Денсаулық сақтау

Төр Алтайда обыр дерті неге өршіп тұр?

Катонқарағай – қысы қатал, жазы қоңыр салқын, табиғаты адамға да, малға да жайлы аудан. Іргетасы қаланғалы Үлкен Нарын, Катонқарағай болып дербес аталып келген екі аудан 1997 жылдары біріктіріліп, әкімшілік орталығы Үлкен Нарын болып бекітілген. Алғаш қосылған жылы аудан халқының саны 53 мыңның үстінде болса, қазір 27-28 мыңның о жақ, бұ жағында ғана көрінеді.

Төр Алтайда обыр дерті неге өршіп тұр?

Тозығы жеткен көліктер көптің көңілін тауып жүр


Осы елдегі отыз мыңға жетер-жетпес халықтың денінің саулығы, дүние есігін ашып жатқан жас нәрестелерінің сау-саламат сапқа қосылу кепілдігі Катонқарағай аудандық ауруханасына аманатталған. Ондағы терапия, жұқпалы аурулар мен балалар, сондай-ақ, хирургия және перзентхана бөлімшелері күн-түн демей тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бүгінгі күні ауруханада жалпы саны 226 адам қызмет атқаратын болса, солардың 27-сі – жоғары білімді дәрігерлер, 112-сі – орта буынды медицина қызметкерлері.

Таңғажайып табиғаты кімге де болса таңдай қақтырар Катон жеріне жолымыз түскендегі ат басын тіреген алғашқы нысанымыз осынау медициналық бірлестік болды. Өзін «2012 жылдан бері Катонқарағай аудандық ауруханасының бас дәрігерімін» деп таныстырған Сәуле Байгереева Семей мемлекеттік медициналық институтының 1984 жылғы түлегі екен.

– Өзім осы жерден аса қашық емес, Солоновка ауылының тумасымын. Негізгі мамандығым – жұқпалы аурулар дәрігері. Ең алғашқы қызметімді өз мамандығым бойынша осы ауруханада қатардағы дәрігерліктен бастағанмын. Ел болған соң қай кезде болмасын медицина қызметіне жүгінетіні белгілі. Аудан бойынша 15 медициналық пункт бар. Оның ішінде акушерлік-фельдшерлік пункт және Поляковка, Солоновка және Алтынбел ауылдарында үш отбасылық амбулатория жұмыс істейді. Биыл ауданға тоғыз медициналық жедел жәрдем автокөлігі бөлінеді деп күтілуде. Одан үш жедел жәрдем мен бір қызметтік көлік аудан орталығына бөлінсе, бір қызметтік көлік пен төрт жедел жәрдем көлігі Катонға берілетін болады. Бәрі ойдағыдай болса, алдағы уақыттарда келіп те қалар. Әзірге көненің көзіндей болса да, күндіз-түні халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан тоғыз көлігіміз бар. Әрине, олар ескі, сосын техника болғасын сынбай тұра ма? Ондайда қолынан іс келетін аға механигіміз жүргізушілерді жұмылдырып дегендей, барымызды жамап-жасқап, бұзылғанын жөндетіп қояды. Әзірге осы көліктерімізбен көптің көңілін аулап отырған жайымыз бар, – дейді бірлестіктің ішкі-сыртқы тыныс-тіршілігін алақанға салғандай етіп баяндаған бас дәрігер.

Бұрынғы аудан орталығы болған Катонқарағай ауылындағы аурухана ғимараты жаңа екен. Мемлекеттік «100 мектеп, 100 балабақша» бағдарламасы бойынша салынып, 2009 жылы ғана ел игілігіне беріліпті. Онда ауру түрлерінің алдын алып, түрлі тексерістерден өткізетін, сырқаттарға қажетті ем-дом жасайтын жаңа құрал-жабдықтар орнатылған. Қазір жергілікті медицина мамандары барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетуде.

Ауырмайтын жол іздеп, ауыл жұртымен жиі кездеседі

– Аудан бойынша екі перзентханамыз бар. Оның біреуі осында, аудан орталығында болса, екіншісі Катонқарағайда орналасқан, – деп әңгімесін жалғастырды Сәуле Исайқызы. – Бір жылдары айы-күні жетіп, толғақ қысқан аналарды перзентханаға жеткізуде шешімін таппаған мәселелердің болғаны рас. Ол кездегі елдің жағдайын өздеріңіз де білесіздер. Көлік болса, жанармай жоқ, жанармай табылса, көлік жүрмей қалады дегендей. Қазір шүкіршілік деп айтайық, ол күндер келмеске кеткен. Ауылды жерлердегі әр отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың өз көліктері бар. Тіпті, болмай жатса орталықтан көлік жібереміз. Сонымен қатар, жүктілік басталған күннен бастап, әр ана жеке тіркеуге алынып қана қоймай, үнемі жергілікті мамандардың қадағалауында болады. Әзірге дер кезінде дәрігерлік жедел жәрдем көмегі көрсетілмей қалуының салдарынан орны толмас өкінішті жағдайлар болған жоқ, болмай-ақ та қойсын.

Ауруханаға түскен жандарға дәрігерлердің медициналық қызмет көрсетуі міндет екендігі айтпаса да түсінікті. Десек те, бірлестіктің алға қойған негізгі мақсаттарының бірі ел арасындағы ауру-сырқаудың алдын алу шаралары көрінеді. Осы бағытта бірлестік қызметкерлері ауыл-ауылды аралай жүріп, тұрғындарды, мектеп оқушыларын арнайы тексерулерден өткізіп тұруды тұрақты жолға қойыпты. Тоқ етерін айтар болсақ, катондық дәрігерлер тайлы-таяғымен «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидасын мықтап қолға алған сынды. «Табиғаты тамаша, экологиялық жағынан ауасы таза» дейтін Катонқарағай өңірінде онкологиялық дерттің көбеюі жергілікті дәрігерлерді көбірек алаңдататын секілді.

– Өкінішке қарай, аудандағы онкологиялық аурудың көрсеткіші көңіл көншітерліктей емес. Осы дерттің статистикалық мониторинг нәтижесі бойынша жыл сайын азаюдың орнына, үдеп келе жатқандығы қынжылтады. Сондықтан облыстық денсаулық сақтау басқармасына жыл сайын өзімізге қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыстар беріп тұрамыз. Биыл бес аппаратқа тапсырыс бердік. Соның бірі және бізге өте қажеттісі ФГДС деп аталатын, асқазандағы жараны анықтайтын аппарат болса, тағы бірі «Колоноскоп» дейтін тік ішек пен тоқ ішектегі ісікті анықтайтын аппарат. Сондай-ақ, реанимация бөліміне жас туған нәрестелерге жасанды жолмен тыныс алдыру аппараты мен 12 каналды ЭКГ аппаратын да таяу уақытта алып қаламыз ба деп отырмыз. Бұл аппараттардың тілін меңгеріп, былтырдан бері жұмыс істеп жатқан хирургтарымыз бар, – дейді бас дәрігер.

Білікті кадрларын қадірлей білген бірлестік


Жалпы, отандық медицинаның бір олқы соғып жататын тұсы білікті мамандардың жетіспеушілігі екендігін былайғы жұрт жақсы біледі. Өңіріміздің аудандарында жетіспей жататын кадр мәселесін айтпағанда, Өскемен мен іргедегі Семейдің өзінде бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғандығын білеміз.

Сөз реті келгенде Катонқарағай аудандық медициналық бірлестігі бұл мәселені қандай жолмен шешіп жатқандығын сұрағанбыз.

– Бізде кадр мәселесі толық шешімін тапқан деп айта алмаймын, – дейді бірлестік басшысы. – Дәл қазіргі уақытта бұл мәселенің өткір туындамауына зейнет жасына келген немесе зейнет жасынан асқан тәжірибелі мамандар зор үлес қосып отыр. Егер жастары келсе де, халыққа қызмет көрсетіп жүрген осы мамандарымыз демалысқа шығамын десе, біз оларды мәжбүрлеп ұстай алмаймыз. Мұндай жағдайда кадр жетіспеушілігі айқын көрініс табары сөзсіз. Сондықтан ол кісілер бізге, біз оларға түсіністікпен қарап, бір сапта қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Әрине, бұлай жалғаса бермесі де белгілі. Жыл сайын сәуір айында Семейде өтетін мамандар жәрмеңкесіне қатысып, қажетті мамандарға сұраныс жасаймыз. Сосын 2008 жылдан бастап, аудан әкімдігінің толық қаржыландыруымен арнайы білім алып жатқан жас мамандарымыз бар. Биыл солардың алғашқы үшеуі оқуларын тәмамдап, өз қызметтерін туған жерлерінде бастайтын болады. Ондай жас мамандарымыз келер жылы бітіретіндер арасында да бар. Олар бюджеттен бөлінген қаржыға білім алғандықтан, келісімшартта көрсетілгендей, міндетті түрде бес жыл осы ауданда алған мамандықтары бойынша жұмыс істеулері керек.

Серік Құсанбаев

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button