Тылсым дүние

ТІЛІ ЖИЫРМА ЖАСЫНДА ШЫҒЫПТЫ

ТІЛІ ЖИЫРМА ЖАСЫНДА ШЫҒЫПТЫ
Отыз үйлі шағын ауылымыздың бір тұрғыны Мұқай деген ағамызды қайсыбір үлкендеріміз сыртынан «мылқау Мұқай» дейтін.

Біз оған мән бермейтінбіз. Көп сөзге жоқ, шешіліп сөйлеуді білмейтін, үнемі өзімен-өзі томаға тұйық жүретіндігінен солай атайтын шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, Мұқай ағамыздың тілі тумысынан шықпаған екен. Ол жайында біздерге бертінде, ауылдың көнекөзі Берді ақсақал әңгімелеп бергені бар.

– Соғыстың күйіп тұрған кезі болатын. Бала-шаға, кәрі-жас демей, бәріміз шабындық басында жүргенбіз. Мұқай түнде шөпшілер бригадасының күш-көлігін бағып, күндіз отауға шөп әперіп тұруға шығатын. Бір күні таңертең Мұқай қос басына баққан малын әдеттегі уақытында айдап келе қоймады, – деді ол. – Әрі-бері тосқан соң бір пәленің болғанын сезіп, біраз адам оны іздеуге шықтық. Бір сайдың ішінен оның ерттеулі күйде бос жүрген торы шолағын таптық. Ат жүрген маңайды біраз шиырлағаннан кейін бір қалың бұта-қарағанның түбінде ес-түсіз жатқан Мұқайдың үстінен түстік. Әйтеуір, бойында жаны бар екен, көтеріп, қосқа алып келдік. Іле шала колхоз бастығына кісі жібердік те, әрқайсымыз күнделікті шаруамызға орай шабындық басына аттанып кеттік.

Түс әлетінде қосқа оралсақ, Мұқайымыз басын көтеріпті. Оның жанына аздаған ем-дом жасай білетін Сатыш деген ақсақалымызды қалдырып кеткен едік. Енді қарасақ Сәкеңнің өзі сұлап жатыр. Бетіне су бүркіп, әрең дегенде есін жиғызып алдық.

Ол басын көтере салысымен қайта-қайта: «Мынаған тіл бітті» деп Мұқайға қарап, қолын шошайта береді. Өзінде өң жоқ, түс жоқ. Әбден шошып кеткенін түрінен көріп тұрмыз. Түкке түсінсек бұйырмасын, бәріміздің тіліміз байланып қалғандай, жақ ашуға дәрменіміз жоқ. Сәлден соң өз-өзімізге келіп, біз жоқта не болғанын сұрай бастадық. «Мынаның бетіне қарап, бейшараның ендігі көрмегі осы ма еді?» деп, ой үстінде отырғанмын. Ол сол әзірде көзін ашып алды да: «Мен неге жатырмын, маған не болды?» дегені. Мұны естіген бойда өзімнің қалай талып түскенімді білмей қалдым» деп үзіп-жұлып сөйлеген Сәкең бізге мән-жайды түсіндірген болды.

Сөйтсек, оқиға былай болған ғой. Таң алдында Мұқай малды жинап жүріп, басы бұтаға кіріп тұрған қара өгіздің жон арқасынан қолындағы ұзын бишігімен шықпыртып жіберсе керек. Бірақ, өгіз дегені аю екенін ол байғұс қайдан білсін. Сол кезде аю ақырған күйі артқы екі аяғына тік тұра қалыпты. Мал екеш малға да жан керек екен, әншейінде мың салса, бір баспайтын шолақ торы оқыстан жалт бергенде, Мұқай жерге топ ете түскен ғой. Көрер жарығы бар екен, даланың дүлей тағысы мұны жемтігіне айналдырмапты. Содан бұл туралы қостағыларға Мұқайдың өзі айтып беріпті.
Бұл ненің құдіреті екенін кім білсін, сол күннен бастап Мұқай кәдуілгідей сөйлеп кетіпті. Бұл оқиғаға куә болғандардың кейде оны сыртынан «мылқау Мұқай» деп қалатындары сондықтан екен.

Мұрат Әміренов

Осы айдарда

Back to top button