«Дидардың» қонағы

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ: – Американың қос ұшағын алдап соққаным бар

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ:  -  Американың қос ұшағын алдап соққаным бар

ТӨБЕСІНЕ ХАН КӨТЕРГЕН ЕЛ-ЖҰРТЫМА РАЗЫМЫН

Жақында қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш-сынақшы, отставкадағы авиация генерал-майоры Өскеменге ат байлаған сапарында батыр ағамызбен жүздесіп, әңгімеге тартқанбыз.

– Тоқтар аға, Шығыс еліне қош келіпсіз! Қыстың көзі қырауда қыдырып жүрмеген шығарсыз. Ендеше, әңгімемізді осы сапарыңыздың мақсатынан бастасақ.

– Иә, еліміздің Шығыс өңіріне бұрын да бірнеше рет жолым түскен. Өзің айтпақшы, сақылдаған сары аязда сонау Сарыарқадан қыдырып келген жоқпыз. Бұл келісіміздің мақсаты да, маңызы да зор деп білемін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы» деген болатын.
Елімізде тірлік кешіп жатқан жүздеген ұлт өкілдері мемлекетіміздің жарқын болашаққа жетуі үшін бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай береке-бірлікте болып, қолымыздан келгенінше еліміздің көркейіп, өсіп-өнуіне өз үлесімізді қосуымыз керек. Бұл – баршамыздың азаматтық, патриоттық борышымыз.

– Былайғы жұрт ел арасына кеңінен танымал адамдардың сыртынан қарап-ақ: «Апыр-ай! Неткен бақытты адам?!» деп жатады…

– Мен әкемнен небары болғаны жеті айлығымда жетім қалып, анамның тәрбиесінде болған адаммын. Арқасүйер әкемнің тәрбиесін көре алмадым демесем, жалпы, өзімді бақытты адаммын деп ойлаймын. Бала күнгі қиялыңнан туып, қол жетпес арманыңа айналған дүниеңе талмай жүріп ізденіп, күндердің күні сол арманыңа қол жеткізу үлкен бақыт. Неге екенін білмеймін, мен бала күнімнен «Ұшқыш болсам» деп, көкке ұшуды аңсап, армандадым. Жолымдағы кездескен кедергілерді жеңе біліп, үлкен мансаптардан бас тарта жүріп сол арманыма жеттім. Ұшқыш болған соң, әскери ұшақтарды сынайтын ұшқыш-сынақшы болсам дедім. Оған да қолым жетті. Ғарышқа ұшсам ғой деп армандадым. Алла тағала ол тілегімді де қабыл етті. Бүгін мен Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының тұңғыш ғарышкері, қаһарман ұлы болдым. Генерал-майор деген әскери шенім бар. Екі балам, немерелерім бар. Еліміздің қай түкпіріне барсам да, ел-жұртым төбесіне хан көтеріп қадірлейді. Ондай елден айналып кетпейсің бе. Бір сөзбен айтқанда – адам баласына не керектің бәрі бар менде. Осыдан артық қандай бақыт керек?
Жас ұрпаққа айтарым, бақытты болу – көздеген мақсатыңа, аңсаған арманыңа адал жолмен қол жеткізу. Өтірік айтпаңдар. Өтірік ешқашан да өрге басқан емес. Осыны естен шығармаңдар.

– Әскери ұшқыш, ғарышкер ретінде сіздің есіміңіз шетелге де танымал. Осы уақытқа дейін өз салаңыздың тәжірибелі шебері ретінде өзге мемлекеттерге шақырған ұсыныстар болды ма?

– Ұшқыш-сынақшы мамандығым бойынша ең әуелі Американың қазіргі «Боинг» компаниясы бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасаған. Бірақ мен «Өз елімде, туған Отанымда болуым керек. Қолымнан келгенінше өз елімнің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға тиіспін» деп шештім. Әрине, байлық қуып, мансап қуып кетіп қалсам, қазір бәрі басқаша болар ма еді?

ТУҒАН ХАЛҚЫН ГИННЕССТІҢ КІТАБЫНА ЕНГІЗГЕН ТҰЛҒА

– Тоқа, сіз есіміңіз Гиннесстің рекордтар кітабына енген адамсыз. Осы құрметті атақ не үшін берілді?

– Негізі Гиннесстің рекордтар кітабына не нәрсені болмасын, ең тұңғыш жасаған адамдарды тіркейді. Ал онан кейін ол неше мәрте артығымен қайталанып жатса да бәрібір. Осындай мүмкіндік маған да берілді. Жалпы, ұшақтардың көкке көтеріліп кетуі үшін екі шақырымдық ұшу алаңы қажет. Кеңес Одағының авиаконструкторларының сол кездердегі бір жобасы бойынша бар болғаны жүз қадамнан сәл ғана асатын ұшақ алаңы бар ұшақ таситын кемеден тұғыр арқылы ұшақ ұшыру сынағын өткізетін болды. Бұл жобаның әуелгі нұсқасы бойынша тұғырдың көлбеулігі жеті градус болады деп белгіленген. Алайда, мамандардың есебі бойынша бастапқы белгіленген көлбеулікте ұшақ ұшыру мүмкін еместігі анықталып, оны екі есеге арттырды. Сол белгіленген 14 градустық көлбеулікпен, бар-жоғы 110 метрлік ұшақ алаңынан ұшақты бірінші болып әуеге көтерген мен едім. Мұндай жаңалық жерде жата ма, көп ұзамай Гиннесстің рекордтар кітабынан хабарласып, келісімімді алды.

– Тоқтар аға, сіздің атыңызбен аттас «Тоқтар» деп аталатын картоп сорты бар дейді, сол рас па? Бар болса оның өзге картоп түрлерінен артықшылығы неде?

– Жалпы, ғарыш кеңістігінің адамзат баласына берері өте мол. Біздің ғарыштық сапарымыздың сәтті өтуіне сол тұстағы Қазақстан ғалымдарының жасаған ғылыми бағдарламалары көп көмектесті. Медицина саласына да біраз үлес қостық деп ойлаймын. Ал Қазақстанның биологтары ғарыштан әкелінген анализдердің қосындысынан өзің сұрап отырған картоптың түрін ойлап тауып, оны менің құрметіме «Тоқтар» деп атапты. Ол картопты мен жеп те көрдім. Кәдімгі картоп секілді, бірақ, мәселе оның құрамындағы құнарлылығында ғой деймін. Өзге өнімдерден артықшылығы – картоптың ол сорты суыққа және құрғақшылыққа өте шыдамды болып шығыпты. Мысалы, көктемде картоп еккеннен кейін ауа райы бұзылса картопты суық шалып қап жатады ғой. Осындай жағдайда ол картоптың түрі сыр бермейтін көрінеді. Суға да солай, ұзақ уақытқа дейін су ішпесе де не өліп, не солып қалмай, бастапқы қалпын сақтап тұра береді де, суарған соң қайтадан жайқалып өсіп кететін қасиеті бар екен. Нағыз біздің қазақтың картобы емес пе?

ӘСКЕРИ ҚҰПИЯНЫ ӘШКЕРЕЛЕУГЕ БОЛМАЙДЫ

– Солтүстік полюсте болғаныңыз жайында естіген едік, сол сапарыңызға тағы бір оралсақ.

– Қалай десем екен. Ол енді өз басымда ешқашан қайталанбайтын және екінің бірі болғысы келсе де, куә бола алмайтын жағдай. Жер дүниенің бәрі аппақ. Көзің жеткен жерге дейінгі кеңістіктің барлығы ақ қарға оранып ап, бір сәтке мүлгіп кеткен секілді. Жер шарының осы бір ең суық нүктесі саналатын Солтүстік полюске ұшып барып, кері қайту үшін – бара жатқан жолыңда бір мәрте, қайтар жолыңда және бір мәрте әуеде, арнайы ұшақтан жанармай құйып алуың керек. Өйтпесең ұшақтың багындағы жанармай межелі жерге жетпейді. Сосын еш жерге қонбайсың. Өйткені, онда қонатын жер жоқ. Әлденендей қауіп-қатер төнетін болса, ешкім саған көмек қолын да соза алмайды. Ал ұшқышқа жүктелген құпия тапсырмадан бөлек, сол кездегі Кеңес авиациясының бас конструкторы қол қойған арнайы нұсқауда (инструкция) «Егер ұшақ апатты жағдайға тап болса, ұшқыш отырған жерінен автоматты түрде (катапультирование) атып жіберетін тетікті басып, өзіне бекітілген табельдік қарумен өз-өзін атуға міндетті» деп көрсетілген. Алайда, нұсқауда айтылғандай өміріме қауіп төндірер жағдай болған жоқ. Сапарымды сәтті аяқтап, аман-есен жерге қондым.
Дегенмен, қайтар жолда мен өзге мемлекеттің шекарасын бұзғандықтан, диспетчердің: «Абай болыңыз! Сіздің ұшағыңызды АҚШ-тың екі бірдей ұшағы бақылауға алды» деген ескертуін алдым.

– Өзге мемлекеттің шекарасын абайсызда бұзып алдыңыз ба, болмаса жоғары жақтан сондай тапсырма алып па едіңіз?

– Оның барлығын тәптіштеп жатпай-ақ қояйын. Қаншама уақыт өтіп кетсе де «әскери құпия» болып қала берсін. Әлгі ұшақтың бірі сағатына үш мың шақырым жылдамдықпен ұшатын, «Қара құс» деп аталатын Американың аты шулы истребителі болатын. Менің мінген ұшағым дәл осы истребительге қарсы жарақталған құрылғылары бар техника еді. Бірақ өкінішке қарай, осы сапардағы жер шалғайлығы ескеріліп, «ұшаққа жеңіл әрі жанармайға үнем болсын» деп, барлық құрылғылар алынып тасталған.
Енді не істеу керек?
Рациямен сөйленген сөздердің барлығы радар арқылы естіліп тұр. Содан басыма бір ой сап ете қалды да, дереу диспетчерге: «Менің ұшағымнан ақау шығуына байланысты оқыс әрекетке баруға мәжбүрмін» деп хабарладым. Ол жақтағылардың еш нәрсенің байыбына бара алмай, абдырап қалғаны белгілі. Сосын оларға барлығын түсіндіріп жатуға уақыт жоқ. Сөйттім де, арнайы кнопканы басып қалып, сырт пішіні кәдімгі ракетаға ұқсас бос бакты астымда ұшып келе жатқан американдық истребительге тастап жібердім. Ол да мені аңдып келе жатыр ғой, дереу жалт берді. Біраз уақыттан соң өз жөндерімен кетті. Осындай да бір қызық болған.

ҒАРЫШТАН ШЫҒЫС ЖЕРДЕГІ ЖҰМАҚ СЕКІЛДІ КӨРІНЕДІ

– Сіз анаңыздың тәрбиесін алғандығыңызды, осы күнге жеткеніңіз үшін ең әуелі Аллаға, сосын аяулы анаңызға қарыздар екендігіңізді үнемі айтып жүресіз. 1991 жылы тұңғыш қазақ ғарышкері болып ғарышты бағындырып келгеніңізде халқымыздың бесіктегі баласынан төрдегі ақсақалына дейін бөркін аспанға атып шаттанған болатын. Осы бір бақытқа, шаттыққа толы сәттеріңізді анаңыз көре алды ма?

– Дәл осы сауалды күтпеді ме, болмаса, түн ұйқысын төрт бөліп әлпештеп өсірген аяулы анасы есіне түсті ме, әлгінде ғана әзілдесіп, көңілді отырған тау тұлғалы батыр ағамыздың жүзі өзгеріп сала берді. Қай кезде болмасын күлімдеп тұратын қос жанары мұңданып, дауысында болар-болмас діріл пайда болғандай.
– Менің ғарышқа аман-есен барып келген, бүкіл халқым қуанып, бақыттан басым айналған шақтарымды марқұм анам көре алмады. Кей күндері осыны ойлап кетсем, жүрегім сыздап, анама деген балалық құштарлығым байыз таптырмай кетеді. Бұл енді солай болуы керек болған шығар. Өзіммен бірге туған әпкем бар еді. Ол кісі де қайтыс болды. Қазір кәрі жездем бар, сол кісіні алақаныма салып отырамын.

– Шығыс жұртына нендей тілегіңіз бар?

– Шығыс демекші, космостан бақылағанда, өзге өңірлерге қарағанда мынау Алтай, Шығыс Қазақстан аумағы жап-жасыл, бейне бір жердегі жұмақ секілді көрінеді екен. Осы елдің халқына мұндай шұрайлы да, шұғылалы жерді жаратқан Алла берді ғой. Сондықтан бұл елдің ұлдары Алтайдың шыңдарындай асқақ, қыздары Ертістің суларындай мөлдір, адамдары өжет болулары керек деп білемін.
Елдің берекесі мен бірлігі кетпесін. Көздеген ұлы мақсаттарға бірге жетейік!

Әңгімелескен – Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button