Тойдан соңғы ой
Адамзатқа ақыл, ойы ортақ Абай атамыздың торқалы тойы ешқашан да тоқырап та, тоқтап та көрген емес. Ол қазақ халқы жасаған сайын қоса жасасып, ой мен санада жаңғырығып жалғасын таба береді. Біз білетін сондай тойлар – ақынның 100, 125, 150, енді, міне, 175 жылдығы.
Торқалы тойға дейін атқарылар істің жүйелі жоспары ауқымды еді. Шындығын айтайын, өз басым іс-шарамен танысқаннан-ақ екіұшты ойда болғам. Айналасы бес-алты айда істеле қоймайтын қыруар шаруа санама күдік ұялата бастады. Әсіресе Қарауыл ауылында жиырмадан астам тұрғын үй салу, жаңа модульді мектеп тұрғызу, Ақшоқыда Құнанбай қажы мұражайын ашу, аудан орталығында Абай саябағын салу, Жидебайдың сипаты мен тұрпатын бүтіндей өзгертіп, жаңа мазмұнға келтіру сияқты әрі ұзақ уақытты, әрі қыруар қаржыны керек ететін шаруаларды аз мерзімде атқарып, аяқтау ақылға сыя қоймайтындай еді.
Кенет! Шайдай ашық аспаннан төбемізге жай түскендей болдық та қалдық. Коронавирус! «Байтал түгіл бас қайғы». Үйден шықпай үйкүшік болған қара басымыз қайран бабамыздың аруағына сиынып тыпырладық та қалдық. Шындығын айтайық, облысымыздың басшысы Даниал Ахметов те біз сияқты пенде ғой, коронавирусқа байланысты Абай тойына арналған барлық жұмысты кейінге қалдыра тұратын шығар деп те ойлағанбыз.
Жоқ, қателесіппіз. Арғы Семей жақты білмеймін, бергі Абай ауданының шекарасынан бастап ақын елі үлкен құрылыс алаңына айналып кетті. Күндіз-түні құм, топырақ тасып, арлы-берлі ағылған автокөліктер мен алып тракторлар үні жер жаңғырықтырады. Уақыт тіліне де, коронавирустың жүгіне де бағынбай, тасты жарып, тауды қопарған мыңдаған адамның мысын ештеңе тойтара алған жоқ. Ал содан не шықты дейсіз ғой, айтайын!
Сырт Қасқабұлақ
Ұлы ғұламаның кір жуып, кіндік кескен жері. Ақын бауырым Бауыржан Жақып жырлағандай, «Абайдың Қасқабұлағы» бұл. Неге екенін білмеймін, осы ара осы уақытқа дейін көзге де түспепті, көңілге де алынбапты. Рас, бұрнағы жылдары Абай ауданының бұрынғы әкімі, марқұм Б.Үйсімбаев бұлақ басындағы төбеге қара граниттен құлпытас орнатқан болатын. Бірақ ол кісі де шалшыққа айналып, балдыр басқан, қасиетті бұлақ басын бүтіндей абаттандыра алмады. Өз басым осы арада жыл сайын республикалық Абай оқуларына қатысушы балаларды ақын шәкірттеріммен бірге қарсы алатынмын. Бірақ бұлақты көрсетуге дәтім бармайтын. Беті жап-жасыл болып жаз бойы борсып жататын, жүздеген жылқы үйіздеп, шыбындап тұратын бұлақты не деп көрсетеміз. Қонақ балалардың бірі «Абай атаңызды ардақтағаныңыз осы ма?» деп қалса, не бетімізді айтамыз. Хош, осы жерге енді келіңіз. Алла Тағала данышпандықтың нұрын сіңіріп, қасиетін дарытқан Қасқабұлақ басы бүгін бүтіндей абаттандырылған. Жер баспайсыз, өрнекті тастар төселген өрлеу жолмен құлдыйлап барып мөп-мөлдір бұлақ көзінен су ішесіз, қайтарыңызда Абай атамыздың ұлылыққа толы ұлағатты сөздерін гранит тастардан оқисыз. Сол сәтте-ақ санаңыз өзгеріп сала береді. Осындай оңалған ойға, күмбірлі күйге түсірген қолына дерт бермегір құрылысшы азаматтарға алғыс айтасыз. Ең бастысы, қасиетті жердің табан асты қалмай, қайтадан ұрпақтар зердесіне оралғанына қуанасыз.
Ақшоқы
Бұл жер мен Семей – Қарауыл трассасының арасы 18 шақырымдай. Көтерме тастақ жолы болғанмен біраз бұрылыс. Абай ауданына келуші қонақтардың бара алмайтыны да сондықтан. Биыл мұнда да керемет жұмыстар атқарылды. Құнанбай қажы қорымы қайтадан толықтырылып, осында жатқан ұрпақтарының басына жаңа құлпытастар орнатылды. Айнала өрнекті төсеніштер төселіп, демалатын алаңқайлар жасалды. Ең бастысы, Құнанбай қажы мұражайы салынып, ішіне құнды жәдігерлер қойылды. Сөйтіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абайды айтқанда оның әкесі, сайын сахара кемеңгері Құнанбайды да ұмытпауымыз қажет» деген келелі ойының алғашқы парағы да ашылып, арманымыз орындалды. Шіркін, енді осы Ақшоқы ешкім бара алмайтын, ешкім көре алмайтын елдің шетіндегі, желдің өтіндегі елді мекен болып қалмай, туристер келетін орынға айналса ғой. Ол үшін, әрине, асфальт жол салынып, Ақшоқы саяхат маршрутына енгізілуі керек. Абайды толықтырудың бір жолы да осы емес пе?
Жидебай
Жидебайдағы өзгерістің басы бұрылыстан-ақ көрініп тұр. Мазмұн мен мағынаға бай көрікті стела қиырдан көз тартады. Бұл жерде алыстан келген жолаушыларға демалып, бел суытып алуға жақсы жағдайлар жасалған.
Жидебай! Жарықтық Абай бабамыз бен Шәкерім атамыздың мәңгілік пана тауып жатқан жері. Қаншама өзгеріске түсті, қанша қасиет танымастыққа ұшырады, тіпті біздің бала кезімізде ақын мүрдесін Семей шаһарына апарып қайта жерлеу жөнінде ұсыныстар жасалып, Тобықты шалдарының «шатақ» мінездерінің арқасында аман қалғаны да бар. Топырақтарың торқа болғыр сол адамдар сол кезде ұрпақ болашағын қатты ойламаса, біздің де бүгінгідей Абай ауданы болып отыруымыз екіталай еді ғой…
Бабамыз ең алдымен төрт құлақты зиратта, інісі Оспанның қасында жатты. Онан кейін басына мрамор тастан ескерткіш обелиск орнатылды. 1995 жылға дейін біз сол ескерткіштің мәрмәр тасы мен жұмыр қара шынжырлы қоршауын сипалап келдік.
Әлі есімде, халқымыздың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков Абайға келген бір сапарында осы ескерткіш басында тұрып: «Әй, Хафиз, сен білесің бе, мына шынжырлар ненің белгісі?» – деп салды. Сөзден де, ойдан да көп тосыла қоймайтын Хафиз (Матаев) ағамыз жөпелдемеде жөн таппай, кәдімгідей күмілжіп қалды. Соны байқаған Өз ағам: «Білмесең, мен айтайын, мұндай жуан шынжырмен орыстар суға кетіп өлген матростардың басына белгі қояды, Абай орыс емес қой, – деді де, – аманшылық болса, Абайдың 150 жылдығына дейін бұл қателікті сіз боп, біз боп түзетеміз», – деп бір қуантып тастады.
Әйтсе де Жидебайдың түлеп, жаңғыруын біз Егемен еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бастаймыз. Елбасының «Абай – қазақ халқының бойтұмары» деген қанатты сөзі бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да іс-әрекетінен айқын көрініс тауып жатыр. Соны біз бүгінгі Жидебайдың адам танымастай болып өзгергенінен көреміз. Алғаш құрылысшылар келіп, кесененің іргетасын бұзып, астан-кестенін шығарып жатқан кезде шыбын жаным шырқырап, «мынаның соңы қалай болар екен» деп күдіктенгенім де рас. Енді бүгін қарасам, ертегідей. Талай жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмей, азып-тозып бара жатқан қос кесене айналасы төрт-бес ай шамасында айтарлықтай кейіпке еніпті. Ең бастысы, бірінші қабаттағы айналмалы бос орын бүгінгі күні тіршілік көзін ашқан. Құдды бір дала музейі сияқты. Кезінде бұл кесене авторы Бек Ибраевтың да арманы болған. Естуімше, ол осы идеясы орындалмай қалғаны үшін өзіне берілген Мемлекеттік сыйлықтан да бас тартқан ғой.
Қос кесененің айналасы ақық тастармен абаттандырылған. Әр жерге мрамор, гранит тастарға ойып жазылған ақынның қара сөздері де келушілерді таңғалдырмай қоймайды. Жазда жаңбыр суы, қыста қар толып қалатын амфитеатрдың үсті хрусталь шынымен көмкеріліп, күмбезделген. Көз тойдырып, көңіл семіртеді.
Қарауыл
Қарауыл ауылына кіреберісте бірден көзге шалынып, көңіл өсіретін жаңа нысан – Абай лицейі. Небары үш-төрт айда салынып, пайдалануға берілді. Жаңадан бірнеше тұрғын үй салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Қарауыл тауының етегіне қарай бірнеше нысан көш түзеді. Сол көштің басында, сөз жоқ, Абай саябағы тұр. Осы саябақ жөнінде бір кезде дау-дамай туғаны да рас. Бәзбіреулер саябақтың сырт сұлбасын фотосуретке түсіріп алып, «абайлықтар қазақтың домбырасын қорлап жатыр» деп даурықса, енді біреулер «айдалаға саябақ салып не керек» деп көкезуледі. Оны қойшы, өзім ізденіпмаздығын, алғырлығын аса жоғары бағалайтын бір абайтанушы азаматым қалалық «Семей таңы» газетінде жарияланған мақаласында «Абайлықтарға саябақ неменеге керек, ол қаржыны одан да абайтанушы ғалымдардың еңбегіне жұмсамай ма» деп ақылгөйлік жасады. Ал кейбір өзіміздің ақсақалдарымыз «қу медиен далаға саябақ та, тұрғын үй де салып керегі жоқ, ол жерде бір кезде «Дерикар» зауыты жұмыс істеп, улы заттарын төккен, халықты уламауымыз керек» деп қамқорсынды. Қойшы, әйтеуір, қашан саябақ салынып біткенше, ел еліруін қоймады. Сонда да саябақ салынды. Қазір сенбі, жексенбі күндері мұнда халық лықа толы. Әсіресе әткеншек теуіп, әртүрлі спорттық құралдармен шынығып балалар мәз, олардың шаттығы мен қуанышын көрген ата-аналар да дән риза. Сонда деймін-ау, Қарауыл етек-жеңін созыңқырап ертең қала болса, кімге зиян?
Ұрпақ қамын ойлаған біздің де арманымыз сол емес пе?!
Сонымен, Абай тойы аяқталды, «Абай күні» күнтізбеге, тарихқа енді. Бұл той бір жыл бойы жалғасып келіп, 10 тамыз күні қорытындыланып отырады деген сөз. Астанада ашылғалы жатқан Абай институты да – ақын тойының жемісі.
Мен – Абай елінің қазіргі ақсақалдарының бірімін. Жұртымның жақсылығына қуанып, жамандығына суалып отыратын жанмын. Сондықтан да Абай бабамыздың 175 жылдық тойының аясында атқарылған жоғарыдағыдай қыруар жұмыстарды көріп, біліп отырып, үндемей қалуды жөн санамадым. Ақын ретінде де ел атынан іскер азаматтарға рақмет айтуға толық хақым бар деп ойлаймын. Ел атынан мың алғыс! Құдайым мынау алапаттан аман-есен шығарып, Абай тойын адамзат тойына жалғастыра беруге жазсын!
Төлеген Жанғалиев,
Ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Абай ауданының Құрметті азаматы