Инфрақұрылым

Тоғас көшесінің құрылысы қашан бітеді?

Өскемендегі Тоғас көшесінің құрылысы ұзап кетті. Құрылысшылар бас-аяғы шамамен екі жарым шақырымды құрайтын бұл жолды салып бастағалы үш жылдың жүзі болыпты.

Бастапқыда мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын бір жыл ішінде аяқтауға уәде берген-ді. Ал биылғы көктемде жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталатыны туралы хабарланған болатын. Алайда құрылысшылар тағы да сөзінде тұрмады. Нәтижесінде жобаның аяқталу мерзімі жыл соңына дейін шегерілді.

– Тоғас көшесін қалпына келтіру жұмыстары 2017 жылы басталған болатын. Жоба бастапқыда екі қабатты асфальт жамылғысын төсеп, жолақтардың санын төртке дейін көбейтуді көздеген, – дейді Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ерназ Мұқатаев. – Алайда жұмыс барысында жобаға өзгертулер енгізу қажет екені белгілі болды. Дәлірек айтсақ, жер қазу жұмыстары кезінде іргетас пен топырақ үйіндісінің стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталды. Салдарынан жол жыл сайын екі сантиметрге шөгуі мүмкін еді.

Оның айтуынша, 2018 жылы жобаға тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін жұмыс қайта жанданған. Жаңартылған дизайн қолданыстағы топырақ үйіндісінің жобасын толықтай өзгертуді көздеді. Әр қабаттың қалыңдығы шамамен отыз сантиметрді құрады. Жалпы алғанда, жол іргетасының қалыңдығы әр жерде 50-ден 200 сантиметрге дейін жетеді.

Жоғарыда айтқандай, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, бұрын екі жолақты болған Тоғас жолы екі есеге үлкеймек. Бұл автомобиль жолының ені 16 метрді құрайды деген сөз. Бұған қоса, жаңа жолдың бойында жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар да пайда болуы тиіс.

Сонымен қатар көше бойындағы шамдар саны 75-тен 356-ға дейін көбеймек. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 4 057 метрлік жаңбыр суын ағызатын жүйе мен төрт тазарту құрылғысы болады, 109 жаңбыр суының құдығы орнатылады деп күтілуде. Ауқымды көгалдандыру жұмыстары да жүргізілуі тиіс. Атап айтсақ, 40 900 шаршы метр жерге көгал егілуі керек. Көше бойындағы автобус аялдамаларының саны төрттен алтыға дейін көбейеді деп жоспарлануда.

– 2020 жылдың ортасында нысандағы жұмыстарда кестеден қалу байқалды. Тапсырыс беруші тарапынан бірқатар шағым айтылғаннан кейін мердігер кешігудің себебін жұмысшылардың жаппай ауыруға шалдығуымен түсіндірді. Бүгінгі таңда жұмыс қарқыны қалпына келді, бастапқы міндетіміз – көлік жолын ашу, – дейді Е.Мұқатаев.

Айта кетейік, жуықта қала әкімі мердігер ұйым «Элитэнергострой» серіктестігінен нысандағы барлық жұмысты биылдан қалдырмай аяқтауды талап еткен-ді.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсынған соңғы ақпаратқа сенсек, бүгінде Тоғас көшесінде 2 100 метр жол салынып, 106 жарықтандыру бағанасы орнатылған.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button