Түн ішінде сауыт киіп, жол тосқан кім еді?
«Аузын ашса жүрегі көрінеді» дейтіндей Сайфолла ағаның фәниден бақиға озғанына да біршама уақыт болды. Адам баласына жақсылық ойлап тұратын ағамыздың жаны жәннатта болсын деген игі ниетпен ол кісіні осы өңірдегі барша жұртшылық үнемі егіле еске алып отырады.
Тек қана шындық жолымен ғана жүретін ағаның жарқын бейнесі Сәкең жайында әңгіме бола қалса, өзінің тап-таза, пәк қалпымен көз алдымызға келіп тұра қалатын. Бірде әңгіме ауаны әлемде болып жататын құпиясы мол сырлы да тылсым дүниеге ауысқанда ол: «…Бір оқиға еш есімнен кетер емес. Мал дәрігері болып еңбек етіп жүрген кезім. Өзімнің жасым әлі қырыққа да толмаған, отыздың ішінде орда бұзар шақтамын. Алыс ауылға өзімнің мотоцикліммен күн кешкіріп кетсе де барып келе жатыр едім. Күздің ақ жауыны басталып, жер-дүние саз балшыққа, лайсаңға айналған. Жабысқан саз көлігімнің адымын аштырмай, жүрісім мүлде өнбей қойған соң, төтеден гөрі тас жолға шығуды қолай көргенмін. Сайрап жатқан тас жолда мотоциклдің жарығы түн түнегін тіліп келе жатқан. Ақ жауынның соңы қарға айналардай күннің райы ызғарланып, суық жел бетке ұрады. Кенет… жарқ еткен қарсы автокөліктің жарығынан жол шетінде қол көтеріп тұрған жанға көзім түсіп, денем «діррр» етті. Үсті-басына темір сауыт киген «жолаушы» қолындағы темір таяғын көлденеңдетіп жолымды тоса берген. Бойымды үрей билеп, газды қалай басқанымды білмеймін, әлгінің жанынан зу етіп өте шықтым. Үйге жеткенше денем дірілдеп, жүрегім атқақтап басылар болмады. Үйдегі кәрі шешем мен жұбайымның да менің сұрымды көріп, көздері тостағандай болды. «Не болды? Неге осыншама абыржыдың?» деп сұрақтың астына алып жатыр-ақ. Ләм-мим деместен, жылдамырақ жуынып, шешініп, жатып қалдым. Кейін осы оқиға туралы ешкімге тіс жарып айтпадым. Тек өзінің көріпкелдігімен, бақсылығымен аты Тарбағатайдың күнгейіне мәлім болған әйгілі Сағила емшіге айтқанымда ол:
«Әттеген-ай, бекер ғана тоқтамаған екенсің!» деп өкінішін білдірді. Бұған қатты таңғалған мен одан: «Неге олай дейсіз? Түн ішінде иен далада жалғыз келе жатқан мен тұр ғой әлденешеу болып келе жатқан топ болса тоқтамайтынына кепілдік бере аламын деп өз уәжімді айтқан едім. Ол кісі сәл ойланып отырып: «Сайфолла, үлкен жолдың бойында саған жолығып, тоқтатқан Қыдыр баба болатын. Сен ол кісіге тоқтағанда өзіңе де, үрім-бұтағыңа да бақ қонар еді, амал бар ма?..» деді. «Мен не дерімді білмедім» деп отырушы еді жарықтық. Осы өңірге әйгілі Сағила емші айтса шынында да, қалт айтпайды. Осы жайында кейінгі жылдары көп ойландым. Расымен жер бетінде болып жататын осындай тылсым құбылыстардың сыры неде екен…
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.