Материалды әзірлеген – Байбура
Көзінің тірісінде Алтайдың абызы атанған, ұзақ жылдар түрлі шаруашылықтарға басшылық жасап ел экономикасының нығаюына зор үлес қоса білген білгір басшы, Ұлы Отан соғысының майдангері, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтай ардағымыздың арамыздан кеткеніне де екі жылға аяқ басып қалған екен. Қара сөзге келгенде су төгілмес жорғадай төгілетін от ауызды, орақ тілді ақсақалдың жүріп өткен өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол кісі жайында ел аузында қалған естеліктерде есеп жоқ. Солардың бір парасын «Асылдар асқан асулар» айдарымен «Дидар» газетінің оқырмандарына ұсынуды жөн санадық.
Редакция
ОН ТОҒЫЗ ЖАСЫНДА ОТ КЕШКЕН ОҒЛАН
1985 жылы 9-ыншы мамырда сол кездегі бүкіл КСРО халқы Ұлы Жеңістің 40-жылдығын тойлады. Алты жүз мыңнан астам қазақстандық сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қанды майданнан біздің елімізде зардап шекпеген отбасы кемде-кем. Сондықтан да болар 9 мамырға, осы бір киелі мерекеге әсіресе, әскери майдангерлер ерекше мән беретін. Олардың қатарында, 101 жеке атқыштар бригадасы құрамында небір сұрапыл ұрыстарды басынан кешірген Бошай Кітапбаев та болған.
Аталған бригада «Ұлттық атқыштар құрамаларын құру туралы» 1941 жылдың 13 қарашасындағы КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысымен қазақ жедел-тактикалық құрамасы ретінде құрылған болатын. 1941 жылы 27 қарашада «100-ші және 101-ші атқыштар бригадаларын құру туралы» Ортаазиялық әскери округінің қолбасшысы бұйрық шығарады. Қатарында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова соғысқан 100-ші жеке атқыштар бригадасы Алматыда құрылған. Ал 101-ші бригаданы жасақтау Ақтөбе қаласында өтіп, 1941 жылы желтоқсан айының соңғы күндерінде аяқталады. Бұл уақытта 101-ші бригада құрамындағы қазақ жауынгерлерінің саны елу пайыздан астам болатын. Негізінен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Гурьев және Қызылорда облыстарынан әскер қатарына шақырылған сарбаздардан жасақталған бригада 1942 жылдың тамызына дейін оның жеке құрамы оқу полигондарында жауынгерлік дайындықтан өтеді.

101-ші бригада Калинин майданының 39-шы әскери бөлімшесі құрамында, 1942 жылдың күзінде Ржев қаласы маңында өткен «Марс» деп аталған ең ірі шабуыл операциясындағы ұрыста өртке оранған. 100-ші қазақ атқыштар бригадасының бөлімшелері де шабуылдың көршілес аумағында жаумен шайқасты. Қызыл әскер бас штабы мен Калинин және Батыс майдандары басшыларының алдына вермахтың «Орталық» әскери тобының негізін құрайтын 9-шы неміс әскери құрамасын қоршауға алып, жойып жіберу міндеті қойылған болатын. Бірақ та, Кеңес Одағының болашақ маршалы Г.Жуков үйлестірген «Марс» стратегиялық операциясы кеңес әскері үшін сәтсіз аяқталады. «Ржев томпағы» деп аталған аумақта он бес айға созылған ұрыстағы Қызыл әскердің жалпы шығыны Сталинград шайқасындағы шығыннан екі есе асып түсіп, шамамен екі миллионнан астам адам мерт болған. 1942 жылдың қараша-желтоқсан айлары аралығында өткен үш апталық қанды шайқаста қаза болып, жарақат алғандары мен хабарсыз кеткендерді есептегендегі саны – 4918 адам. Сол жолы жауынгерлер мен офицерлерден тұратын 101-ші бригада өзінің жеке құрамындағы 4918 жауынгердің 80 пайызына дейін айырылды. Жаңадан шақырылған жауынгерлермен толықтырылғаннан кейін, бригада Калинин және 1-ші Прибалтика майдандарында өткен шайқастарға қатысқан болатын. Осы шайқастардың бірінде Б.Кітапбаев жарақат алып, бірнеше ай госпитальда жатады. Науқасынан айыққан жас сарбаз көп ұзамай өз бөлімшесіне оралып, әскери міндетін әрмен қарай жалғастырып жатады.
1943 жылдың 10 желтоқсаны. Бұл күн бар болғаны 20 жастағы Бошай Кітапбаевтың өмірге қайта келген күні десе де болғандай. Дәл осы күні Белоруссияның Витебск облысы аумағында өткен қиян-кескі ұрыста, таяу маңнан жарылған жау снарядының жарықшағынан тағы да оңбай жарақат алған бозбала әскери госпитальда оң аяғынан айырылып, алған зақымнан бір құлағы естімей қалады. Осылайша, майдан даласына он екі мүшесі сап-сау аттанған Алтай азаматы Б.Кітапбаев әскери комиссияның шешімімен «Әскери қызметке жарамсыз» деген анықтама алып, елге оралады.
ҚАРА ЖОЛДЫҢ БОЙЫНАН БОЙ КӨТЕРГЕН ҚҰЛПЫТАС
Үлкеннарын ауданына қарасты, ұзақ жылдар өзі басқарған «Ленин» колхозының барлық ауылдарында – Новоберезовка, Майемер, Яры және Үштөбеде Ұлы Отан соғысының қанды шайқастарында қаза болған ауылдастарының есімдерін ұмытылмайтындай етіп ескерткіш көтеру идеясы Б.Кітапбаевты көптен бері мазалап жүретін. Ол оны – қаза болған боздақтар алдындағы өзінің қасиетті борышы деп сезінді. Ұлы Жеңістің 40 жылдық мерейтойының жақындауы бұл ойдың іске асырылуын тездетіп жібергендей болады. Бұл жерде Бошекең өзінің тұрған жері Катонқарағайды да ұмытқан жоқ. Не нәрсені әріден ойлайтын әдетімен: «Қаза болған қатонқарағайлық жауынгерлер ескерткіші, республикалық маңызы бар Өскемен – Рахман қайнары автокөлік жолының бойына орналасқан Қабырға ауылының кіреберісінде бой көтеруі тиіс», – деп шешеді. Бұл ескерткіш, сол уақытта «Алтайский» совхозының бөлімшелері болған ауданның үш ауылына – Қабырға, Жаңаүлгі және Шыңғыстайға ортақ болады.
«Ленин» колхозы мен Катонның үш ауылының Ұлы Отан соғысы майданында қаза болған тұрғындарының толық тізімін анықтау үшін Үлкеннарын және Катонқарағай аудандық әскери комиссариаттарының мұрағат материалдары қаралған болатын. Дегенмен, бұл тізім толық болмай шығады. Тізім жасалу барысында қаза болғандардың туыстары айтқан жаңа есімдермен толықтырылды. Екі ауданның әскери комиссариаттарымен Қызыл армия қатарына 7300-ден астам адам шақырылған болатын. Бірақ та, олардың үштен бір бөлігі ғана соғыстан аман қайтқан.
Идея авторының өтініші бойынша, ескерткіш құлпытастарындағы жазбалар мәтінін қазақтың әйгілі ақыны Ғафу Қайырбеков жазады. Мәрмәрда мәңгілік жазылған жан толғандыратын өлең жолдары осы күнге дейін оқыған жандардың жан дүниесін тебірентуде. Мәрмәр тақталардағы мәтіндерді колхоздың ағаш дайындаушыларының бригадирі Жантай Мешітбаев, ауылдық клубтың меңгерушісі Николай Гудков, сельпо дүкенінің жұмысшысы Қайырғазы Атабаев, автомеханик Құдаш Азбаев, қолхоз суретшісі Вячеслав Фирсов, жүргізуші Алик Қорқақбаев ойып жазған болатын. Бұл – байыптай білген адамға кез келген шеберді жалықтырып жіберетін әрі шұқымасы көп қиын шаруа еді. Қазіргідей түрлі-түрлі кескіш, өлшегіш, егегіш құралдар жоқ. Сол уақытта кәдімгі шапқы мен балғаны ғана қолданып қолмен жасалған. Тастарға жазулар мен суреттерді соғатын арнайы нақыш жасайтын қондырғылар ол кезде кең тарамаған еді. Ескерткіштердің плиталары Асубұлақ кентіндегі тас өңдеуші кәсіпорында жасалады.
Жерлестерінің алдындағы борышын сезінген колхоз басшысының құлшынысы мен сарқылмайтын жігерінің арқасында ескерткішті жасау жұмыстары 8-мамырға дейін аяқталып қойған. Бұл жұмыстар жобасының тапсырыс берушісі де, жасаушысы да, бас мердігері де, прорабы да Б.Кітапбаевтың өзі болды. Бәлкім, өзгелерге қарағанда, ескерткіштер көбінде оның өзіне ғана қажет болғандықтан болар. Қабырға ескерткішін салуда ең ауыр қиыншылықтар туындады. Өйткені, сол кезде ол колхоздың орталық бөлімшесі – Новоберезовка ауылынан жетпіс шақырымда, басқа ауданның аумағында орналасқан еді. Бірақ та, Қабырға ауылы тұрғындарының болашақ ескерткіш құрылысына деген шынайы ықыласы мен ашық көңілдерін байқаған колхоз құрылысшылары бұл қиыншылықтарды ескерген жоқ. Қабырғадағы ескерткіш құрылысына жауапты болып колхоздың инженер-гидротехнигі, Катонқарағай ауданының тумасы Жиенбол Старшинаев тағайындалып, геодезиялық өлшеулерді өткізді. Бетон іргетасын қалап, мәрмәр плиталары мен металл қоршауларын қондырды. Құрылысты қажетті материалдармен қамтамасыз ету жөніндегі барлық мәселелерді ол жедел шешіп отырды.
1985 жылы 8-ші және 9-шы мамырда салтанатты түрде «Ленин» колхозының төрт ауылы мен Қабырға ауылында ескерткіштер ашылды. Көп адам қатысқан митингте катонқарағайлықтар мен «Ленин» колхозы ауылының тұрғындары алдында мерекелік шараға арнайы шақырылған қазақтың қабырғалы ақыны Ғафу Қайырбеков шабыттана сөйлейді. Кейін, Алтайға алғаш келген әйгілі ақын өз көзімен көргенінен алған әсерімен республикалық «Лениншіл жас» газетінің оқырмандарымен бөліскен. Газет беттерінде оның катонқарағайлықтарға арнаған «Алтай азаматы» атты поэмасы жарық көрді. Ақынның Үлкеннарын және Катонқарағай аудандарына ұмытылмас сапар шегуі жөнінде 1985 жылы шілде айында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Алтайдың асқар биігінде» атты публицистикалық мақаласы шыққан.
Ескерткіш тақтаның ашылуына келген егде адамдар көздеріне жас алып, алыстағы бауырластар қабірлерінде жатқан, аттары бүгіннен бастап ескерткіштердің мәрмәр тастарында алтын әріптермен жазылған ағайындары мен туыстарын еске алды. Кішігірім Үштөбенің көптеген тұрғындары ескерткіштен майданға аттанған 82 ауылдастарының соғыс аяқталғаннан кейін өз ауылдарына 62-сінің оралмағанын оқып қатты толғанған еді. Қызыл армия қатарына шақырылған Яры ауылы 112 тұрғындарының тек он сегізі ғана өз ауылына тірі оралған болатын. Майемердегі ескерткіштің плиталарына қаза болған 84 азаматтың аты жазылды. Ал бұл қазақ ауылының жалпы алғанда 116 тұрғыны фашист басқыншыларымен шайқасқан. Өз Отанын соғыста қорғаған новоберезовкалық 155 жауынгердің 93-і қазаға ұшыраған еді. Адамзат тарихында кеңес халқының ең қанды соғыстағы Ұлы Жеңісінің бағасы қарапайым халық үшін өте қымбатқа түскендігін осыдан-ақ байқауға болады.
2004 жылы зейнетке шыққанына он бес жыл болған, сексен жасқа толған Б.Кітапбаев Қабырға ескерткішіне екінші рет дем беріп, оны айтарлықтай кеңейтеді. Соғыстан аман оралған үлкеннарындықтар мен қатондықтардың және де облыс пен екі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан адамдардың аттары жазылып, суреттері басылған қосымша мәрмәр плиталары қондырылған. Бұл жоба жөнінде келесі материалдарда айтатын боламыз.
Қабырға ескерткіші отыз жыл бұрын қойылған. Қазір ол жергілікті мектеп оқушыларының қарауында. Олар өздерінің аталары мен бабаларының жауынгерлік ерлігін еш уақытта ұмытпайды. Ескерткіштің қасында мектептің салтанатты шаралары өткізіледі. Нысан жергілікті мағынадағы тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
ТУҒАН ЖЕР ӨЗІҢ ДЕГЕНДЕ…
1985 жылы мамыр мейрамында аудан орталығынан он бес шақырым қашықтықта, Бұқтырма өзенінің сол жиегінде орналасқан Жаңа Үлгі ауылында да ескерткіш ашылды. Мектеп ауласында орналасқан ескерткіш соншалық айбынды емес және тым қарапайым болып көрінеді. Оның плиталарында қаза болған жаңаүлгіліктердің есімдері де жоқ. Олар Қабырғадағы ескерткіште жазылған. Ескерткіш мәтінінде шалғайда жатқан бұл кішкентай ғана қазақ ауылының жетпіс тұрғыны фашист басқыншыларынан туған жерлерін қорғап, өз өмірлерін ұлы Жеңіс үшін қиғандары, ал олардың ерлігі үшін ұрпақтары алғыстарын айтып, мәңгілік естерінде сақтайтыны айтылған.
Б.Кітапбаев 1924 жылы Жаңа Үлгіде туған. Ол осы ауылда өсіп, осы ауылда оқып, білім алды. Балалық бал күндерін өткізді. 1941 жылы шілде айында он сегізге де толар-толмастан әскерге шақырылған. Әкесі Кітапбай Мәжіковтің арғы аталары осы өңірді мекендеген Қаратай руының Шоңмұрындары.
Бошекеңнің туған ауылына деген сүйіспеншілігі мен құрметі ерекше еді. Катонқарағай ауданының қазақ халқы арасындағы оның кеңінен танымалдығы да осыдан. Өйткені, 1950 жылдан бастап ол бұл ауданда ешқашан тұрмаған және жұмыс та істемеген еді ғой. Бірақ та, ол өндіріс жұмыстары бойынша онда өте жиі болып тұрды. «Ленин» колхозы Катонқарағайдың екі орман шаруашылығында және де кейін Марқакөлдің орман шаруашылығында отыз жыл бойы іске жарамды ағаш дайындаумен ауқымды айналысқан. Сонымен қатар, әр жылдың мамыр айында, Ресей Федерациясының Алтай аймағындағы (жергілікті сленгте «Зеленка» деп аталатын) биіктегі таулы жайылымдарға, ал қоңыр күзде қайтадан Катонқарағай жерінде өтетін мал айдау трассаларымен колхоздың көптеген табындары айдап өткізілетін. Шаруашылықтың омарташылары да өздерінің омарталарын сонда орналастырып, Алтайдың бозды-бетегелі балын «шайқап» алатын еді. Кеңес заманында Үлкеннарын ауданының совхоз және колхоздарында шалғайда орналасқан жазғы жайылымдар жетіспейтін. Бұл мәселені шешу мақсатында «Ленин» колхозы Алтай өлкесі басшыларының келісімін алып, 1970 жылдардың басына дейін ірі қара малдары мен жылқыларын Қатын өзенінің сол жағалауындағы жайылымдарда жайған. 80-ші жылдардың басында Таулы Алтайдың бас су артериясының оң жиегіндегі Шабанбай жайлауы игерілген болатын. Ол үшін колхоздың Ж.Мешітбаев басқарған орман дайындаушылар бригадасы тез арада көпір салушылар мамандығына ауысуға мәжбүр болып, жиырма үш күн ішінде Алтайдың балқарағайынан көпір салған еді. Қатын өзеніндегі төрт таянышқа қойылған жалпақтығы алты және ұзындығы алпыс метрден астам көпірмен тракторлар да, жүк машиналары да өте беретін. Қаратай руының қазақтары өз табындарын тіпті ХІХ ғасырда Шабанбайдың көкорай жайылымдарына Бұқтырма алқабында орналасқан қыстақтардан жазғы және күзгі жайылымдарға айдап барып отырған. Біздің ойымызша, ол жөнінде бала кезінде көп естіген колхоз басшысын Шабанбайға көптеген онжылдықтардан кейін тек өндірістік қажеттілік қана емес, сонымен қоса өз жерінің тарихына деген таусылмайтын қызығушылығы да әкелсе керек.
Туған ауданының өмір тынысын қатты сезінген Б.Кітапбаев онда болып жатқан оқиғаларға еш уақытта немқұрайлы қарамайтын. 1963 жылы аудандары Үлкеннарын ауданына қосылғаннан кейін, Катон ауылдары жаңа ауданның ең шалғайдағы елді мекендеріне айналғаны катонқарағайлықтардың аға буындарының есінде. Кеңейтілген Үлкеннарын ауданының өзі де Шығыс Қазақстан облысының шекаралық әкімшілік-аумақтық бірлігіне айналды. Бұл қайта құрудың жағымсыз салдарын таратылған ауданның құрамында болған совхоздар тез арада сезіне бастады. Жоспарлы экономика жағдайларында орталықтан бөлініп отырған материалдық-техникалық және қаржы ресурстары бұрын бірден ауданға түсетін. Ал енді, шаруашылық жүргізудің социалистік жүйесіне тән ресурстардың тапшылығын ескеретін болсақ, Катонның кәсіпорындарына тек аудан басшыларына неғұрлым жақын орналасқан Үлкеннарын колхоздары мен совхоздарының сұраныстары орындалып болғаннан кейін, қалғаны ғана жеткізілетін. Бұрынғы аудан совхоздары экономикалық және әлеуметтік дамудың артында қалып отырған, сондықтан халықтың жаппай көшуі басталды. Аймақтағы жағдайды жергілікті халықпен бірге талқылаған Б.Кітапбаев бұл мәселені Шығыс Қазақстан басшылығы алдында көтереді. Қалыптасқан жағдайдан шығу жолын, ол «Катонқарағай ауданының дербес мәртебесін қайтаруда» деп санаған. Әрине, бұл мәселе күрделі болды. Өйткені, ақырғы шешім мемлекет астанасында қабылданып, биліктің жоғары орындарына екі ауданды біріктіру жөніндегі осыдан үш-төрт жыл бұрын өздері қабылдаған ұсыныстарына бүтіндей қарама-қайшы келетін сұранымды жіберуге облыс басшыларына да, бәлкім, батылдық жетпеген болар.
Ең соңында мәселе Қазақстан компартиясы ОК бірінші хатшысы Д.Қонаевпен шешілген еді. 1970 жылдың көктемінде Б.Кітапбаев Мәскеуде болып, КОКП ОК қатарындағы Қоғамдық ғылым академиясының мамандандырылған кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғауға дайындалып жатады. Осы күндері астанаға республика басшысы да ұшып келеді. Ол жөнінде 1963-1966 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің басшысы қызметін атқарған Мәскеудегі Қазақстан Үкіметінің тұрақты өкілдігінің басшысы Өтешқали Атамбаевпен болған сұхбаты кезінде білген Б.Кітапбаев, одан Д.Қонаевтың қабылдауына баруға көмектесуді сұрайды. Келесі күні Ө.Атамбаевтың кабинетінде болған әңгіме кезінде Дінмұхамед Ахметұлы колхоз басшысынан астанаға келуінің мақсатын және оның қандай көмегі қажет болатынын сұрайды. Б.Кітапбаев диссертация қорғауға жәрдемдесу қажет еместігін айтып, өзге мәселе бойынша көмек сұрайды. Ол аудан мәртебесінен айырылғаннан кейін Катонқарағайда қалыптасқан күрделі жағдайды баяндайды. Оны зейін қойып тыңдаған Д.Қонаев пенжағының ішкі қалтасынан қойын дәптері мен қаламын алып: «Жуықта мен КОКП ОК Саяси бюросында Қазақстанда он жаңа аудан құру жөнінде мәселе көтеремін. Дәл қазір, сенің көзіңше, бұл тізімге Катонқарағайды да қосамын» деген екен. Бірнеше күннен кейін Қазақстанның тұрақты өкілі Б.Кітапбаевқа Д.Қонаев одан «катонқарағайлықтардың мәселесі емес, мемлекеттің беделді ғылыми мекемесінде өтетін диссертациясын қорғауға байланысты көмек көрсетуді сұрайды», – деп күткенін айтады. 1970 жылы 4 желтоқсанда Катонқарағай ауданын бұрынғы шекарасында қалпына келтіру туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы жарияланады.
ТҰЛПАРЛАРДЫ ТАЙ КҮНІНЕН ТАНЫҒАН
Дербес мәртебесін қайта алғанынан кейін аудан табысы едәуір дамиды. Материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мен совхоздар қызметінің экономикалық көрсеткіштері де жақсарады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының жоғары қарқынының көрсеткіштері аудандық партия ұйымын мықты шаруагер, ойшыл басшы Олег Демьянович Девятов басқарған жылдарғы көрсеткіштерге орала бастайды. Дәл осы уақытта ауданда жаңа объектілер салу қарқыны өсіп, ауылшаруашылық кәсіпорындарының экономикасы нығаяды. Семей қаласының тумасы О.Девятов зооветинститутты тәмамдаған соң, Шығыс Қазақстанда бас зоотехник, совхоз директоры, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарады. Алған тәрбиесі бойынша ол интернационалист еді. Жергілікті халықтың ұлттық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін жақсы білгендіктен, аудан тұрғындарының зор құрметіне ие болған.
О.Девятов Катонқарағай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін Б.Кітапбаев оған Үлкеннарын ауданы «Калинин» колхозының бас инженері қызметін атқарып жүрген Жанымқан Құндызбаевқа назар аударуын өтінеді. Ол Катонқарағай тумасы, райкомның кадрлар қоры тізіміне кірген. Мұны естіген О.Девятов көп созбақтамай-ақ, «Калинин» колхозының жалғыз мекенжайы болып танылатын Солдатов ауылына іздеп барып, Ж.Құндызбаевпен танысады. Екеуі ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер жайында біраз әңгімелеседі. Бәлкім, тәжірибелі колхоз басшысының ұсынысымен танысып, әңгімелескеннен алған алғашқы әсері Олег Демьяновичке жеткілікті болғандығынан болар, бір-екі айдан кейін Ж.Құндызбаев Катонқарағай ауданының ең ірі «Алтайский» совхозының басшысы болып тағайындалған еді. Үш жылдан кейін ол ауданның ауылшаруашылық басқармасын басқарды. Кейін де Б.Кітапбаев Ж.Құндызбаевтың мансабының жоғарылауына назар аударған. Ол оның іскерлік қабілетінен Катонқарағай ауданының болашақ басшысын көрген. Көптеген трибуналардан және облыстың жоғары лауазымды тұлғалармен болған әңгімелерінде Жанымқан Қаюұлының әлеуетін барынша көрсетіп отырған. 1987 жылы Ж.Құндызбаев Глубокое аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындалады. Араға екі жыл салып Катонқарағай ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады.
Б.Кітапбаевтың туған ауылы, елі, жері жайында айта отырып, оның соғыстың басталуы алдында үздік бағамен бітірген және «Алтайдың алтын ұясы» аталып кеткен Шыңғыстай мектебін айтпай кетуге болмайды. Ауданның рухани өмірінде бұл мектеп орасан зор рөль атқарған. Ол 1907 жылы Мемлекеттік Дума мүшесі, Шыңғыстайдың әйгілі болысы Әбдікерім Ережеповтің бастамасымен екіжылдық орыс-қырғыз приход мектебі болып құрылған. Оқушыларға қазақ-орыс тілінде білім берген бұл шаңырақ Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы ең алғашқы ұлттық мектептердің бірі еді. Кеңес заманында ол толық орта мектеп мәртебесіне ие болды. Семейдің мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін болыстың шақыруымен Шыңғыстайға келіп, қырық бес жыл бойы жергілікті балаларға орыс тілі мен әдебиетін оқытқан М.Комаров 1949 жылы «Ленин» орденінің иегері атанады. Михаил Григорьевичті өзінің өсиеті бойынша жергілікті қазақ зиратына жерлейді.
Катоннан шыққан көптеген әйгілі азаматтар Шыңғыстай мектебінің түлектері. Өткен ғасырдың басында Алтайдың балқарағайынан салынып, тарихи ескерткіш мәртебесіне ие болған Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектеп ғимараты жергілікті биліктің салғырттығынан отынға бұзылып алынған болатын. Бүгінгі таңда ауыл мектебіне Әбдікәрім Ережеповтің аты берілген.
Әйгілі қазақ ақыны, прозаик әрі ағартушы С.Торайғыров 1914-15 жылдары Әбдікәрімнің шақыртуымен Шыңғыстай ауылында қонақ болып, кейіннен болыстың өтініші бойынша жергілікті мектепте сабақ береді. Осы жылдарда «Қамар сұлу» романының авторы Катонның балдай қымызымен денсаулығын түзеп, ел арасында ағартушылықпен айналысады. Пушкин, Крылов, Лермонтов және басқа да орыс қаламгерлерінің еңбектерімен танысу барысында ол М.Комаровтан орыс тілінен дәріс алған көрінеді.
ТАБЫСҚА ТОЛЫ ОТЫЗ ЖЫЛ
Бошай Кітапбаев өмірінің ең жемісті отыз жылы, 1956 жылдың ақпан айынан бастап басқарған Үлкеннарын ауданының «Ленин» колхозында өтті. Жаңадан құрылған шаруашылықтың құрамына Новоберезовка, Жарқала, Майемер және Үштөбе ауылдары кірген. Колхоз, ауданның шығыс бөлігіндегі Нарын жотасының етегінде орналасқан. Осы кезде еліміздің ауыл шаруашылығында маңызды реформалар өтіп жатты. Шағын шаруа артельдері ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына біріккен. 1958 жылы «Ленин» колхозына таулы аймақта орналасқан Огнево, Красная Поляна және Ульяновка ауылдары қосылды. 70-ші жылдардың ортасында болған бес жылдық үзілісті қоспағанда, Б.Кітапбаев 1990 жылға дейін осы колхозда басқарма басшысы қызметін атқарған. Шаруашылық Шығыс Қазақстан облысының ең ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорыны болып танылған. 1974 жылы Үлкеннарын ауданында оның құрамына Ульяновка, Огнево және Красная Поляна ауылдары кірген жаңа «Ульяновский» совхозы құрылады.
Кеңес заманында «Ленин» колхозының орталық бөлімшесінде 3500-ге жуық адам тұрды. Тұрғындарының саны бойынша ол тек аудан орталығынан кейін орналасқан. Қазіргі уақытта ауылда 1420 адам тірлік кешуде. Олардың басым бөлігі оралмандар.
1950-ші жылдардың ортасында Новоберезовка – Нарын өзенінің бойында орналасқан, көбінде саманнан салынған үйлерден тұратын екі-үш көшесі ғана бар шағын ауыл болатын. Ауылда шағын колхозбен қоса 1935-ші жылдан бастап жұмыс істеп тұрған машина-трактор станциясы болды. Ауыл электрэнергиясын 1955 жылы Нарын өзенінде екі колхоз тұрғызған шағын ГЭС-тен алып отырды. Мемлекеттің энергия жүйесіне Үлкеннарын ауданы 1967 жылы қосылады. 30-шы жылдардың басында Новоберезовкада су диірмені салынып, жаз айларында диірменнің тоғаны алдындағы бөгеуде жергілікті қарадомалақтар суға шомылып қарық боп қалатын. Осы су қоймасында аты аңызға айналған диірменде барлық новоберезовкалықтар өніп-өсті десе болады. Көрші ауылдардың барлығын ұнмен қамтамасыз ете білген диірмен шаруашылығын ұзақ жылдар бойы Абрам Смелкин, Петр Ильин, Иосиф Макаров басқарды. 1980 жылы колхоз заманауи вельц диірменін салып, ескісін жем өндіруге жаратқан. Тарихи қалыптасқандай, Нарын өзені Ертістің тармағы болған, ал 1960 жылы ол әлемнің ең ірі бес жасанды су қоймалары қатарына кіретін Бұқтырма су қоймасына құйылды. Өзеннің құйылысында Новоберезовкадан отыз шақырым қашықтықта аудан орталығы Үлкеннарын орналасқан.
Бірінші күнінен бастап қарқынды дамыған «Ленин» колхозының құрылуымен Новоберезовкаға да жаңа өмір келді. Онымен бірге шаруашылықтың орталық бөлімшесі тұрғындарының саны да тез өсті. Тұрғындар іргесінде жер телімдері бар тұрғын үйлерді көтере бастайды. Жас шаруашылық 1950-ші жылдардың аяғында неғұрлым толығады. 1957 жылы ел Үкіметі: «Пайдаланылып болған» – деп, Нарынның сол жақ құйылысы Орта Теректі кішкене өзенінің алқабындағы алтын кен орнын жабады. Ал алтын іздеушілер мен олардың отбасылары Нарын жотасының етегінде, Новоберезовкадан үш шақырым қашықтықта орналасқан Теректі ауылында тұрып жатқан.
Б.Кітапбаевтың жұбайы, біздің анамыз Нағима Рахимованың мектеп жылдары сол Теректіде өтеді. Оның әкесі, Жүніс Рахимов (1888 – 1958 ж.ж.) Бура тегінен болған және барлық өзге де ауқатты адамдар сияқты қуғын-сүргінге ұшырап, мал-мүлкі тәркіленген. «Халық жауының» баласы «қорлық таңбасынан» сақтап қалу үшін, үлкен ұлын тіпті басқа текке тіркеуге мәжбүр болған еді. Ол бірнеше ай бойы Өскемендегі түрмеде отырып, бақытына орай ГУЛАГ лагерьлеріне жіберілуден аман қалады. Педагогикалық ұжымының елеулі бөлігін қоршаудағы Ленинградтан көшірілгендер құрайтын Теректі орта мектебін Н.Рахимова 1944 жылы үздік аяқтайды. Соғыс аяқталғаннан кейін, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филологиялық факультетіне түсіп, 1951 жылы орыс тілі және әдебиеті оқытушысының үздік дипломын алып шығады. Шешеміз зейнетке шыққанға дейін мектепте мұғалім болып қызмет етті.
Кен орны жабылғаннан кейін жұмысшылардың дені колхоздың орталық бөлімшесіне және Майемер мен Үштөбе ауылдарына көше бастайды. Шаруашылық оларға үй салуға көмектеседі. Колхозға кірмек болған теректіліктердің барлығына да жұмыс табылып, жұмысқа орналастыруда ешкім шетте қалмайды. Орталық бөлімшеде тез арада жаңа көшелер пайда болып, Үштөбе мен Майемердегі өмір де жақсара бастайды. Осы ауылдардың тұрғындары саманнан салынған ескі үйлерді бұзып, олардың орнына қажетті қосалқы шаруашылығы бар жаңа ағаш үйлерін көтереді. Олар жүре-бара үйлерінің маңына бақша егуге кіріседі. 1960-шы жылдардың басында «Ленин» колхозы облыста бірінші боп жұмысшылар еңбегіне кепілдікті ақшалай ақы төлеуге көшеді.
Сол жылдары Новоберезовкада отыздан астам жылдар бойы колхоздың өзегі болған ұжым қалыптаса бастаған еді. 1958 жылы шаруашылық еңбектен тапқан қаражатына Новоберезовка МТС-дағы өз үлесін сатып алып, өзінің материалдық-техникалық базасын құра бастайды. МТС директоры Савелий Зубков колхозға ауысып, көптеген жылдар бойы басқарма басшысының сенімді серіктесіне айналған. Машина-трактор паркін басқарған ол көп ұзамай шаруашылыққа қажетті жолдар мен көпірлер салумен айналысады. Оның аты берілген Новоберезовка көшесімен қоса, 60-шы жылдары оның басқаруымен салынған колхоздың орталық бөлімшесі мен Нарын жотасының биігіндегі колхоздың жазғы жайылымына баратын жол С.Зубковтың өз қолымен жасаған ескерткішіне айналды. Орта Теректі шағын өзенінің сайында орналасқан осы жолды көрші шаруашылықтар да пайдаланды.
«Ленин» колхозы алғаш құрылған жылдарынан бастап Катонқарағай ауданында көптеп дайындаған ағаш Алтайда бұрыннан негізгі құрылыс материалы болған. Онсыз тез арада бой көтеріп келе жатқан шаруашылық ауылдарын салу мүмкін емес еді. Уақыт өте келе іске жарамды ағаш өндірісі экономикасының маңызды бөлігіне айналады. Катонның орман шаруашылықтарының аумағында ағашты дайындау жұмысы жыл бойы өте шиеленісті жағдайларда өткен. Ағашты шауып алатын жерлер, алдымен арнайы техника мен ағаш таситын көліктер өтетін жолдар салу қажет болатын. Өйткені, ол жерлер шалғайдағы тау беткейлерінен бөлінген. Осыдан кейін жұмысшылар тұратын баспана, ағаш тілгіштер, техника мен материалдар орналастырылатын орындар дайындала бастайды. Беткейлердің күрделі бедерлері өзендерге бай еді. Әдетте, олардан өтуге жедел көпірлер салынып отырған. Қыста тау жолдарын қалың қар басып қалатын. Оларды тазалап отыру үшін, колхоз ол жерде қуатты бульдозерлерді ұстайтын. Ауданның өзге шаруашылықтарының басшыларында экстремалды жағдайларда ағаш дайындаумен айналысуға аса ықыласы болмаған және де қажетті дағдылары да, техникалары да, тәжірибелі жұмысшылары да жетіспейтін еді.
Өндірісінің көлемі жылына 20-25 мың текшеметрге дейін жететін іске жарайтын ағашты колхоз өз құрылыс бригадасының қажеттілігіне пайдаланып, сатқанын сатып, қалғандарын айырбастап отырған. 1980-ші жылдарда қашан да үлкен сұранысқа ие араланған материал ірі көлемде Талдықорған облысының Панфилов ауданына жіберіліп, ол жақтан колхоз малдарына қажетті қоспажем мен минералды тыңайтқыштар жеткізілген. Сол кездерде Шығыс Қазақстанның шалғайдағы аудандарында қоспажем мен минералды тыңайтқыштар тапшылығы бар болатын.
Колхоздың орталық бөлімшесінде қазақтар мен орыстар, көптеген неміс ұлтының өкілдері, татарлар мен украиндықтар да еңбек етті. Немістер Үлкеннарын ауданына 1941 жылы күздің аяғында Краснодар өлкесінен жер аударылып келген. Он жылдың ішінде олар адамгершілікке жатпайтын жер аударуды және «еңбек армиясы» лагерьлерінің қиыншылықтарын бастарынан кешті. Олардың көпшілігі бастарына түскен ауыр азаптарға шыдамай, қайтыс болып кетті. Көбінесе өз қолдарымен қазылған жер үйлерде тұрды. Ерлерін «еңбек армиясына» алып кеткеннен кейін, әйелдер кішкентай балаларымен ешқандай қолдаусыз қалды және ең төменгі азық-түлік мөлшерімен де қамтамасыз етілмеген.
НЕМІСТЕРДІҢ БАҒЫН АШҚАН БАСШЫ
1955 жылы КСРО Министрлер Кеңесі Ұлы Отан соғысы жылдары жер аударылған халықтарға арналған «арнайы мекендер» тәртібін өзгерткенімен, Үлкеннарын ауданында немістерді жұмысқа орналастыру мәселесі одан кейінгі жылдарда да сақталған болатын. Жергілікті билік оларға бәрібір сенбестікпен және күдікпен қараған.
1956 жылы ақпан айында Б.Кітапбаев «Ленин» колхозын басқарып отырып, немістерді ұжымның тең құқылы мүшелері ретінде жұмысқа алып, оларды жауаптылығы жоғары орындарға қойып, қоғам техникасын сеніп тапсырған. Үй салуларына көмектесіп, еңбекқор адамдарға лайықты өмір сүруге жағдай жасайды. Новоберезовка немістерінің көптеген отбасылары мен әулеттері: Роот, Кригер, Гетте, Мартын, Фрайберг, Драйлинг, Миллер, Байер, Лель, Кельметр, Шанк, Эйберт, Шнейдер, Ортман және тағы басқалар өздерінің ерен еңбегімен колхоздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлестерін қосқан. Олар өндірістік бөлімшелер мен инженерлік-техникалық қызметтерді басқарды. Механизатор, көлік жүргізушісі, дәрігер, мұғалім, құрылысшы, сауыншы болып, сонымен қатар сауда саласында да жұмыс істеді. Олардың арасында, бәлкім, тек қойшылар болмаған болар. Новоберезовка немістерінің барлығын колхоз басшысы өз достарындай санады.
Колхозды басқарудың алғашқы жылдарының өзінде-ақ Б.Кітапбаев кең мамандандыру бағытын таңдаған. Өндірісті әртараптандыру қолайсыз табиғи факторларға қарамастан, экономикасы қуатты, табысты шаруашылық құруға мүмкіндік берді. 1989 жылы «Казгипрозем» институтының Шығыс Қазақстан филиалымен жасалған зерттеулер көрсеткендей, колхоз егістіктерінің 37 пайызы тасты және шақпақтасты жерлерде орналасқан. Жұрттың бәрі білетіндей, тастар құнарлы топырақтың жағдайын нашарлатады және ауыл шаруашылық өнімдерінің шығымдылығын төмендетеді. Сондықтан болар, Майемер және Үштөбе ауылдары маңындағы жерлер іс жүзінде бұрын жыртылмайтын. Олардың бонитеті төмен, 25-35 балл ауқымында. Байырғы заманда ол жерлерде табиғи жайылымдар орналасқан және жергілікті халық мал өсірумен айналысқан болатын.
«Ленин» колхозының құрылуымен қоса, оларға соқасы бар тракторлар мен астық жинайтын комбайндар жете алатын барлық алқаптар тың және шоғыр жерлерін игеру бойынша, елдің директивті органдарының жоспарына сәйкес жыртылатын болды. Шаруашылықтағы егіндікпен айналысуға ең ыңғайлы құнарлы жерлер ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ресей губернияларынан келген шаруалар астық өсірген Жарқала бригадасында болған. Бұл жерлердің бонитет балдары 60-тан асады. Құнарлылығы бойынша көршілес «Жданов» және «Калинин» колхоздарының елге әйгілі қара топырақ жерлерінен олар ешбір кем емес еді. Осы шаруашылықтардың Солоновка, Кішінарын және Солдатово ауылдарын, осыдан біржарым ғасыр бұрын өздерінің мекендері үшін ең құнарлы топырақты таңдаған Ресейдің Томск және өзге де губернияларынан көшіп келген астық өсірушілері салған.
«Ленин» колхозы бірнеше мың ұжымының қажырлы еңбегінің арқасында қуатты, көпсалалы ауыл шаруашылығы кәсіпорнына айналды. Шаруашылық мемлекетке бидай, қара бидай, қарақұмық, күнбағыс тұқымдарын, сұлы, арпа, бұршақ, ет, сүт, жүн сатты. Дәнді, майлы, мал азығы дақылдары мен қарақұмық пен картоп салынған егістіктер алаңы 12 мың гектардан астам болса, шабындық жерлері бес мың гектар, жайылымдар 30 мың гектарды құраған. 4500 гектарда колхоз мүшелерінің қолымен құрылған суландыру жүйесі құрғақшылық жылдарында да қоғам малына арналған жемдерге деген шаруашылықтың қажеттілігін қамтамасыз еткен. Суармалы жерлерде көпжылдық шөптердің екі-үш оруын алған. Сүрлемге жіберілетін жүгерінің шектен тыс түсімін алып отырды. Осы уақытта ауданда өңделетін жерлердің бірде-бір гектары суарылмайды. 1980-ші жылдардың басынан бастап колхоз мелиораторлары салған суландыру каналдарының бетон арналарымен Нарынның суын егістіктерді суаруға жіберетін болды. Сол уақыттарда колхоз өз күшімен бір жарым айдың ішінде Орта және Төменгі Теректі ағысына қосылып және ары қарай науа-құбырлар арқылы Новоберезовка мен Үштөбе бригадаларының алқаптарына баратын 13 шақырымдық арық салды. Бұл өте күрделі жоба еді. Оның ойдағыдай іске асырылуының себебі Маралихадан су алу тоғанының дәл таңдалуында болды. Кейін облыс басшылары өзге шаруашылықтарға үлгі ретінде келтірген колхоздың суландыру жүйесінің құрылысында оның бас жобалаушысы болған Ж.Старшинаевтың алғырлығы толық көлемде көрінген. Оның таптырмайтын көмекшісі, тәжірибелі гидротехник, қолынан келмейтін ісі жоқ шебер, нағыз дарынды Рудольф Лукьянович Роотты атамай кетуге болмайды. Колхоз басшысы арнайы мелиоративті және өзге де техникамен қамтамасыз ету, адам ресурстарын жұмылдыру, туындаған барлық технологиялық сұрақтарды жедел шешу сияқты барлық ұйымдастырушылық жұмыстарымен айналысқан. Колхоз алқаптарында жеті «Фрегат» және оннан астам «Волжанка» жаңбырлатқыш қондырғылары іске қосылған. Өзі жүретін «Фрегат» машиналарының су құбырларындағы судың қажетті қысымына мелиораторлар жердің табиғи еңкіштігін тиімді пайдалану арқылы жететін болған.
«Ленин» колхозының қой отарларында 30 мыңнан астам бас болған. Ал ірі қараның саны 7000-ға жуық еді. Оның ішінде 2000-ы – сауынды табын. Колхоздың табынындағы жылқылардың саны шамамен 2500 болды. Нарын жотасының жиегінде, Үштөбе маңында қазақтың ет-сүт тұқымды жылқысын өсірумен айналысатын асыл тұқымды ферма құрылды. Осы фермада 500-ден астам жабы бие болған. Колхозшылардың жеке шаруашылығында да мал көп еді. Ет және қымыз бағытындағы жылқы өсірумен қатар, колхозда әр уақытта бәйгеге жүйрік аттарды жарату жұмысы да белсенді өткізілді. Шаруашылықтың омарталарында бір жарым мыңнан астам балара ұялары болды. Колхозда құрылыс саласы қарқынды дамыды. Өз кірпіш зауыты да болды. Бұл өз күштерімен тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар салуға мол мүмкіндік берді. Жаз маусымында колхоздың құрылыс бригадасы болашақ үйлердің қабырғалары мен шатырын көтеріп, ал қыста едендерін төсеп, ішкі жөндеу жұмыстарын өткізетін. Бұл технология қыс маусымында да адамдарды жұмыспен қамтуда қосымша мүмкіндік берді. Осындай ұлан-асыр жетістіктерден кейін облыс билігінің ұсынысымен Новоберезовкаға тұрғын үй салудағы тәжірибемен танысуға өзге аудандардан делегациялар көптеп келе бастайды.
ЖЕТІСУДАҒЫ ЖЕМІСТІ ЖЫЛДАР
Б.Кітапбаев 1973 жылдың наурыз айынан бастап Талдықорған облысының КОКП ХХІІ партсъезі атындағы атақты колхоздың ұжымын басқарды. Талдықорған ауданының барлық өзге де колхоздары сияқты оның шаруашылығы да суармалы алқаптарында қант қызылшасын өсірумен айналысқан. Сонымен қоса, колхозда сүтті мал шаруашылығы мен қой өсіру де дамыған. Колхозшыларының жиырмадан астамы елдің ең жоғары марапатына – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Колхозда жұмыс істеген бес жыл ішінде суармалы егіншілікті ұйымдастыруда Б.Кітапбаев үлкен тәжірибе алады. Қызылша өсірушілері суды ұқыпты пайдалануды білетін көршілес Қырғыз елінде бірнеше рет болып, тәжірибе алмасады.
1978 жылы қарашада Б.Кітапбаев өзінің туған «Ленин» колхозы басқармасын қайта басқарып, 1990 жылдың көктемінде зейнеткерлікке шыққанға дейін осы қызметте болады. Ол жұмысқа қайта келгенінде, колхоздың жағдайы нашар еді. Бухгалте