Денсаулық сақтау

Түпнұсқа мен балама дәрілердің әсері бірдей

Түпнұсқа мен балама дәрілердің әсері бірдей


Облыс әкімдігінің Контакт-орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановпен тікелей байланыс өтті.

– Менің 2002 жылы туған ұлым Ярослав Бехтерев ауруы бойынша диспансерлік есепте тұр. Жылдың басында балама эмбрел препараты жазылып, порталға тіркелген болатынбыз. Қалада бұл дәрі болғанымен, біз тіркелген №18 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда жоқ. Инені айына төрт рет алу керек, әрқайсысы 280 мың теңге тұрады.

-2018 жылдың 5 мамырында сіздің балаңыз тіркелген орталық емханадан эмбрел препаратымен қамтамасыз етуге қосымша өтініш түскен болатын. Сіздің балаңызға эмбрел препаратының 4 инесі берілді. Бұл сұрақ емдеу мекемесінің бас дәрігері Мұхаметқалиеваның бақылауына алынды. «СК-Фармация» ЖШС-нің мәліметі бойынша, қараша айында аталмыш емханаға тағы 24 ине препарат жіберіледі.

-Менің алты жастағы ұлым Мирас бала кезден мүгедектікте, эпилепсия, сал ауруына ұшыраған. Топамакс препараты Өскеменде жоқ, Астанадан 20 мың теңгеге алғызған кездерім болды. Жағдай қашан түзеледі?

– «Топамакс» дәрісі «СК-Фармация» ЖШС-нің кестесіне сәйкес Өскемен қаласындағы №1 емханаға наурыз, мамыр және маусым айларында жеткізілген. Енді осы айдың ішінде тағы да келу керек.

– Мен тегін препараттар алу кезегінде науқастардан «дәрі-дәрмектердің түпнұсқасы болмаса, балама түрін (генерик) ішпейміз, тастай саламыз» деген сөздерді жиі естимін. Бұған қыруар қаражат бөлінеді. Бәлкім бұл жағдайды сіздердің мамандарыңыз сауалнама жүргізіп, зерттеуі керек?

-Өте дұрыс сауал қойдыңыз. Біз сіздің ұсынысыңызды қабылдап, алдағы уақытта облыстың бас мамандарымен бұл мәселені зерттеп, шешуге тырысамыз. Ал препараттарды лақтырып тастайтындарға айтарым: түпнұсқа мен балама түрінің арасында айырмашылық жоқ. Бұл препараттар құрамы, әсер етуі жағынан бірдей. Сол себепті тегін алып, тастай салмас бұрын ойланыңыздар: бәлкім басқа бір науқас үшін осы препарат дәл қазір ауадай қажет шығар.

-Менің анам Наталья Федоровна 1 топтағы зағип, диагнозы – қант диабеті, №3 ОДА-ға тіркелген. Бұрын қант диабетіне қарсы глюкофаж және амарил препараттарын беретін, жақсы көмектесуші еді. Биылдан бастап глюконил дәрісін береді, одан жағдайы тіпті нашарлап кетті.

-Анаңыз тіркелген емханаға қан құрамындағы қант мөлшерін төмендететін (глюконил, антарис) препараттары 10 тамызда түскен, келесі партия осы айдың ортасында түседі. Диабетке қарсы препараттарды бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС халықаралық патенттелмеген атауларымен алады. Мысалы, глимепирид (амарил мен антарис) және метформин (глюкофаж пен глюконил). Қандағы қанттың мөлшерін сақтау медикаментті өндірушіге байланысты емес, дәрігердің препараттың дұрыс мөлшерін тағайындауы мен оның нұсқауларын уақытында орындауға байланысты дер едім. Сіздің анаңызға жергілікті эндокринологқа қаралып, гликирлі гемоглобинге қан талдауларын қайта жасату керек. Соның нәтижесі бойынша диабеттің асқынуының алдын алуға болады.

– Менің 1999 жылы туған ұлым Дарханның денсаулығы күннен-күнге төмендеп барады. Оған асқазан жарасы, орталық клапанның пролапсы диагноздары қойылып, ревматизм, артрит диагноздарына күмән бар. Үш айдан бері стационарға жатқыза алмай жүрмін. Үйден алған емнің әзірге әсері болмай тұр.

-Сіздің ұлыңыздың медициналық тарихымен таныстым. Семейдегі №5 емханаға тіркеліпті, кардиолог, гастроэнтеролог мамандардың кеңесін алған, барлық талдаулар жасалған, ЭКГ, ЭХОКГ, ФГДС, іш құрылыстарының УДЗ сияқты аппаратты тексерулерден өткен. Тағайындалған ем Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен емдеу хаттамасына толықтай сәйкес келеді. Студент балаңызды денешынықтыру пәнінен босату жөнінде анықтама берілген. Алдағы уақытта хирургтің кеңесін алу қажет. Дәл қазір стационарға жатқызатындай медициналық корсеткіштер жоқ. Емді қабылдағаннан кейін, қайта тексерген кезде, ауруханаға жатқызу қажеттілігі туып жатса, балаңызға ол қызмет түрі көрсетіледі.

-Мен учаскелік медбикемін. Бізге жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті уақытында төленбейді. 2017 жылы сәуірде төлесе, биыл мамыр айында берген. Сондай-ақ кейбір медициналық ұйымдарда дифференциалды ақша төлеу бар, кейбіреуінде жоқ. Бухгалтерлер ештеңе түсіндіріп бере алмайды. Бұл келеңсіздік қашан жойылады?

Түпнұсқа мен балама дәрілердің әсері бірдей

– 2017 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтерді төлеу комитеті арқылы көрсетілген. Ал 2018 жылдан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асады. Қызметтерді бір қолдан екіншісіне өткізу және қаржыландыру құжаттарына түзету жүргізудің салдарынан биыл қаңтар-сәуір айының төлемдері тек мамырда төленді. Қазір жағдай түзелді, жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті енді ай сайын төленеді. Ал еңбектің дифференциалды төлемі емдеу мекемесінің қаржыны қалай үнемдеуіне байланысты қарастырылады. Бүгінгі жағдайда көптеген медициналық ұйымдарда шығындардың барлық түрінен қарыз қалыптасқан, ешқандай үнемдеушілік жоқ.
Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілетін медициналық қызметтердің тарифін қайта қарап, оларды көтеру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

-Мен бес жыл бойы учаскелік медбике болып істедім. Ауылға көшіп келіп, бұл жерде де осы қызметке орналастым. Жаңа жұмыс орнымда маған жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонентін тек үш ай сынақ мерзімі біткеннен кейін ғана төлейміз дейді. Бұл қаншалықты заңды?

-Еңбек шартына отыру кезінде қызметкердің тапсырылатын қызметке сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі тағайындалуы мүмкін. Сынақ мерзімі еңбек шарты жұмыс істей бастаған сәттен есептеледі. Оның мерзімі үш айдан аспауы және еңбек өтіліне енгізілуі тиіс. Біз сөз етіп отырған мысалда қызметкер жұмысын ауыстырған жоқ, ауылды жерге жаңа қызметкер ретінде қабылданды. Жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті сынақ мерзімі аяқталған соң төлене бастайды.

-Қария адамдарға үйге тек учаскелік терапевт дәрігер ғана келеді. Жуықта менің әкемнің белі ауырып, жуынатын бөлмеге сүйемелдеп, әрең апардым. Невропатолог үйге келмейді. Сонда не істеуім керек?

– Жүруге жарамайтын науқастар үйге дәрігер шақыртқан кезде терапевт барады. Не болмаса, терапевтің нұсқауымен салалық дәрігер келеді. Қызмет шақырту түскен күні көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ биылдан бастап жедел жәрдем қызметі төрт дәрежелі шақыртумен көрсетіледі. Төртінші шақырту созылмалы дерттері бар науқастарға қызмет көрсетуге арналған. Жедел жәрдемге телефон шалса, мұндай шақыртулар бірден науқас тіркелген емханаға түседі де, сол жерден қажетті маман келу керек.

– Катонқарағай ауылының тұрғындарынан елді мекендегі аурухананы сақтап қалса деген хат түсті. Осы жағдайды түсіндіріп берсеңіз?

– Катонқарағай ауылындағы ауданаралық аурухана «100 мектеп, 100 аурухана» жобасының шеңберінде бой көтерген, типті ғимарат. Алайда емдеу мекемесін салған кезде, ауылдың нақты қажеттілігі ескерілмеген. Соның салдарынан ғимараттың 60 пайызы пайдаланылмай бос тұр. Біз осы жағдайдың бәрін зерделеп, аурухананы сатып алу құқынсыз, сенімді басқару үшін жеке қолға беруді жөн деп шештік. Бірақ мемлекеттің меншігінде қала береді. Біз біріншіден, оның мәртебесін сақтап қалдық. Екіншіден, жеке инвестор аурухананы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жаңа қызмет түрлерін ұсынады деп үміттенеміз. Үшіншіден, науқастарды емдеуде, оңалтуда халықтық медицина тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді. Мысалы, шөппен емдеу, қымыз беру, ине салу сияқты әдістер қолданылады.

Әзірлеген- Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button