Ауыл шаруашылығы

Төрт түліктің жемшөбін қамдап алды

Азамат Темірбеков

 Облыста мал азығын дайындау жұмыстары толық аяқталып, төрт түлікке қажетті жемшөп әзірлеуде жетістікке жеткен аудандар анықталды.

Жемшөпті қыстың бір-екі айына ғана дайындап, арғы жағын «көре жатармызға» салып қоятын шаруашылықтар соңғы жылдары қытымыр қыстың азабын қатты тартқаны белгілі. Қатарынан бірнеше жыл жаз мезгілінің құрғақ болып, көк майсаның күйіп кетуі салдарынан қолдағы төрт түлігін азайтуға мәжбүр болған олар өсімдік шаруашылығын жолға қоймайынша, мал шаруашылығын дамыту мүмкін еместігін түсінгендей. Нәтижесінде, соңғы уақытта өңірдегі шаруашылықтар мал азықтық дақылдар өсірілетін алқаптар көлемін біртіндеп ұлғайта бастады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының газет редакциясына жолдаған ақпаратына сүйенсек, биыл өңірде мал азықтық дақылдар өсірілетін алқаптар көлемі 128,3 мың гектарға жетіп, оларға мал азық болар дәнді дақылдар, дәнді-бұршақ дақылдары, жүгерісіз сүрлем, азықтық жүгері мен біржылдық және көпжылдық шөптер отырғызылған.

– Бүгінгі күні облыста мал азығын дайындау жұмыстары толық аяқталды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов. – Анықтап айтсақ, 995,1 мың тонна пішен, 84,1 мың тонна пішендеме дайындалып, 169,3 мың тонна сүрлем жабылды. Сонымен қатар 127,3 мың тонна концентрацияланған жемшөп дайындалды.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, қазір мал азықтық дақылдарды өсіруде Ұлан, Күршім және Катонқарағай аудандарының шаруашылықтары жақсы нәтиже көрсетіп, алдыңғы қатарға шыққан. Атап айтсақ, алдағы қыс қамын қамтамасыз етуді мақсат еткен ұландық шаруалар 47 мың гектардан астам алқаптан мал азығын жинаса, күршімдіктер 22 мың, ал катонқарағайлықтар 17,8 мың гектар алқаптан жемшөп дайындап үлгерген.

Біз бұған дейін төрт түлікті төлдеген кезде қысқа ғана уақытқа қолда ұстайтын Тарбағатай ауданында мал азығына қатысты мәселе барын жазған болатынбыз. Жаздың құрғақ болып, шөп түсімінің нашарлауы бұл ауданның қырдағы елді мекендеріндегі жұртшылықты біраз әуреге салып қойғаны белгілі. Мал азығының аз болып, жылда ағылып келетін мал сатып алушылардың болмауы көпшіліктің көңілін күпті қылды. Дей тұрғанмен, аудан әкімі Дархан Жөргекбаев бұл мәселені шешуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынып, көрші орналасқан Көкпекті, Самар аудандарындағы шаруашылықтармен мал азығын жеткізуге қатысты келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтқан еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да өңіріміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан аудандар биыл мал азығына қатысты мәселеге бас қатырмайтынын хабарлады.

– Қазіргі уақытта Тарбағатай ауданы бойынша 5,9 мың гектар алқапқа мал азықтық біржылдық және көпжылдық шөптер егілген, – дейді Рамиль Сағандықов. – Ұлан ауданы бойынша 47,3 мың гектар алқапқа мал азықтық дақылдар егілсе, оның 0,17 мың гектары жүгерісіз сүрлемге арналып, 1,7 мың гектарына азықтық жүгері, ал 45,4 мың гектарына біржылдық және көпжылдық шөптер егілген. Зайсан ауданы бойынша мал азық болар біржылдық және көпжылдық шөптер 9,7  мың гектар алқапқа себілген.

Осылайша, тек жайылымға ғана қарап отырмай, егіс алқаптарын да кәдеге жарата білген кейбір шаруашылықтар бұл аудандардағы мал азықтық базаның берік болуына үлес қосып жатыр.

 

Осы айдарда

Back to top button