«Дидардың» қонағы

Толғанбай Сембаев, дәстүрлі әнші: – Ән құдіретін Мәдениет ағамды тыңдап жүріп түсіндім

Толғанбай Сембаев, дәстүрлі әнші:  -	Ән құдіретін Мәдениет ағамды тыңдап жүріп түсіндім

Толғанбай Сембаев – Арқа әншілік мектебін аса шебер меңгерген, елімізге танымал дәстүрлі әншілердің бірі. Ол бүгіндері Семей филармониясында қызмет істеп жүр.

Ауылымыздан талай таланттар шықты

-Тарбағатайдың Ақшоқы ауылында тудым. Балалық, балғын шақ осы ауылда өтті. Табиғаты аса бір тамылжып тұрмаса да, мен үшін осы ауылдың қия-қиясы, ана бір қоңыр жоталары, менмұндалаған Тарбағатайдың қоңыр сілемдері аса ыстық. Жалпы, қазақ даласының қай бұрышы да біле-білген кісіге қазыналы өлке емес пе?!
Аякөзден 80 шақырым қашықтықта жатқан біздің ауыл бұрынғы «Тарбағатай» кеңшарына қарайды. Өкпеті-Қызылтас баурайында жатқан шағын ауылда 300 үй болған, орта мектебінде 700 бала оқыған. Қазір де, құдайға шүкір, жағдайы жаман емес. Ауылды ұстап отырған орта мектебі, ауруханасы бар. Осы аядай Тарбағатайдан Тұрсынғазы Рахимов, талантты ақын Серікзат Дүйсенғазы, опера әншісі Жұпар Ғабдуллина, тағы басқа да таланттар шықты.
Біздікі де кәдімгі кеңес заманында өскен ауыл баласының кітапқа жазылып қойғандай сайрап жататын өмірбаяны: ауылдағы онжылдық мектепті бітірдік, ауылда жұмыс істедік, кеңес әскерінің қатарында екі жылдық азаматтық парызымызды өтедік, қайтадан ауыл шаруасына араластық.
Жиырманың үшіне тақаған кезімде, 87-ші жыл Елебеков атындағы эстрада студиясына оқуға түстім. Әйгілі әнші Қайрат Байбосыновтың класында оқыдым. Қайрат аға мен марқұм Жәнібек Кәрменов екеуінен дәріс алдым. Арқаның әндерін қалай айту керектігін сол ағаларым жеріне жеткізіп үйретті. Арқа дегенде, Қызылжар мен Көкшетау әні, басында Ақан сері, Біржан сал мен Иманжүсіп тұр,- Кереку әні деп Жаяу Мұса, Жарылғапбердіні айтамыз. Естай, Байғабыл, Майра сияқты атақты әншілер де осы санатта. Бірінен-бірі өтеді.

– Алматының атақты ән студиясын бітірген соң, бірден Семейге келдің бе?

Негізінде Жезқазғанға жіберген. «Дәм айдаса, қалмайсың….», деген. Жезқазғанның дәмі тартпады білем, туған еліме оралдым. Кейін ойлаймын, Семейге келмесем, қазіргі әжептәуір жеткен биіктіктегі әнші болмас па едім. Семейдің әншілік мектебінің де шоқтығы аса биік. Ұлы Абайдың әндерін таратқан Әлмағамбет мектебі, Әміре Қашаубаев үрдісі. Бұл Семейде кешегі атақты Жүсіпбек Елебеков, Иса Байзақовтардың өшпес іздері жатыр. Биік талғамды өнер ордасы.
Жүсекеңдер ізі қалған Семей шаһарында кейіннен Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Санақ Әбеуов, Келденбай Өлмесеков сол ұлы өнерді киелі топырақта жалғастырды. Дәстүрлі әннің бүгінгі қазақ әлеміндегі ең үздік өкілдері Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали да – осы топырақтан түлеп ұшқан әншілер.
Негізі, далада өскен қазақ баласының бәрі ән айтады десек те, бұлардың ерекшелігі, оларға бұндай дарынды табиғат сыйлаған. Екіншіден, ұстаз алдын көрулері. Қайсыбір жылы Мұхтар Мағауин ағамыз Семей жақта өткен бір үлкен шараға келді. Кешкі самалмен киіз үйдің алдына шығып тыныстап тұрғанымызда, әлгіде киіз үйде салған әнімді тыңдаған ол кісінің мені жанына шақырып алып:
– Ең қиыны – киелі өнерге ие болу. Бәрінен сол өнерді ұстап тұру қиын, – дегені әлі күнге дейін есімде жаңғырып тұрады. Һас қаламгер ағам айтқандай, менің түсінігімше, ән өнері де асау ат сияқты, жалынан айырылсаң, ұшып түсіп құладым дей бер, ұстап айырылмай қалсаң – қаласың.

– Кешегі Мәдениет, Болат, Санақ ағаларыңмен қатар жүрдің ғой…

-Эстрада студиясын жаңа бітіріп келген кезім. Әнді Қайрат ағамша айтады екенмін. Мұны алдымен аңғарған Мәдениет ағам: «Қарға асылған трәктірдей асылып тұрасың, созып айтасың. Сенің даусың тенор ғой, ширақ болуы керек»,-деп дұрыс жолға түсірді. Ән құдіреті дегеннің не екенін Мәдениет ағамды тыңдап жүріп түсіндім десем болады. Бір айтқанда 15-20 әнді айтып тастаушы еді. Және айтқанда, жан-тәнімен, әр әннің ішкі сыр-құбылысын ашып айтады. Ән табиғатынан хабары бар адамдар мұндай ғажайып орындаушылыққа таң-тамаша қалушы еді. Әттең, бүгінде іздеушісі жоқ қой Мәдениет ағаның!
Мәкең Ғарифолланы, Манарбек Ержановты аузынан тастамай айтып отыратын. «Манарбектің алпыс жастағы дауысының өзі ғажап!», – еді деп. Ешекеевтен бір күні Жүсекең, Жүсіпбек Елебеков сұрайды: «Сен осы Манарбекті естідің бе?», – деп. Алматыға жаңа келген бұ кісі Манарбектің жанды дауысын естімеген. Содан бір күні «Қазақконцертке» апыл-ғұпыл кіріп барады. Диванда бір кішкентай шал жатады күйкентайдай болып. Менсінетіндей кісі емес. Сөйтсе, Манарбегің – сол. Ал енді сахнаға шыққанда көрсең! Жаңағы бір уыс болып жатқан шал мен мына әншінің арасы жер мен көктей. Әнді шырқап қоя бергенде, залдың іші айқай-ұйқай риза-хош дауысқа толып кетеді екен.
Сөйткен Мәдениет ағамның өзі бір жатқан шексіз өнер дүниесі ғой, шіркін. Жүсекең «Көзімнің қарасын» радиодан «Құдай-ай, күн бар ма, көңілім бір тынар», – деп айтқыздырып, үйінде отырып тыңдап бір риза болған екен. Ол кезде «Құдай-ау» деп шырқау мүмкін бе еді?!
Қайым ағаның сөзі бар: «Мәдениеттің ән салғанын естісем, сонау 20-шы жылдар есіме түседі, Жүсіпбектей әнші болу үшін соның заманында туу керек», – деген.
Болат Сыбанов қандай еді! Дауысы керемет жоғары, қайыстай өрілген қалың тенор. Бұл кісі Италияда туып, оқып-тоқыса, Павароттидің нағыз өзі болар ма еді?! Асқан талантты әнші. Таспаға жазылған дауысын естігенде, күні бүгінге дейін таңғалып тыңдаймын. Мұндай дауысты мен әлі күнге дейін жолықтырған жоқпын. Елінің, халқының әніне деген құштарлығы солай айтқызды ма, әлде арқасы болды ма, әнді сахнадан сағаттап тұрып салушы еді. Ешекеевтің жанында бес жыл, Сыбановтың жанында бірер жыл жүрдім. Кезінде осы асқан талантты екі әнші-ағамның көзін көріп, қасында болғаныма өмірбақи тәубе деймін.

Бұл өнер атадан ауысқан сыңайлы…

– Әншілік талантыңның төркіні қайда жатыр деп сұрасақ.

Ауылда тамаша көркемөнерпаздар үйірмесі болды. Атадан ауысқан әншілік өнер дегенге келсек, әкемнің 1922 жылы туған інісі Асылхан ағам Әсеттің әндерін тенор, ашық дауысымен нәшіне келтіріп айтатын. 1978 жылы қайтыс болды. Осы кісіні бүгінгі елге танымал әнші Тұрсынғазы Рахимов менің алғашқы ұстазым деп қатты қадірлейді. Дауысы тыңдағанда кәдімгідей арқаңды шымырлататын.
Әкем Тоқтаған 1917 жылы туған. Қиссаларды жатқа айтатын. Әсіресе, «Ағаш атты». Шамамен жүз шумақ қой, соны толықтай мақаммен айтып шығады. Тегі бұл қиссаны Әсет таратқан. 1999 жылы өмірден озды. Тойдың әншісі болды. Осындайда есіме түседі, жазушы Төлен Әбдіковтің «Әке» деп аталатын әдемі повесі бар. Соны оқығанда, ылғи өзімнің әкем ойыма оралады. Сол заманның шалдары сықылды біздің шалдың да бір басына қыңырлығы мен қырсықтығы жетіп артылатын. Ауылда Тазабек деген мұғалім болды. Бастауыш сыныпта сабақ берді. Алты-жеті бала оқимыз. Сол азғана баланың ішінде тентегі мен едім. Бір күні мектептің жанынан әкем атқа мініп өтіп бара жатты. Басында қалың тұмақ, аяғында саптама етік. Тазабек мұғалім әкемді «Тоқа!» деп айғайлап шақырып алды. Әкем таяп кеп ат үстінен түспей, сәлемін алды. «Тоқа, – деді мұғалім,- мына балаңыз тентек. Мына түрімен көшпейді!». «Көшпесе қойсын. Арбамен көшіріп аламын», – деп қиқар шалым атын тебініп жүріп кеткені.

– Әдебиетті сүйіп оқитыныңнан хабардар едік. Осы тақырыпқа тоқталсаң.

– Әдебиетті бала кезімнен жақсы көрдім. Орыс әдебиетін көп парақтадым. Толстой, Тургенев, Лесков, Бунинді, Бальзакты ұнатып оқыдым. Қазақ әдебиетінде Қалихан Ысқақовтың, Төлен Әбдіковтің, Тынымбай Нұрмағаметовтің қаламгерлік һас шеберліктеріне тәнтімін. Адамның ішкі дүние-қатпарын қалай ашады шіркін осы ағаларым!

– Теледидардан «жұлдыздар» жыпырлап тұратын кезге тап келдік-ау, осы…

-Қазіргі ән орындаушылардың көбіне көңілім толмайды. Нағыз әншілердің, халықтың әні эстрадалық әндердің көлеңкесінде қалып жатыр. Әнші әнді «тірі» дауыспен айтып жатыр ма, ол ән халық құштарлығынан қаншалықты шығып жатыр, осы жайдың мәнісі жан ауыртады.

Қасиетті Семейім аңсатып тартты да тұрды

– Мына дәстүрлі әншілер класыңыз тәп-тәуір жабдықталған екен. Бұған дейін мына қалалық Мәдениет үйінде мұндай арнайы жабдықталған кластар болмаған сияқты еді.

– Іргесі қаланғанына биыл 70 жыл толатын филармонияңыз да осы Мәдениет үйінде орналасқан. Дәстүрлі Арқа әндері класының ашылуына директорымыз Нұриден Иманбаевтың көмегі көп тиді. Нұриденнің өзі де әнші ғой. Мәселенің мән-жайын жақсы түсінеді. Талапкер жас әншілер келеді алыстан, қаладағы колледж студенттері, жас таланттар келеді. Кітаптар, дискілер бар. Дәстүрлі әншілік мектептің өзі колледжде қосымша сабақ ретінде жүрді. Облыс әкіміне осы мәселеде көмек беруін сұрап хат жазғанбыз, барған хатқа қол қойып, бұдан былай колледждің тиісті бөлімін бітіргендер «Дәстүрлі әнші» деген диплом алып шығатын болды.

– Толғанбай, осы қайсыбір жылы «Толуды Көкшетау жағы аттай қалап алып кетіпті, қолдағы алтынымызды бағаламадық», – деген сөздер желдей ескені бар. Көкшетауда да біраз жылдар қызмет атқарып қайтқан жайың бар емес пе?

– Көкшетауға сол өлкедегі өнердің басында жүрген азаматтар шақырды. Көкшенің өзі де өнерпаздар елі ғой. Біржан сал атындағы ән мектебінде сабақ бердім. Қазақтың белгілі ақыны, жазушы Төлеген Қажыбаев ағамның маңына топтасқан қалың өнерпаз қауымның ішінде жүрдім. Төлеген аға – Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Балуан шолақ сынды қара халықтың ішінен жарып шыққан өнер дүлдүлдері туралы жазылған «Төрт таған» деген тамаша зерттеу кітаптың авторы. Көкше жерінде бір жылдай уақыт тұрдым. Бес шәкірт тәрбиеледім. Дегенмен, расын айтқанда, жерсінбедім. Қасиетті Семейім аңсатып тартты да тұрды.

-Қытай еліне сапарлап барып қайтқаныңды естідік…

– Алысқа ұзаған жоқпыз. Бір апта Шәуешектің маңында болдық. 2006 жылы Қытайдың алты үлкен қаласы мен өңірін емін-еркін аралағанбыз. Қытай қазақтарында Біржан, Ақан сері, Әсет әндері кеңінен тарағанын сол жолы көзіміз көрген. Бірақ оларда біздердегідей мектеп жоқ. Біздің елдің консерваториясын бітіріп, сол Қытайға қайтып барып жатқан қазақ жастары ол жақтағы өнер деңгейін көтереді деген үміттемін.

– Сапар дегеннен шығады, қазір гастроль жайы қалай?

-1992-ші жылға дейін гастрольге толассыз шығып тұрдық. Ол сапарлардың мағынасы, берері ерекше еді ғой. Бұндай сапарлардың өз заңдылығы бар. Тыңдаушы алдындағы жауапкершіліктің не екенін айрықша түсініп-түйсініп қайтушы едік.
Өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші, 80-ші жылдары қазақ әдебиетінің, қазақ ән өнерінің күрт биік көтерілген кезеңі еді ғой. Ол кезде ауылға концерт келгені – бір ұлы той. Оған бармай қалу – күнә. Пәленше деген әншіні, шіркін-ай, бір көрсем болды деп құштарлықпен барасың ол концертке. Қазіргі ауылдан ол құштарлық баяғыда көзден бұл-бұл ұшқан. Ал енді, отансүйгіштік неден басталады? Әр қазақ өз өнерін, өз өлеңін, қысқасы, руханиятын құрметтесе, тек сонда ғана қазақтың ғұмыры ұзақ болады. Қазақ руханияты – қазақтың өзегін жарып шыққан өз үні, асыл арманы, асқақ мұраты, қуанышы, мұңы, жүрек тебіренісі деген сөз.

Сұхбаттасқан – Сайлау Төлеуов

Семей.

Осы айдарда

Back to top button