Тоныкөк ескерткішіне – 1300 жыл
Есте жоқ ескі замандардың дерегі аңыз бен ертегінің желісіне айналған. Ал талай ғасырды артқа тастаған түркі дәуірінің тарихы тасқа қашалып, балбалға таңбаланып бізге жетті. Көк түркі дәуірінің тарихы таңбаланған көне жәдігерлердің бірі – Тоныкөк ескерткіші. Есігімізден кірген 2020 жыл түгел түркінің абызы Тоныкөк бабамыздың жазба ескерткішінің 1300 жылдығына арналып, UNESCO көлемінде тойланатындығы айтылған болатын.
Орхон – Енисей жазба ескерткіштерінің қатарына жататын таңбалы тастың маңызы зор, мәні терең. Байырғы бабалар жыр қашаған бұл ескерткішке биыл 1300 жыл толып отыр. Бүкіл түркі мәдениетінің тамырының тереңде екенін дәлелдеген ескерткішке жыр жаздырған Білге Тоныкөк.
Тоныкөк (Тоңыұқық) – 646-741 жылдары өмір сүрген, екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушылардың бірі және бірегейі болған тұлға. Ол оғыз тайпасынан шыққан ақылгөй дана, өз заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Көшпенділер тарихында артында өшпес атақ-даңқын қалдырған дара тұлға. Тоныкөк ел-жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр қылып қашап қалдырған.
Тасқа қашалған жырда «Мен, Білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түркі халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деген жолдар бар. Бұдан Тоныкөктің түркі тайпасы көсемдерінің бірінің баласы екені анық аңғарылады. Өйткені ол кезде көшпенділердің тек ел басыларының қытайға аманатқа берген балалары ғана император сарайында оқып, тәрбие алған екен.
Тоныкөк 683 жылы шыли иуән тайпасының басшысы Құтылығпен бірігіп, табғаштарға қарсы көтеріліске шығады. Сауатты соғысудың нәтижесінде екінші Шығыс Түркі қағанатының шаңырағын көтереді. Құтылығты «Ел төресі» деген атпен қаған етіп сайлайды. Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту» саясатымен түркілерге көрші тоғыз оғыз халқын айдап салды. Бірақ табғаш елінде болып, олардың қарсыластарын құрту үшін қандай әрекеттер жасайтынын жақсы білетін Тоныкөк асқан көрегендікпен бұл апаттың алдын алып, Тоғыла жазығында тоғыз оғыздардың әскерін тас-талқан етеді. Қолға түскен тұтқындарды Тоныкөк Құтылығ қағанға айтып, түгел босатып, еліне қайтарады. Оларға: «Түбіміз бір туыспыз. Өзара қырқысқаннан өзгеге жем болғаннан басқа пайда жоқ. Табғаш елі ортақ жауымыз. Сондықтан соған қарсы күш біріктірейік. Бір-бірімізді өгейсітіп, көзге түрткеннен тапқан олжамыз кәні? Бірігіп ел болайық, осыны айта барыңдар. Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін. Біз сонда бірер күн еру боламыз», – дейді. Тоныкөктің осынау сөзі қандастарының жүрегін жібітіп, оғыздар түгелдей түркi туының астына жиналады. Кейін бұл жөнінде Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Осыдан кейін оғыздар өз аяғымен көтеріле келді. Келтіргендей ақ келтірдім ау», – деп ризалық сезіммен сол кезді еске алады.
Тоныкөк Құтлығтан кейін таққа отырған Қапаған ханға да, Күлтегін батырдың ағасы Могилиән ханға да кеңесші болады.
Бедерленген саусақ іздері табылған
Тасқа қашалған тарихи ескерткіштің түркі жұрты үшін маңызы зор. Тоныкөк жазба ескерткіші – Екінші Шығыс Түрік қағандығының саяси, қоғамдық және әлеуметтік өмірін ежелгі түркі поэзиясы стилінде зор шеберлікпен бейнелеп көрсеткен, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі биік әдеби жәдігер.
Түркі тарихында ҮІ-ІХ ғасырлардағы көне түркі әдебиеті ескерткіштерінің алар орны бөлек. Оған орхон жазба ескерткіштері, яғни, «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» туралы құлыптастарға қашап жазылған жырлар, сондай-ақ, «Оғыз-наме» дастаны мен «Қорқыт ата кітабы», Әбу-Насыр әл-Фарабидің әдебиет саласындағы еңбектері енеді.
«Тоныкөк» ескерткіші 313 өлең жолынан тұрады. Жырдың жалпы оқиға желісін зерттеушілер 14 циклға бөліп қарастырады. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін соғысқандары айтылып, соның барлығында да жеңіске жеткендері, ол Тоныкөктің ақыл-кеңесінің нәтижесі екендігі баяндалады.
Тоныкөк ескерткіші – Түркі әлемінің тарихындағы ежелгі мұралардың бірі. Түркия ғалымдары да ескерткішті зерттеу барысында бірқатар археологиялық жаңалықтарды ашқан. Археолог Ахмет Ташагыл ескерткіштен 1300 жыл бұрын бедерленген саусақ іздерін тапқанын мәлімдеген. Бұл жаңалық ескерткіштің маңызын тіптен арттыра түскен.
Тоныкөк жазба ескерткішіне дидактикалық сарын беріп тұрған қанатты сөздер, афоризмдер, мақал-мәтелдер кейінгі қазақ ақын-жыраулар поэзиясында өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты. Бұл әдеби жәдігер – көшпенділер әлемінің білім-ғылымының көкжиегін кеңейте түскен құнды мұра.
Ең алғаш зерттеген Томсон емес
Ежелгі ескерткіштің құпиясы мен сырына үңілген ғалымдардың қатары көп. Бұл таңбалы тастағы жазуларды Вильгелм Томсоннон бұрын ең алғаш 1662 жылы Витзен есімді ғалым зерттеп, жазба қалдырады. Жалпы Орхон-Енисей ескерткіштерінің зерттелу тарихы ХҮІІ ғасырдың ІІ жартысында басталды. 1697 жылы Тобыл қаласында Ремезовтың «Сібір қалаларының шөл далалары мен таулы жерлерінің чертежі» атты еңбегі жарық көреді. Сол еңбекте Талас бойындағы «Орхон тасы» деген жер аталған. Орхон-Енисей ескерткіштері үлгілерінің алғашқы жарық көруі Сібірде 13 жыл айдауда болған Табберт-Страленгбергтің атымен тығыз байланысты. Оның 1730 Стокгольмде неміс тілінде басылып шыққан «Европа мен Азияның солтүстік және шығыс бөлімдері» атты еңбегі көне ескерткіштер туралы мағлұмат береді.
Сондай-ақ 1721-1722 жылы Сібір өлкесін аралаған Миссершмидтің күнделігінде көне түркі жазуларының үлгілері туралы деректер келтіріледі. 1793 жылы Паллас көне түркі жазба нұсқаларының кейбір үлгілерін жариялады. Осы кезден бастап, оларды жинау, бастыру қолға алынады. «Сібір хабарлары» деген журналда Спаскийдің «Сібір естеліктерінің жазбалары» еңбегі жарияланды. Бұл еңбек латын тіліне аударылып, шетел ғалымдарына белгілі бола бастайды. Осы еңбекті белгілі ғалымдар Гумбольдт пен Ремюза жоғары бағалап, көлемді мақалалар жариялаған. Олардың орысша аудармалары 1825 жылы «Азия хабарлары» журналында басылып шығады. 1887-1888 жылы фин елінің ғалымы Аспелин арнаулы экспедициямен Енисей өзені бойындағы жазуларды зерттеп, қорытынды экспедиция материалдары 1889 жылы Гельсенфоргте «Енисей жазбалары» деген атпен жарық көрген. Мұнда 32 жазу таңбасы, сегіз фотосурет қамтылған. 1889 жылы Ядринцев бастаған орыс экспедициясы Монғолиядағы Орхон өзені бойынан екі үлкен ескерткіш тауып, түркология ғылымына үлес қосқан.
Ал атақты түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы былай дейді: «Бұлар әу баста, түркі халықтарының мәдениетін зерттей қояйын, олардың арғы жағы қандай екенін біле қояйын деп зерттеген жоқ. Бұлар бірінші біздің ішкі сырымызды білу үшін, «Шыққан тегіміз кім?» дегенді анықтау үшін осы дүниелерге жолығып қалды. Әуелі Енисей өзенінің бойындағы тас жазуларына кез болды. Бұның кілтін таба алмады. Біреулері бұларды алғашында финдердікі, біреулер славяндардікі, парсылар, арийлер мәдениетінікі деді. Сөйтіп жүрген кезде Ядринцев деген өлкетанушы Шыңғысханның астанасы Қарақорым қаласын іздеп Моңғолияға барады. Барса Қарақорым қаласының орны да қалмаған. Оның орнында будда дінінің үлкен шіркеуі орналасқан екен. Қаланың қирандысы ғана қалған. Бұған таңырқап, не зерттейтінін білмей тұрғанда, моңғол зерттеушілері осындай Ордабалық деген қала бар дейді. Көк түріктердің астанасы болған. Ядринцевті Ордабалық қаласына алып барады. Бара салысымен қаланың орындарынан үлкен ұстынды (стелла) көреді. Ұстыннан үш тілде жазылған жазуды көреді. Жазу түрік, соғды, қытай тілдерінде жазылған. Өзінің бір кездері Енисей бойынан көріп жүрген түрік руникасына кез болады ақыры. Ол кезде түрік деген сөз де, ой да жоқ. Сол кезде Ядринцев моңғол зерттеушілерінен «мұндай стелла тағы қайда бар?» дейді. Олар: «Орхон өзенінің ар жақ босағасында бар», – деп айтады. Ол кезде моңғолдар Ордабалықты Қарбалыс деп атаған. Сосын Ядринцев Орхоннан өтіп арғы бетке қарай жүреді. Ордабалық пен Күлтегін ескерткішінің арасы 15 шақырымдай ғана жер. Ядринцев бұл жолы аспан тіреген Күлтегіннің ескерткішін көреді. Ескерткіштің бір жағында қытайша, бір жағында көне түркі жазуы болады. Қазір біз оны бітік жазу деп атап жүрміз. Ол жазуды Ядринцев түк қалдырмай қолымен көшіріп, қазіргі Санкт-Петербург қаласына апарып, үлкен конференцияда баяндама қорғап, бұл жазуларды, мұраны финдердікі болуы мүмкін деп мәселе қозғайды.
Ол уақытта Ленинградқа Еуропаның ғалымдары да келген. Олардың арасында Геккель деген фин ғалымы дереу экспедиция жасақтап, 1890 жылы Орхонға келеді. Ол да көшіріп алып, жолда Қияқты қаласына барып, Папап деген Қытай маманына кезігіп қалады. Сосын ол Папапқа: «Осындай дүние алып келе жатырмын, сен оқи аласың ба?» – дейді. Қытайдың ол кездегі жазуы басқаша. Сосын ол бірден жазуды қарап: «Әй, мынау түукюлердің дүниесі ғой» дейді. Сосын Шлегель деген ғалымдар оқып, ол да түрік жазуы деген қорытындыға келеді. Осы кезден бастап дүние қақ жарылды. Көшпелілер мәдениетіне деген көзқарас белең алып, түріктер мұрасы әлем тарихына жүгін арқалап шыға келді. Осылай әлем бұл түріктердің мұрасы екенін мойындауға тура келді».
Тасқа таңбаланған Тоныкөк ескерткіші туралы тарихи деректердің түйіні осы. Ал Түркі әлеміне ортақ тарихи тұлғадан қалған әдеби жәдігерді әлі де зертеп, зерделей түсу бізге парыз.
Қызырбек Дүргінбайұлы