ҚАЖД

Тіс пастасынан есірткі, «чипсыдан» спирт, «роллтоннан» телефон шықты

Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің үш түзету мекемесінде 4 ұялы телефон мен 2 литр алкоголь өнімі тәркіленді.

Тыйым салынған заттарды сотталғандарға туыстары, таныстары беріп жіберген. Заттарды жіберу тәсілдері, байланыстағы адамдардың айлакерлігі мен тапқырлығы барған сайын ҚАЖД қызметкерлерін таңқалдыру үстінде. Мәселен, мекемелердің бірінде «Роллтон» қорабы ішінен «iPhone» телефоны, ал чипсының ішінен целофанға оралған спирт табылды. Ол ол ма, бұл жылы түрме қызметкерлері колонияларға есірткі тасымалдаудың жаңа тәсіліне де куә болуда.

– Шырын түтікшесіне скотчқа оралған есірткі тығып, түтікшені тіс пастасының ішіне салған. Алайда, офицерлер тыйым салынған заттарды уақытында тауып, тәркіледі, – деді ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, полиция полковнигі Жанболат Калетаев.

Кейбір жағдайларда қауіпсіздігі төмен колонияларда сотталғандар тыйым салынған заттарды заңсыз өткізуге тырысады. Мәселен, өткен аптада жұмыстан колонияға оралған 20 жастағы сотталған адам іш киіміне телефон салып өтпек болған.

Өз кезегінде департаменттің баспасөз қызметі облыстың барлық түзеу мекемелері металл іздегіштермен, бейнетіркегіштермен және рентгендік-телевизиялық құрылғылармен жабдықталғанын айтады.

Айта кетейік, жыл басынан бері 17 телефон және 5 литр алкогольдік ішімдікті түрме қабырғасына кіргізбекке әрекет жасалған.

 

Дәурен Аллабергенұлы

 

Back to top button