МерейтойТұлға

Тектіліктің тамыры тереңде жатады

Серік Құсанбаев

 Менің Павлодар облысында 18 жыл тірлік кешіп елге, яғни, туған жерім Шығыс Қазақстанға оралғаныма биыл 19 жыл болады екен. Осы аралықта аудандар мен қалаларды айтпағанда, облысымызда алты әкім ауысыпты. Олардың қай-қайсысы болмасын шама-шарқынша атқарған жұмыстарына тиісті бағаларын алып жатты.

Газетте жүргесін барлығымен болмаса да қайсыбірімен  сапарлас тіпті дәмдес те болдық, жиындарына қатысып, сұхбат алдық дегендей. Кеткен адамның сыртынан ғайбат сөйлеп, артынан топырақ шашатын әдетім жоқ.

Дегенмен осы азаматтардың арасынан бөле-жара Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев жайында бірер сөз айта кетсем деп едім. Б.Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысына бертін, 2009 жылы әкім боп келді.

Иә, ол кісі мазасыз болатын. Ол кісі үшін «Сенбі, жексенбі немесе мереке күні деген секілді дүниелердің бары мен жоғы бірдей ме?!» деп қалатынбыз. Қай жерде айғай-шу, қай жерде қарғын су, қай өңірде боран-шашын, сол жерде Бердібек Мәшбекұлы жүретін. Әсіресе, көктем-күз айларында, апта сайын тікұшағына журналистерді толтырып ап, аудан-ауданды аралап кететін. Бір сөзбен айтсақ, ол кісі не өзі демалмайтын, не өзгелерді демалдырмайтын.

Бір ғасырлық тарихы бар «Рудный Алтай» мен «Дидар» газеттері бірі тақ, бірі жұп күндері үзіліссіз шыққан кездері де болған. Облыс орталығы Өскемен қаласында адамзаттың ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішінің ашылуына да Бердібек ағамыз көп еңбек сіңірді. Жыл сайын «Шығыс шынары» атты республикалық ақындар мүшәйрасы да осы тұста нағыз шарықтау шегінде болатын. Сол кезеңде облыс бойынша жылына екі мәрте көктем-күз айларында жаппай сенбіліктер өтіп тұрғандығын да жұрт ұмыта қойған жоқ.

Б.Сапарбаевтың ерекше іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеті жайында, қазақилығы мен ұлтжандылығы жайында да ұзақ сонар естелік жазуға болады. Менің айтайын дегенім мүлдем басқа болатын.

1998 жылдың жазында еліміздің астанасы Сарыарқа төріне көшіріліп, Ақмолада ресми тұсаукесер салтанаты өтетін болды. Су жаңа Астананың қақ төрінен берілген аранайы алаңға әр облыс, әй, жоқ дегенде он үйден әкеп тіккен болар. Ол үйлердің ішкі-сыртқы безендірілуін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр облыс өзінің батыр бабаларымен, от тілді, орақ ауыз ақын-жыршыларымен,  қаламгер жазушыларымен, спортшыларымен, кәсіпкерлерінің жеткен жетістіктермен мақтанып, қолөнер шеберлерінің жасаған дүниелері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін көрмеге қойып дейсіз бе, тұсауын кескелі жатқан Астана төрі әп-сәтте ұлан-асыр тойға айналған.

Мен ол кезде Павлодар облыстық мәдениет басқармасының қызметкерімін. Біраз өнер адамдары бар, облыстың басшы-қосшылары бар киіз үйіміздің қасында әнімізді айтып, күйімізді тартып, келген-кеткен қонақтарды қарсы алып, шығарып сап, елге қызмет етіп жатырмыз.

Бір кезде қасында біраз нөкері бар, сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жағалай тігілген киіз үйлерді тамашалай кеп, Павлодардың қосынына  ат басын тіреді.

Осы сәтте, сол кездегі Павлодар облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айым Мукарамқызы сол жердегі өнер адамдарын меймандарға таныстыра бастады да, кезек маған келгенде:

–   Мынау, талай-талай Республикалық айтыстың жеңімпаз-жүлдегері Серік Құсанбаев деген біздің айтулы  ақынымыз, – деп мені де таныстыра бастаған.

Осы сәтте Бердібек Мәшбекұлы: – О, Серік бауырымызды білеміз ғой. Мен Оңтүстік Қазақстанда әкім боп тұрғанымда айтысқа да келген. Айтыстан соң меймандарға арналған арнайы дастарқанда қатар отырып дәм татқанбыз. Солай емес пе, Секе? – деді жылы жымиып.

Енді, болған нәрсені қалайша болған жоқ дейсің?!

–   Әрине, Бердібек аға, бәрі есімде. Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер! – деп меймандостық танытып жатыр едім, Бердібек ағамыз:

–   Біздің елде ақындар қара сөзбен емес, өлеңмен сөйлейді, солай ғой жігіттер?! – деп маңайындағы нөкерлеріне қарады, жымиған қалпы.

Сол екен әлгілері бір-бірімен ақылдасып алғандай:

–   Бердібек Мәшбекұлы дұрыс айтады. Біз Сыр сүлейлерінің еліненбіз. Қара сөзбен айтылғанды көп түсіне бермейміз, –   деп әзіл-шынын араластыра шулап қоя берді.

Әкім ағамыздың ақын інісінің бірер ауыз лебізін өлеңмен тыңдағысы кеп тұрғанын бірден түсіне қойдым. Бірақ алдын ала даярлап қойған өлеңім болмағасын, табан астында не айта қоярымды білмей, әлгі жерде қарадай сасайын дедім. Осы кезде қасымда жүрген жігіттердің бірі қолыма домбырамды ұстата қоймасы бар ма. Енді тек, бір Аллаға сыйынып жыр арнаудан басқа амалым қалмады.

Жалпы, осы суырыпсалмалық өнерде бір тылсым күштің барын бұрын да бірнеше мәрте байқап, көзім жеткен. Осы жолы да солай болды. Айтар сөзді түйдек-түйдегімен Алла тағала өзі салды аузыма.

–   Көгінен күй кетпеген, жыр кетпеген,

Қылышы қызыл қаннан бір кеппеген.

Аман ба, Сырдың елі, жырдың елі,

Ақ туын Алашымның кірлетпеген?!

Аралдың табанынан су кетсе де,

Халқының таңдайынан жыр кетпеген.

Төріне Сарыарқаның келіп қалдық,

Дүние дейтін мынау дүрмекпенен.

Армысыз Бердібектей берен аға,

Інің ем бір басыңды құрметтеген.

Елінен Қаныш, Иса, Марғұланның,

Баршаңа сәлем бердім құрметпенен! – деп басталған жыр жолдары осы тектес біраз шумақпен жалғасын тауып барып аяқталды. Бұл кезде Бердібек ағамыздың жанындағылардан бөлек, сыртынан келген көрермендердің де қарасы бірқыдыру боп қалған. Жыр аяқталар-аяқталмастан сол жерде тұрғандар дүркіретіп қол соғып жіберді.

Аузымнан шыққан әр сөзді ыждағатпен тыңдап тұрған Бердібек ағамыз: –   Ой, Серікжан айналайын! Өзіңді бұрын да жақсы бағалаушы едім, бүгін әбден басымды игіздің деді де, төс қалтасынан 100 куперлік АҚШ долларын алып шығып, домбырамның құлағына қыстырды.

Мұны көріп, тұрғандар тағы да дуылдата қол соқты.

«Күтпеген жерден екіауыз жыр айтып олжалы боламын?!» деп кім ойлаған. Алла сәтін салса аузыңа сөз де салып, алдыңа сол сөзді бағалайтын адамды да ап келеді екен.

Шығыста әкім боп жүргенінде, бір орайы келген жерде сол кездесуімізді айтқам, есінде екен.

–   Иә-иә, сен ол кезде Павлодарда едің ғой, Шығыста қайдан жүрсің? –   деп сұрағаны бар…

Іскерлігі бір төбе, жүрген жерінде қазақ руханиятына қамқор боп, өнер адамдарын үнемі қолдап жүретін Бердібек Мәшбекұлы ақпанның 9-ы күні 70 дейтін мерейлі жасқа келіп жатыр екен.

Мерейлі жаста мерейіңіз үстем бола берсін, абзал аға!

Ұзақ жыл еліңізге еткен еңбегіңіздің жемісіне тоймаңыз.

Осы айдарда

Back to top button