Толық жазылып кетпесе де, өмір сүруге болады

Биыл өткен ғасырдың ең қауіпті әрі шипасы жоқ жұқпалы дерті саналған ЖИТС( СПИД) ауруымен күрес басталғанына тура отыз жыл толады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы 1 желтоқсан күнін ЖИТС- пен күресу күні деп жариялап, халықты әлеуметтік төзімділікке шақырды. Содан бері емі жоқ деп келген аурудың алдын алуда, оны емдеуде медицина қандай жетістіктерге жетті? Қауіпті вирусты ерте анықтауда қандай технологиялар қолданылады? Вирусты жұқтырғандардың өмір сапасын жақсартуға, ғұмырын ұзартуға бола ма? Біздің осы сауалдарымызға облыстық ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталықтың мамандары жауап берген еді.
Дәрігерлердің сөзіне сенсек, осыдан отыз жыл бұрынғыдай, қазір де ЖИТС дертінен құлан таза жазылу мүмкін емес. Бірақ өмір сүруге болады. Өмір сүргенде де, ел қатарлы отбасын құрып, нәресте сүйіп, жұмыс істеп, толыққанды, сапалы өмір сүруге мүмкіндік бар.
Отыз жылда не өзгерді?
Біріншіден, ғалымдар қандағы вирустың көбеюін тежейтін технологияларды ойлап тапты. 2016 жылы әлемнің инфекционист ғалымдары бас қосып, 2030 жылға қарай ЖИТС дертінің таралуын мүлде тоқтатуға болады деген ұйғарымға келіпті.
– Неге мұндай қорытынды жасалды? Өйткені, медицина бір орында тұрмайды. Тиімді жаңа препараттар шығып жатыр. Олар қолжетімді әрі тапшылық жоқ. Ғалымдар қауіпті жұқпаны жұқтырған адамның ағзасындағы вирустардың көбеймей, тежелуін қамтамасыз ететін жаңа технологиялар ойлап тапты.
Нәтижесінде науқастың қанындағы вирустың мөлшері басқаларға қауіпті деңгейге жетпей тоқтап қалады да, айналасындағыларға жұқтырмайды.
Пациенттер осы жұқпамен кемінде тағы 15-20 жылға дейін өмір сүре алады, – деп түсіндірді облыстық ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігері Марина Жеголко.
Егер пациенттің 1 мл биологиялық материалындағы (қан бола ма, ана сүті немесе ұрық) вирустың мөлшері 1000 жасушадан артпаса, онда ол басқаларға қауіпсіз деп саналады. Дәрігерлер тағайындаған антиретровирустық препараттарды үзбей қабылдап жүрген науқастарда вирустың көлемі қауіпті деңгейге жетпейді. Демек олар жанұясымен тұрады, жұмыс та істей алады. Ешкімнен кем емес өмір сүрулеріне әбден болады.
Екіншіден, қандағы жұқпалы вирусты анықтау мерзімі үш күнге дейін қысқарған. Бұл – өте үлкен жетістік.
– Біз қазір қан талдауларын 4 кезеңдегі тест-жүйесінде жасаймыз. Соның нәтижесінде, вирус жұқтырған адамның қанындағы қауіпті жұқпаны анықтау мерзімі қысқарды. Егер бұрын үш айдан кейін ғана анықтасақ, енді вирус екі айдан кейін де көрінеді. Яғни басқаларға жұқтыру қаупі азайды. Ал облыстық қан орталығында сараптама жасаудың бұдан да қымбат әдістерін қолданады. Оларда жұқпаны жұқтырғаннан кейін үш күнде анықтайтын технология бар, – деп жалғастырды бас дәрігер.
Үшіншіден, АИТВ жұқпасын жұқтырған әйелдер ана бола алады. Жұқпаның нәрестесіне жұғу-жұқпауы тек анасының жауапкершілігіне байланысты. Осыдан отыз жыл бұрын бұл жайында сөз қозғаудың өзі қылмыс болып саналған.
– Біз АИТВ-статусы бар аяғы ауыр әйелдерге жасанды түсік жасату туралы ұсыныс жасамаймыз. Керісінше, егер біздің барлық нұсқауымызды орындаса, тағайындаған емді үзбей қолданса, дені сау ұрпақ әкелетіндеріне 98 пайыз кепілдік бар екенін түсіндіреміз, – деп сөзге араласты орталықтың емдеу, алдын алу бөлімінің басшысы Наталья Оралбаева. – Кейбір жауапсыз аналар біздің ескертуімізге қарамастан, дені сау туған нәрестесін емізеді, содан жұқтырады. Өйткені, ана сүтіндегі вирустың мөлшері өте жоғары.
Биыл қауіпті жұқпаны жұқтырған келіншектерден 25 сәби дүниеге келіпті. Әзірге олардың екеуінде АИТВ вирусы анықталған. Жалпы, орталықта барлығы 30 бала есепте тұр.
Бұдан басқа тағы 64 бала дәрігерлердің бақылауында. Олардың дені сау, тек «сақтықта – қорлық жоқ» демекші, аналарында осы жұқпа болғандықтан, бір жарым жасқа дейін назарларында ұстауға тиіс. Тағы 24 келіншек жүкті. Наталья Оралбаева олардан өмірге дені сау ұрпақ келу үшін, қолдан келгеннің барлығын істейтіндеріне сендірді. Кейбір балалар дені сау болып туғанмен, 3 не 4 жасында қанынан жұқпа шығады.
– Мұндай жағдайлар тек анасының жауапсыздығынан болады. Ол өзі де қауіпті жұқпаны босанғаннан кейін жұқтыруы мүмкін. Бірақ баласын емізіп жүргендіктен, оған сүт арқылы жұқтырады, – деп кейіді бөлім басшысы.
Төртіншіден, 1994 жылы аса қауіпті саналған АИТВ жұқпасы қазіргі санитарлық ережелер мен нормативтердің №126 бабында созылмалы иммунды ауру санатына жатқызылған. Бұл дегеніміз – дерттің алдын алуға, оны басқаруға болады деген сөз.

Бір науқастың еміне 1 миллион теңге жұмсалады
Алайда, АИТВ жұқпасы Үкіметтің Қаулысымен әлі де әлеуметтік маңызы бар дерттердің қатарына жатқызылып, иммунитетті бұзатын қауіпті жұқпалы індет деп қаралады. Сол себепті ХХ ғасыр дертімен күреске жұмсалатын шығынды мемлекет түгелдей өз мойнына алған.
– Соған қарамастан, басқа аймақтарда қаржы уақытында бөлінбей жатқанда, біздің өңір – аталмыш дертті емдеуге толық көлемде қаржы беретін бірден-бір облыс. Бұл жағынан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бізге үнемі қолдау көрсетеді. Биыл тек дәрі-дәрмекке 940 миллион теңге бөлінсе, келесі жылға 961 миллион теңге жоспарланып отыр,- деп атап өтті Марина Жеголко.
Бір адамды емдеу үшін жылына 710 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады, ішетін препараттардың кестесіне қарай. Қазір шығызқазақстандықтарға күніне бір-ақ рет қабылдайтын қымбат медикаменттер де қолжетімді. Бұдан басқа зерттеу жұмыстарына, қан талдауларына 239 миллион теңге қарастырылған. Дерттің алдын алу шараларына 140 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа бір рет қолданатын инелер мен презервативтер, әдістемелік әдебиеттер сатып алынып, «тәуекел» тобындағыларға тегін таратылған. Сондай-ақ орталық мамандары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып, облыс орталығындағы медицина қызметкерлерінің арасында АИТВ-статусы бар науқастарды кемсітуге жол бермеу тақырыбында он семинар өткізіпті.
– Өкінішке қарай, кейбір медицина қызметкерлері де АИТВ жұқпасын жұқтырғандардың тұрмыста басқа жандарға қауіпті емес екенін білмейтін болып шықты. Олар бөлімге келіп түскен жұқпасы бар науқастан тезірек құтылғылары келеді. Тіпті шала емдеп, үйге шығарып жіберген жағдайларды да анықтадық, – деді Наталья Александровна.- Олардың барлығымен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бөлімшедегі дәрігерлер вирусы бар адаммен өзін мәдениетті түрде ұстап, біліктіліктерін танытуы керек.
Бас дәрігердің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңдағы басты проблема – науқастардың өз статусын білмеуінде. Мысалы, біздің облыста жұқпаны жұқтырғандардың тек 80 пайызы ғана өз статусын біледі. Марина Жеголко соңғы кездері АИТВ жұқпасын төсек қатынасы арқылы жұқтыратындардың саны артқанын айтады, биыл тіркелген пациенттердің 52 пайызы вирусты осындай жолмен жұқтырған. Жастар ешқандай талғамсыз, жиіркенбестен, мүлде танымайтын жандармен бір реттік төсек қатынасына бара береді екен. Не сақтық шараларын қолданбайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірде есепке алынған пациенттердің 78 пайызы 20-39 жас аралығындағылар. Бұрынғы жылдары жұқпалы дерт көбінде есірткі қолданушылар арасында тіркелетін.
АИТВ жұқпасына қай жерде тексерілуге болады?
Марина Жеголко өзіне осы сауалдың жиі қойылатынын айтады. Сол себепті толық мағлұмат беруімізді өтінді.
АИТВ жұқпасына талдауларды Өскемен мен Семей қалаларындағы ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталықтарда, достық кабинеттерінде, сенім пункттерінде, өзі бекітілген кез келген емханада терапевт дәрігердің жолдамасымен тегін тапсыруға болады.
– Емханалар пациенттерден алынған қанды біздің зертханаға жеткізіп береді. Бізде емханалар мен жеке клиникалармен келісім шарт жасалған. Соның негізінде оларға талдауларды тегін жасаймыз. Егер жасырын түрде тапсыруды қаласаңыз, орталық пен ҮЕҰ өкілдері бірлесіп өткізетін акциялар кезінде жедел тест тапсыруға немесе бізге келіп, тапсыруға болады. Сонымен қатар, «Қуат», «Ансвер» сияқты үкіметтік емес ұйымдар сілекей арқылы анықтайтын жедел тестілеуді жүргізеді. Статусын анықтаймын дегендерге мүмкіндіктер жеткілікті, – деп қорытындылады бас дәрігер.
ВРЕЗКА: Облыста 2018 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 3881 адамда АИТВ жұқпасы анықталды. Вирусты жұқтырғандардың 2568-і есепте тұр. Олардың 30-ы балалар. Әйелдердің саны -922 болса, ер адамдардың көрсеткіші олардан екі есеге жуық көп – 1646. Айықпас дертке шалдыққандардың 78 пайызы 20-39 жас аралығындағылар.
Айна Ескенқызы