Мерейтой

Төр Алтайдың тарихын зерделеген

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

 Төр Алтайдың тарихын білгің келсе, жазушы, зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқтарбек Мағзұмовтың шығармаларын оқыған дұрыс. Тегінде, дәл осы қаламгердей  Төр Алтайдың тарихына ешкім де терең бойлай қойған жоқ. Жақында ғана Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада өткен жазушымен  кездесудің   «Төр Алтай тарихын зерделеген» деп аталуы да әсте тегін болмаса керек.

Бір атап айтарлығы, Тоқтарбек Мағзұмов «Алтайдың жыршысы» атанған жазушы Оралхан Бөкейдің туған жиені. «Үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашыдан» дейді қазақ. Шығыста Тоқтарбек Нұржақыпұлын Оралхан Бөкейдің жиені болғаны үшін ғана төбеге көтеріп, құрмет көрсететіндер жетерлік. Дегенмен, Тоқтарбек Мағзұмов қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегі бар жазушы. Ұзақ уақыт  өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында еңбек етсе де, Тоқтар Нұржақыпұлы  қызмет қарбаласынан қолы қалт еткенде, қолына қаламы мен қағазын алып әдебиет пен тарихқа да үлкен үлес қосыпты.
Өзі туып, кіндігі кесілген туған жерінің тарихы мен тағылымын зерттеуді, аруақты ата-бабаларының есімі мен елге сіңірген еңбегін зерделеуді өзінің азаматтық парызы санапты.   Жазушының шаң басқан мұрағаттарда отырып, көз майын тауысқан еңбегі ақталып,  «Райыстан Оралханға дейін», «Жазушы жолы», «Алтай өрнектері», «Қыз суреті», «Байберді асуы», «Алтай Алашы» секілді сүбелі кітаптарды оқырманға ұсынды.

Кездесуде Тоқтарбек Нұржақыпұлы оқырмандарға Оралхан Бөкей туралы, атамекен тарихы жайлы тағылымды әңгімелерін айтып берді.

Өзінің айтуынша, Тоқтарбек Мағзұмов та  Катонқарағай өңірінен шыққан өзге қаламгерлер секілді  жазуды мектеп қабырғасынан, 1973 жылы  сегізінші сынып оқып жүргенінде бастаған екен. Бірақ кейін мектепті бітірген соң коммунистік партияның  саясатымен басқа мамандыққа кетіп қалады. Әңгіме арасында ол жазушы Қабдеш Жұмаділовтің  «Алтайда туғандар, Алтайда өмір сүріп,  кіндік қаны Алтайда тамғандардың көбі жазуға, аңыз-әңгімені әсірелеп, мәнерлеп айтуға шебер» деген бір сөзін келтірді. Осы орайда өзінің де жазуға жақын болуына Алтай жерінің әсері бар екенін айтты.

Кездесуде жазушы өзінің «Райыстан Оралханға дейін» атты деректі хикаятының жазылуына не түрткі болғанын да әңгімелеп берді. Айтуынша,  Оралхан Бөкейдің 60 жасқа толған мерейтойында    біраз ағалары Тоқтарбекке қолқа салған көрінеді. «Оралханның шығармаларын оқырмандардан бастап бәріміз білеміз. Оның шыққан тегі мен ата-бабалары туралы сендей білетін ешкім жоқ. Білмегеніңді Оралханның әпкесі, өзіңнің анаңнан сұрап аласың. Ақиқатты өз анаңнан сұрап неге жазбасқа?» деген ағалар сөзі қолына қалам алуына себепкер болады. Оның үстіне Қабдеш Жұмаділов:

–  Әй, осы сен бізбен бірге жүрсің, жазатын қабілетің бар. Соны сен өз қолыңа алсаңшы, міне, туған шешең қасыңда отыр. Шежіре жібін тарқатып, Оралханның шығармасымен қатар оның ары қарайғы бабаларына дейінгі шежірені жазу саған жүктеледі,  дейді.

Сол сөз аманат секілді көрініп, «Райыстан Оралханға дейін» атты деректі хикаят өмірге келеді. Ал Тоқтарбек Мағзұмовтың «Жазушы жолы» кітабының жазылуына  Оралхан Бөкейдің жетпіс жасқа толған мерейтойына орай жарыққа шыққан жеті томдық кітабының кейбір жерінде кеткен  қателіктер себеп болыпты. Онда Оралханның өмірбаянында біраз қателіктерге жол берілген. Оралхан  мектеп бітірген соң, бірден тракторист болған жоқ.   Тоқтар Нұржақыпұлының айтуынша, Оралхан мектеп бітірген соң консерваторияға оқуға түсіпті.  Құман Тастамбеков,  Кәдір Жетпісбаевтармен бірге студент атанады. Бірақ анасы  жарықтық ұрсып, ауылға  шақырып алған екен. Ауылға келгеннен соң Оралхан алдымен пионер вожатый болады. Содан тракторист болып еңбек етеді.  Одан соң Катонқарағай аудандық «Арай» газетінде корректор,  кейін облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет істейді. Одан кейін қайтадан Катонқарағайдағы «Арай» газетіне редактордың орынбасары болып келеді. Редактордың орынбасары болып жүрген кезінде Шерхан Мұртаза   Жаңарқадағы Ақселеуді, Атырауда жүрген Фаризаны, Шығыстан Оралханды Алматыға шақырып алады.

Екіншіден, Оралхан әдебиеттің есігін өлеңмен ашқан. 1959 жылы 16 жасында «Алтай» деген өлең жазған. Ол кезде Оралхан тоғызыншы сыныпта оқиды. Осы екі кітапты да жазу үлкен ағаларымның аманаты еді, деді кездесуде Тоқтарбек Мағзұмов.

Бүгінде 65  жасқа толып отырған қаламгерді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Ұлықбек Есдәулет  пен Астанадан ақын Ғалым Жайлыбай құттықтап, бейне тілектерін жолдады.  Тоқтарбек Мағзұмовтың  шығармаларының шынайылығымен, қарапайымдылығымен, тілінің шұрайлылығымен  ерекше екенін айтқан  Ұлықбек Есдәулет жазушыны мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

     Әрбір қаламгер   жеке тұлға. Тоқтарбекпен біраз жылдан бері таныстығым, білістігім, жолдастығым бар. Өткенде менің қолыма оның  соңғы   «Алтай өрнектері» атты кітабы тиді. Бас алмай оқып шықтым.  Ондағы Тоқтарбектің «Райыстан Оралханға дейін»  атты эссесінен бастап Алтайдың, өзі туған өлкенің тауы мен тасын, жан-жануарын, жердің, елдің шежіресін жазған жазбаларының бәрі  маған қатты ұнады. Осы кітап туралы «Ана тілі» газетіне мақала да жарияладым. Жалпы, ол әдебиетке өмірден келген жігіт. Елдің ішінде, өзінің өскен өлкесіндегі дана қариялардың сөзін тыңдап, соны жадына сақтап, бізге,  бүгінгі ұрпаққа сондай бір аяулы тілмен ұсынып отыр. Алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілеймін. Қаламың қолыңнан түспесін,  деді өзінің бейне құттықтауында ақын Ғалым Жайлыбай.

Осыдан кейін кездесуге қатысушылар Тоқтарбек Мағзұмовтың таяуда «Абай әлемі» сериясы аясында жарық көрген «Алтай өрнектері» кітабы бойынша геймификация ойыны сұрақтарына жауап берді.

Тоқтарбек екеуіміз жерлеспіз, бір ауданнанбыз. Катоннан ары қарай Бұқтырманың сол жағалауымен жоғары өрлей берсеңіз, Жұлдыз деген шағын ауыл бар. Тоқтарбектің кіндігі сол жерде қиылған. Екіншіден, Тоқтарбек –  Оралханның жиені, Бөкейдің туған қарындасынан туады. Бәлкім, Оралханның жиені болған соң Тоқтарбектің жазбасына болмады. Оның үстіне «қасқа айғырдан қасқа тумаса да, төбел туады» дегендей, бұл  осы пенделердің арасына тастап кеткен Оралханның сарқыты. Тоқтарбектің басты қасиеттерінің бірі  шежірешілдігі. Оның жадысы  өте мықты. Шежіре жазу үшін көз майын тауысып, архивтерді қопару керек. Мен өзім осы Катонқарағайда Тоқтарбек мен Бошай Кітапбаев аға екеуінің жадысын мойындаймын.

Тоқтардың мамандығы –  агроном. Агрономдардың негізгі міндеті жердің құнарын тексеру, топыраққа тыңайтқыш шашу болса, Тоқтар қазір сол агрономдықтың екінші қырына көшті. Өзінің туған топырағының тарихын, соның құнарын зерттеп жүр. Анау сүйегі әлдеқашан қурап, жеті қат жердің астында жатқан Әбдікерімді тірілтіп әкеліп ортамызға қосты. Жақында Тоқтарбектің «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген «Алтай өрнектері» кітабы  Алтайдың шежіресі. Жалпы, арттағы ұрпаққа елдің өткенін, елдің шежіресін  біреу жазып кетуі керек қой. Тоқтарбек сол ауыр міндетті мойнына алған жігіт,  деген Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

Ал С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева  Тоқтарбек Нұржақыпұлының кеудесіне «Абай» төсбелгісін тақты.

Сондай-ақ Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымы Бердібек Бияров, ғалым Б.Щербаков және «Алтай Изумрудный» журналының бас редакторы Геннадий Пуссеп жазушыны мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Осылайша «Төр Алтайдың тарихын зерделеген» атты танымдық-тағылымдық кездесу өз мәресіне жетті.

 

 

Осы айдарда

Back to top button