Мерейтой

Өр Алтайдың Асқары

Бүгінде алты алашты аузына қаратқан, қазіргі қазақ прозасының дамуына өзіндік үлес қосқан жерлес жазушы Асқар Алтай (Асқар Құмарұлы Алпысбаев) 1963 жылы 12 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында дүниеге келген. Нәресте шағында отбасымен Күршім ауданының  Қалғұты ауылына қоныс аударып, Қаратоғай орта мектебінде білім алды.  Көпбалалы отбасында Асқар   төртінші бала  болды. Құмар аға мен Меңке апайдың балалары сабаққа алғыр, еңбекқор болып өсті.

Мен Асқардың апайы Әдибамен бір сыныпта оқыдым, жақсы құрбы болып, балалық шақтың бал қызығын бірге өткіздік.   Құмар ағаның отбасымен, жақын туыстары – аңкөс  Қауқай, Нұрғали аталармен көрші тұрдық. Ол кезде көршілердің берекесі мықты болатын. Бала-шаға улап-шулап жүре береміз. Есікке құлып салынбайтын, дастархан жиылмайтын бір мамыражай кез еді… Қауқай, Нұрғали аталар аңшылықпен айналысатын. Бірнеше күнге жоғалып кетіп кешкісін қанжығысына түлкі, қоян бөктеріп келуші еді. Бала біткен солардың қасынан қызықтап шықпайтынбыз.

Асқардың балалық шағы айтуға тіл жетпейтін сұлу Алтайдай арда табиғаттың ортасында өтті. Сарытау мен Құзғынды, Жайдақ өзінің паңдығымен, биік шыңдарымен жас Асқарды биік армандарға жетелесе, үлкен-кіші Қаражал, Әкімбай, Широкий, Майқапшағай сияқты тұмса табиғат туған жердің қадір-қасиетін ұғынуға тәрбиеледі. Сол кездегі бар малшының баласы сияқты жаз жайлауда әкесімен бірге жүріп табиғаттың кереметін көріп өсті. Өз көзімен көрген жабайы аң-құс, жан-жануарлар бала Асқарды рухани түлетті. Бүгінде жазушы Асқардың аңшылық жайлы оқиғалар көрініс тапқан шығармаларын  оқи отырып, автордың шынайы, тылсым, тартымды еңбегіне тәнті боламын.

Асқар шығармаларындағы жер атаулары, кейіпкерлері түгелдей дерлік Күршімнің адамдары. Шығармаларын оқи отырып ауыл азаматтарын танисың. Әрін, Қазимолда, Құмаш, Ескендір, Қауқай, Арзанғұл, тағы басқа  кейіпкерлер таныс, жаныма жақын. Адам деген қызық-ау солардың есімін, Сарытау, Қаражал, Сарыөзек, Қарасеңгір, Шуылдақ, Ақжал деген жер атауларын кездестіре отырып туған жерге деген сағыныш оянып, бақытты балалық шақ еске түсіп мәз боласың. Осылардың барлығын қазақ оқырмандарына жеткізіп, туған Алтайының ғажайып табиғатын, ақжарқын азаматтарының қилы тағдыры мен сан алуан мінезін,  атын елге танытып жүрген жазушыға риза боласың.

Мен үшін «Алтайдың алқызыл модағайы» повесінің орны бөлек. Бала кезімізде жайлауға шығар жолда  «Қыз бейітін»   басып өтетінбіз. Қыз бейіті – тастан қаланған бірнеше моладан құралған ескі қорым. Әр шопанның баласы осы атаудың сырын жақсы білетін едік. Алайда Асқар Алтай осы естіген әңгімесінен аңызбен астасқан тамаша шығарма жазып, өзінің шеберлігімен оқырманын селт еткізді. Жазушы шығармашылығымен таныса отырып, қазіргі қазақ романының  кеңес дəуіріндегі романдардан тұрпаты мүлдем бөлек  екенін аңғарасың. Кезінде Асқар Алпысбаев атты жас жазушыға «Асқар Алтай» деген әдеби псевдонимді аузы дуалы жазушы  Оралхан Бөкей беріп «Ендігі Алтайдың атын сен шығарасың!» деп сенім білдіріпті. Мұзтаудың кербез жазушысының айтқаны тура келіп, бүгін Асқар Алтай атты жазушы бүкіл түркі елі  мақтан тұтар қаламгерге айналып отыр.

Асқар Алтай – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  Қазақстан Жазушылар одағының Жастар арасындағы прозашылар форумының (1989, 1990 ж.ж), Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты. «Қыр мен қала хикаялары» атты повестер мен әңгімелер жинағы (1998 ж), «Алтай новелласы» атты прозалық жинағы (2001 ж), «Нарық нақыштары» (2003 ж) және «Қызыл бөлтірік» (2006 ж) атты ұжымдық жинақтарда прозалық шығармалары, «Казино» әңгімелер жинағы (2008 ж) жарық көрген.  «Қызыл бөлтірік» кітабы (повестер мен әңгімелер, 1997 ж) Халықаралық Сорос қорының бас жүлдесі – грантын жеңіп алған.

Елден ерте кетсе де, қай шығармасына туған өлкесін арқау еткен Асқар Құмарұлы 1984 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, Алматы облысы, Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде тілші, С.Мұқанов мұражай үйінде кіші ғылыми қызметкер, Қазақ теледидары «Алатау» бағдарламасында жауапты редактор, «Жұлдыз» журналының әдеби сын бөлімінде редактор, бөлім меңгерушісі, «Ер Дәулет» ақпараттық агенттігінде бас редактордың орынбасары, Қаржы министрлігінің «Қаржы қаражат» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор, «Білім» баспасында жетекші редактор, «Атамұра» баспасында редактор қызметін атқарған. 2004 жылдан бастап «Арда» баспасының директоры болып қызмет істеді. Жазушы соңғы жылдары өз шығармаларында қоғамдағы өзгерістерге орай тағдыры, көзқарасы, дүниетанымы әртүрлі кейіпкерлерді суреттейді. Жаһандық өзгерістер аясында ұлттық құндылықтардың жоғалуын, адамдардың қатыгездігін әңгімелеріне арқау етеді.  Соңғы бес жылда облыс әкімінің қолдауы арқасында  «Абай әлемі» кітаптар топтамасымен жерлес жазушылардың ең таңдаулы, оқырманның ыстық ықыласына бөленетін жауһар туындылары жарық көріп келеді.  Соның бірі – Асқар Алтайдың қазақ интеллигенциясының, қазақ қоғамының шынайы кескін-келбетін суреттейтін «Былғары табыт» романы. Асқар Құмарұлының қай шығармасын алсақ та  оқырманға ой салатын, намысын жанитын, рухын көтеретін шығармалар.

Мен білетін  Асқар Алтайдың өмір жолы осындай. Өз басым осындай талантты жазушымен бір Қалғұтының суын ішіп, Қаражалдың  саф ауасын бірге жұтқанымды мақтан тұтам. Қазіргі қазақ әдебиетінде өз бағытын айқындап, стилін танытқан жерлес жазушы Асқар Құмарұлы биыл асқаралы 60 жасқа толып жатыр. Осындайда Ілияс ақынның «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Өз Алтайын, Өр Алтайын бүкіл әлемге паш етіп жүрген талантты ұлының мерейтойына Күршім жұрты, ел ағалары үн қосар деген ойдамын.

Зиза Мұхтарханқызы,

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының библиограф-өлкетанушысы, кітапхана ісінің ардагері, Мәдениет саласының үздігі

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button