Тылсым дүние

Түнгі тыныштықты бұзған орындық

Түнгі тыныштықты бұзған орындық


Мұндай дыбысты олар бұрын-соңды естімеген. Түнгі сағат екілер шамасы болатын. Қараңғы үйдің іші жым-жырт. Шырт ұйқыда жатқан Гүлназ бөлме ішіндегі сатыр-гүтір дыбыстарды естіп ұйқысы шайдай ашылды. Бірақ түсім шығар деген оймен алаңсыз ұйқтай берген еді.

Біраз уақыт өткеннен кейін Гүлназ гуілдеген дауысты қайтадан естіді. Бұл не дауыс деп шошыған ол басын көтеріп ұйқысын ашты. Расымен де қонақ бөлмеде біреулер жүргендей дыбыстар анық естілді. Үрейі әбден ұшқан Гүлназ жұбайы Айдосты оятты. Әлгі дауыс екеуіне де естіліп тұр. Түн ішінде қонақ бөлмеден шыққан бұл не дыбыс? Әлде ұры түсті ме?! Жо-жоқ, адамның адымына ұқсамайды.

Бұрын бұл үйде бір жақын туыстары тұрған еді. Дәл осы шаңырақта екі адамның жаназасы шыққаны да бар. Содан кейін бұл үй ұзақ уақыт бойы қаңырап қалған. Ал Гүлназдар жақында ғана көшіп келген.

Еденнің сықырына қосарлана шыққан гулеген дауыс тыйылмаған соң екеуі бөлмелерінен шығуға жүрексінді. Арада бір жарым сағаттай уақыт өтті. Не де болса қарауға бел буған олар бірден қонақ бөлмеге кіре қойған жоқ. Алдымен кіреберістегі шамды жақты. Зәресі зәр түбіне кеткен олар қадамдарын санап басып қонақ бөлмеге кірді. Компьютердің алдында тұрған орындықтың өздігінен қозғалып тұрғанын көргенде жүректері ауыздарына тығылды. Елес емес. Бейнебір үстінде біреу әдейі отырып шайқалтқандай көрінді. Жарық шамын жаққандары сол еді орындық үстінен біреу тұрып кеткендей шиқылдаған дыбыс та, орындықтың қозғалуы да сап тыйылды. Мұны көрген Гүлназдың екі қолы қалтырап, өне бойы шымырлап, өңі бозарып кетті.

Бөлме ішінде тыныштық орнағаннан кейін олар орындықтың орнын ауыстырып тастайды. Бірақ тыныштық ұзаққа созыла қоймады. Бойларын үрей билеген олар қатты сасқалақтаған-ды. Екеуі үйден шығып, ата-аналарының үйіне қарай қашып кеткілері келді. Әттең, тек түн ғана оларға бөгет болып тұр. Жарты сағаттай уақыт өтті. Айдос ұйқыға шыдай алмай Гүлназдың алдына басын қойып жатқан қалпында қалай ұйықтап кеткенін байқамай қалған. Біраз ұйықтап жатқаннан кейін Айдос өзін біреу қылқындырғандай бастырылды. Бірден ояна қоймаған Айдосты Гүлназ амалсыздан шапалақпен бірнеше мәрте салып жібергенде бір-ақ оянды. Айдос оянғаннан кейін жаңа ғана олардың алдынан екі адамның жүріп өткенін көргенін айтты. Ертеңінде болған жағдайды естіген ата-аналары аруақтар құран дәметіп жатыр деп болжады. Көп ұзамай Айдос пен Гүлназ үйге үлкен кісілерді шақырып, құран оқытты, үйді аршамен аластады. Дегенмен, екі жас үрейленіп, басқа үйге көшіп кетті. Сол оқиға болғаннан бері жеті жылдай өтті. Қазір Айдос пен Гүлназдың екі қыздары бар. Содан бері бұл отбасы алаңсыз өмір сүріп жатыр.

Мөлдір Мирас

Осы айдарда

Back to top button