Тоқпановтың ізі қалған театр
1961 жылы Ақжар ауылында Тарбағатай аудандық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Екі қабатты мәдениет ордасының шымылдығы “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу”, “Беу, қыздар-ай” және Әнуарбек Сейілхановтың дайындаған, баянмен сүйемелденген спектакльдерімен ашылды. Біржан-Сара операсында басты партияларын орындаған Тоқтасын Мәсәлімов пен Сәния Шағиева әнмен шалқытты.
Ауылдағы ғана емес, бүкіл аудандағы жалғыз ғана екі қабатты үйдің ашылуы шын мәніндегі тарихи оқиға еді. Осылай Ақжар Мәдениет үйі театрының іргетасы қаланды. Алматыдағы консерваторияның актерлік факультетін бітіріп, Совет Сәбиевтің келуі де мәдениет үйінің пайдалануға берілуімен тұспа-тұс келді. Ол мәдениет бөліміне қызметке орналасып, мәдениет үйінің режиссері болып бекітілді.
М.Әуезовтың “Қарагөз” трагедиясын, “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу”, “Беу, қыздар-ай” спектакльдерін көрсеткен Ақжар мәдениет үйінің драма үйірмесіне 1962 жылы “Халық театры” деген атақ берілді.
1961 жылы Қ.Әлпиевтің режиссерлігімен сахналағанәйгілі “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” спектакліндегі басты рөлдердің бірі – Қарабайды өзі ойнаған болатын, ал Баянның рөлін – Раушан Оразаева, Қозының рөлін – Қазбек Қозиев, Қодардың рөлін – Қабдеш Әмірханов, Жантықтың рөлін – Мұқатай Абдуллин, шабарманның рөлін – Тұрсынғазы Сағындықов, Қарабайдың бәйбішесінің рөлін Н.Смағұлова сомдаған еді. Пьеса өте тартымды болды. Көрермен қауым ризашылықтарын білдіріп жатты.
Сахнаға дайындап шығарылған келесі қойылым – “Беу, қыздар-ай” спектаклі. Әрине, бұл қойылымға атсалысқан өнерпаздардың басым көпшілігі қыздар. Олар – Раушан Оразаева, Шәкежан Малгаждарова, Қорлан Сансызбаева, Алтай Қалиева, Орал Закирова, Еркін Тілебалдина. Бұлардың бәрі шетінен майталман әнші-бишілер, сахнаның көркі болатын. Желбіреген ақ көйлек пен үкілі қызыл тақия киген қыздар билеп, өлең айтып шыға келгенде зал іші тып-тыныш бола қалатын. Таңырқай қарап, олардың өнерлерін тамашалап, қол соғып отырушы еді жұрт. Солардың бірі, Раушан Оразаева еді. Өз рөлін үлкен шеберлікпен ойнаған өнерпаздардың өнері көрермендердің көңілінен шығып жатты.
Сол кезде Қазақстанның 40 жылдығы құрметіне әуесқой драма ұжымдарының республикалық конкурсы жарияланып, оның жүлдегері Мәскеу сахнасында өнер көрсететін болды. Бұл құрметке республикадағы 40 халық театрының ішінен үздік шыққан, Ақжар халық театры ие болды.
Мәскеуде өнер көрсете ала ма? Осы мәселені сарапқа алатын ресейлік режиссер В.Беликов бастаған мамандар 1963 жылы Ақжарға келді. Мәртебелі өнер сарапшыларына “Қарагөз” бен “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” спектакльдері көрсетілді. “Беу, қыздар-ай” комедиясы да тас-түйін дайын болатын. М.Әуезовтің “Қарагөз” спектаклі көрсетілген екінші күні комиссия төрағасы сахнаға шығып: “Құттықтаймын! Сіздер Мәскеуге барасыздар!” – деп дауыстап айтты. Біз бір-бірімізді құттықтап, құшақтап, мәре-сәре болдық.
Тарбағатай халқы үшін ол кезде әрбір жаңа спектакль, концерт ұлы дүбір, айтулы оқиға болып, үлкен-кіші түгел жиналатын. Ақжар халық театры атағының аспандауы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Орал Малдыбаевтың Тарбағатайға келуімен, кейіннен облыстық мәдениет басқармасына басшы болуымен тікелей байланысты болды. Әр спектакльден кейін Орекең сахнаға шығып, өнерпаздарды жеке-жеке құттықтап, шығармашылық жұмысқа баға беріп, алдағы межелерді айтатын.
Сонымен Мәскеуге дайындық қызу басталып кетті. Ресей төрінде Лениндік сыйлықтың лауреаттары Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” және Шыңғыс Айтматовтың “Жәмила” пьесаларын апарып қою ұйғарылды. Алматыдан режиссер-профессор Асқар Тоқпанов шақырылды, көмекшісі болып Совет Сәбиев тағайындалды. Зайсан ауданының “Зайсан” театрынан бірнеше әртістер шақырылды. Ораз Кәкеев, Рашида Түгелбаева, К.Камалиев, К.Бейсембиев, тағы басқа қыз-жігіттер тұтастай біздің театрға келіп орналасты. Осылайша, ауыс-түйіс жасалып, рөлдер қайта бөлініп бекітілді. Осының бәріне режиссер Асқар Тоқпанов басшылық жасады. Қарагөзді Нәзипа Смағұлова, Маржанды Бағдат Рахметова, Ақбаланы Еркін Тілебалдина, Сырымға лайық деп өзі әнші, домбырашы батыр тұлғалы Ораз Кәкеев таңдап алынды. Дулатты Мұқатай Абдуллин орындады, басқа рөлдерді Рашида Түгелбаева, Қ. Әлпиев, Әнуархан Қайырбаев, К.Байтоғасов және басқа да қыз-жігіттер сомдады. Көп дайындық пен шеберліктің арқасында Орал Малдыбаев баптаған өнер қырандары Мәскеуге барып, олжалы оралды.
Араға жылдар салып біраз өнерпаздар басқа облысқа көшіп кетті. Кейбіреуі қызмет бабымен басқа аудандарға ауысты. Театрға режиссер болып Әнуархан Қайырбаев тағайындалды. Оның алғашқы дайындаған қойылымы атақты – “Ақан сері” спектаклі. Мен сол спектакльге алғашқылардың бірі болып қатыстым. Режиссер Шоқан Мұқамадиевтің сахнаға шығарған спектакліне, сондай-ақ, Социал Дөңсебаевтың режиссерлік етіп, дайындаған спектакльдеріне және Қ. Байтоғасов дайындаған “Ғалия-Бану”, “Жаяу Мұса” атты екі спектакльге де қатыстым. “Жаяу-Мұса” пьесасындағы жігіт рөлін сомдағаным үшін – “Халық театрлары мен драма коллективтерінің республикалық байқауында орындау шеберлігі үшін” Қазақ ССР Мәдениет министрі М.Базарбаев 2-ші дәрежелі дипломмен марапаттады.
Әнуарбек Сейілханов пен жеңгеміз Зинаида Кобзева Тарбағатай топырағында жас буынға музыкалық сауат беріп, би әліппесін үйреткен тұңғыш кәсіби мамандар болатын. Екеуі де өнерпаз жастарды тәрбиелеп шығарды. Зинаида Ивановна мектептердегі биге бейім жас оқушыларды көптеп тартып, бидің небір түріне үйретіп, мәдениет үйіндегі өтетін концерттерде халықтың алдында өнер көрсетіп жүрді.
Алғаш Ақжар музыка мектебінің негізін қалаған педагог-директор Әнуарбек Сейілхановтың ұйымдастыруымен барлық үлкенді-кішілі концерттер үлкен дайындықтың арқасында өте тианақты, жинақы өтуші еді. Ақжарда алғаш ашылған музыка мектебіне Әнуарбек Сейілхановтың аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Бүгінде Ақжар мәдениет үйінің іші де, сырты да көз тартардай жайнап тұр. Осы қастерлі өнер шаңырағына көп еңбегі сіңген өнер қайраткері, мәдениет үйінің директоры Құсайынов Болаттың өнеріне, еңбегіне, құрмет көрсету өнердің де, елдің де мерейі үшін қажет-ақ. Біз халық сүйіспеншілігіне айналған, эстетикалық тәрбие ордасы – Халық театрын мақтан тұтамыз.
Ғазиз Қожахметов,
Еңбек және тыл ардагері, Мәдениет қайраткері
Тарбағатай ауданы.