемде Испания алда, миллион адамға шаққандағы көрсеткіш – 47. ТМД елдері арасында Беларусь мемлекеті көш бастап тұр, миллион адамға шаққанда – 23. Олардың кезек күту парақшасынан қазақстандықтарды да кездестіруге болады екен. Елімізде бұл бағытта Ақтөбе белсенді. Ақтау, Атырау, Орал, Қарағанды өңірлерінен осы уақытқа дейін бірде-бір мәйіттік донор табылмаған. Оңтүстік облыстарда да донациялық белсенділік төмен. Бұл ең алдымен жергілікті менталитетке де байланысты. Қайтыс болған адамдардың туыстары әдетте мұндай ұсыныстарды мәйітті қорлау деп жаңсақ түсінеді. Осы мәселеге қатысты облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай төмендегідей пікірін білдірген еді.

Трансплантология жаңа өмір сыйлайды

-Белгілі бір шарттардың шеңберінде адамның органын қажеттілік туып тұрған басқа жанға көмек ретінде салуға ешқандай қарсылық жоқ. Шарты – бұл міндетті түрде тегін, сауда болмауы керек, – дейді облыстың бас имамы.

Зертхананы жетілдіру қажет

Облыста маусым айында екі бірдей пациенттің бүйрегі алмастырылғаны белгілі . Операция бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Белыхтың мәліметтері бойынша, екі ота да сәтті аяқталған. Бірінші жағдайда апайына сіңлісі өз бүйрегін берген-ді. Науқастың жүрегі мен өкпесінде де ақау болғандықтан , Астана мен Алматы қалаларында ота жасаудан бас тартыпты. Алайда жергілікті білікті хирургтер қосымша жүрек-өкпе дерті науқасқа бүйрек алмастыру отасын жасауға кедергі емес екенін дәлелдеп шықты. Екінші жағдай сәл күрделірек болды. Хирургтер пациенттің донордың ағзасын қабылдамау проблемасымен бетпе- бет келді. Бұл жағдайды бөлімше меңгерушісі өзімізде зертхананың жоқтығынан деп түсіндірді. Иммуносупрессияларды тағайындау үшін жасалатын қан талдауының қорытындысын Астанадан төрт тәулік бойы күтуге тура келіпті.

-Алдағы уақытта мұндай мәселе туындамас үшін қандағы такролимустың мөлшерін өзімізде анықтау қажет. Ол үшін өзіміздегі BS 300 химиялық анализаторына такролимусты анықтайтын бағдарлама орнатса жеткілікті, – дейді Сергей Белых.

«Ұйымдастыру мәселелерін шешу үшін трансплантолог-дәрігердің қабылдайтын жеке кабинеті болса, науқастарға кеңес беруге, оларды отадан кейін бақылауға қолайлырақ болар еді», – дейді бөлімше меңгерушісі.

ВРЕЗКА:Ермек Мұқатай, облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы: – Белгілі бір шарттардың шеңберінде адамның органын қажеттілік туып тұрған басқа жанға көмек ретінде салуға ешқандай қарсылық жоқ. Шарты – бұл міндетті түрде тегін, сауда болмауы керек.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button