Тіл үйірер балдың түр-түрін ұсынды
Семейде ара балының фестивалі өтеді дегенді естіген халықтың қуанышында шек болмады. Бұл шараны орыс әлеуметтік-мәдени орталығы мен қаладағы омарташылар қауымдастығы ұйымдастырды.
Облысымызда бұл шаруашылық аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен табысты салаға айналып, халық денсаулығын нығайтуға және экономикамыздың ілгерілеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Омарташылардың жұмысы қағілездікті талап етіп, мұқият болуды үйретеді. Мемлекет омарташыларға қолдау көрсетіп, субсидиялар беріле бастады. Облысымызда кешенді шаралар қолға алынды.
Омарта шаруашылығымен айналысатын аудандарда ара ұстаушылар қатары көбейді. Әсіресе, Катонқарағай, Зырян, Глубокое, Бородулиха, Шемонайха сияқты омарта шаруашылығымен дәстүрлі айналысатын аудандарда ілгерілеушілік бар. Соның нәтижесінде қазір Шығыс Қазақстанда асыл тұқымды ара өсіретін 31 омарта шаруашылығы құрылып отыр. Жалпы ара өсірумен қазір облыста мыңнан аса адам айналысады десек, осы қатарға семейліктер де қосылып келе жатыр. Достық үйінің фойесінде жергілікті омарташылар тұрғындарға дәмі тіл үйірер балдың барлық түрін ұсынды. Бұл – қала бойынша жарты жыл ішінде осымен екінші мәрте өткізіліп отырған шара.
Семейдегі қоғамда 30 омарташы бар, ал бал арасын өсіретіндердің саны одан да көп. «Олар да қоғамымызға кірсе, тәжірибені молынан жинақтап, бөлісер едік» дейді ара өсірушілер.
– Қала тұрғындары ара өсірушілердің еңбегін жоғары бағалап, жергілікті бал түрлерімен танысқаны біз үшін аса қажет, – деді әлеуметтік-мәдени орталық төрағасының орынбасары Надежда Козырева.
Тәжірибелі омарташы Татьяна Ляхованың айтуынша, қыста балқытылған балдан гөрі қатыңқырап тұрған балды алған аса тиімді.