«Дидардың» қонағы

Толқын Забирова, әнші: – Әншілік маған туған жердің топырағынан дарыды

Толқын Забирова, әнші:  – Әншілік маған туған жердің топырағынан дарыды


Елімізге танымал әнші Толқын Забирова Аягөз қаласында туған. Қазақ эстрадасына опералық музыканы әкелген әнші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өнертану ғылымдарының кандидаты. Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. Ресейде өткен «Янтарный соловей», «Әлібек Дінішевтің театры» атты халықаралық байқаулардың, эстрадалық бағыттағы бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты атанған жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Бибігүл Төлегенова екінші анам

– Толқын Қалиқызы, туған жерге сирек келесіз. Кіндік қаныңыз тамған Аягөз қаласын сағынасыз ба?

– Әлбетте. Меніңше, туған жерін сағынбайтын жан болмайтын шығар. Оның үстіне мен бұл жерден тым ерте, бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде кеттім ғой. Киелі өнер жолын таңдаған соң, расында, көп жағдайда қол тие бермейді. Әйгілі дана билер мен абыздар, ел қорғаған батырлар жүріп өткен Аягөз мен үшін қасиетті де киелі жер. Барлық қол жеткізген жетістіктерім мен толағай табыстарымды осы өлкемен байланыстырамын. Осындағы №1 мектеп табалдырығын аттадым. Алайда тағдырдың жазуымен анам Зухра мен нағашы жұртымның қолдауымен Алматы шаһарына көшіп келдік. Ал нағашы атам Қалиолла Забиров Аягөз өңіріне аса танымал, осындағы алғашқы бастауыш мектебін салуға атсалысып, өзі сол мектептің директоры болған, балаларға арнап кітап жазған адам…

– Өнер жолын таңдауға кімдер себепкер болды?

– Жоғарыда айттым, Аягөз өңірі қазақылығы басым, ән мен жырға ерекше көңіл бөлетін өлке. Бұл жерден елімізге, әлемге танымал өнер иелері көптеп шыққан ғой. Өнер жолын таңдауыма анам мен әжемнің ықпалы болса керек. Мен жастайымнан құлағыма халқымыздың ән-жырын құйып өстім. Әншілік маған Аягөздің топырағынан дарыды десе де болады.

Толқын Забирова, әнші:  – Әншілік маған туған жердің топырағынан дарыды

Кейін Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектептің фортепиано класын бітіріп, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда әйгілі әнші Бибігүл Төлегенованың класына қабылдандым. Бұл үшін өзімді күні бүгінге дейін бақытты санаймын. Бибігүл апай өзімнің екінші анамдай болып кеткен жан. Қазір де ол кісімен қоян-қолтық араласып тұрамын. Сырласымдай, құрдасымдай, анамдай болып кеткен ол екі-үш күн көрмей қалса: «Әй, қызым, сен көрінбей кеттің ғой! Бала-шағаң аман ба? Өзіңнің денсаулығың қалай?», деп өзі телефон шалып, шақырып алады. Осынау шығармашылық өмірімде қол жеткізген табыстарыма Бибігүл апайдың ұстаздық етуінің арқасында жеттім деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі екінші анам, ақылшым!

Ерке Есмахан менің шәкіртім

– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…

– Тұрмыс құрғанмын. Жолдасым Жамбыл облысы, Мерке ауданының азаматы. Шахрияр, Дияр, Санжар атты үш ұлымыз бар. Өмірлік жарым Сафар Бабаев та осы өнер саласынан қашық емес. Өзімді түсінетін, сырымды бөлісе алатын өнер адамы. Ана болғасын, ең алдымен мен отағасының, балаларымның жағдайын туғызуым керек. Отбасының жылуы ең алдымен ана ғой. Сондықтан мен оларға аналық жылуымды, мейірім мен махаббатымды, нұрым мен шуағымды төгуге тырысамын. Біз Сафар екеуіміз шаңырақ көтерген сәттен перзенттеріміздің болашағы біздің қолымызда екенін жан-тәнімізбен түсіндік.
Оларды тек аялап, жапондарша «сен кереметсің, сенен өткен жан жоқ» деген қағидамен өсіруге бел будық. Шүкір, сол тәрбиеміздің өте дұрыс болғанын қазір көріп отырмыз.

– Ұлдарыңыздың ішінде жолыңызды қуып, қызығы мен шыжығы мол өнер жолын таңдағандары бар ма?

– Шынында да, қазіргі ата-ананың көпшілігі перзенттерінің өнер жолына түсуін қаламайтын бір қым-қиғаш заман болып тұр ғой. Енді… ұлдарымның өмірде кім болатыны, қандай жолды таңдайтыны әзірге маған белгісіз. Барлығының да музыкаға бейімі бар. Әзірше 14 жастағы ортаншы ұлым Дияр ғана осы салаға мойын бұрған. Оның да болашақта осы жолмен жүруі маған беймәлім. Оны уақыт көрсетеді…

– Сіздің Бибігүл Төлегеновадай әйгілі ұстазыңыз бар. Ал өзіңіз шәкірт тәрбиелей алдыңыз ба?

– Иә, мен Бибігүл апамды үнемі мақтан тұтып келе жатқан адаммын. Ол кісіге өмірлік қарыздармын деуге болады. Менің де сахнадан ән салып жүрген шәкірттерім бар. Мәселен, Ербол Шарипов, Ерке Есмахан, Арманай Мұхамедьярова, Пазлахын Толғанай, Балжан, Гүлнәз, «Мецо» тобында ән салып жүрген Жәнібек…

– Толқын Қалиқызы, қыздың жасын сұрамайды дейді. Өмірбаяныңыз қолда тұрғасын, ол жағы айқын. Бір-екі жылда елудің де шеті көрініп қалады. Дегенмен, сіз әлі де жас қалпыңызды сақтап келесіз. Бет күтімі, дене тәрбиесі, диета секілді әдеттерді ұстанасыз ба?

– Әрине. Жұрт алдында жүрген соң, үнемі сахнаға шығатын болғандықтан, ұстануға тырысамын. Фитнеске барамын. Тек диета ұстамаймын. Қазақы ет пен бауырсақтан тартынбаймын. Жалпы, менің әжем 12 құрсақ көтерген жан. Сұңғақ қалпын сақтап өтті. 86 жасында бақилық болды марқұм. Сол кісінің бетінде өле-өлгенше әжім сызаты болмады. Мен де сол кісі секілді әдемі болып көрінгім келетінін жасырмаймын. Сол үшін жаттығулардан тартынбаймын. Рас, денешықтырумен отбасы болып айналысамыз. Қыста тауға, Шымбұлаққа, Медеу мұз айдынына барып, коньки, шана тебеміз. Жазда теңізге дегендей… А, иә тағы бір ермегімізді айтуды ұмытып барамын. Үйдегі кинотеатрдан отбасы болып көркем фильм көруді әдетке айналдырдық. Терезелердің пердесін тарс жауып, бөлмені қараңғылап тастап бірімізге қызықты, бірімізге қызықсыз фильм көреміз. Яғни, сеанс соңына дейін біріміз қалғып-шұлғып, біріміз бар ынтамызбен көріп шығамыз. Осының бәрі отбасында мәміле болуына, өзара тіл табыса білуге үлкен әсері бар.

– Өмірдегі саяси қайраткерім, идеалым деп кімді айтар едіңіз?

– Өмірдегі идеалым белгілі саясаткер Махатма Ганди.

– Сүйіп оқитын шығамаларыңыз?

– Әдебиетті бала жасымнан сүйем. Өзіміздің қазақ қаламгерлерінен басқа А.Пушкин, В.Пикуль, Ф.Саганды жастанып оқимын деуге болады.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button