Денсаулық сақтау

Тиімділікті арттыру бағдарламасы жұмыс істейді

  Денсаулық сақтау саласы – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бөлігі, сондықтан осы саланы тиімді басқару, оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша жұмыс жүргізу және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аса маңызды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмаханов сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өзі басшылық ететін салада іске асырылу барысы туралы айтып берді.

Басқармада қызметтің ашықтығын арттыру, денсаулық сақтау қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қаражаттың бөлінуіне қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Жайық Жұмаханов атап өткендей, облыста денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бағдарламасы әзірленіп, табысты жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі бағыттары – адами капиталды, ресурстар мен технологияларды дамыту.

Естеріңізге сала кетейік, бағдарлама әлемнің жетекші клиникаларында медицина қызметкерлерін даярлау және қайта даярлау, халықаралық стандарттар бойынша клиникаларды жаңғырту және жабдықтармен жарақтандыру, мамандандырылған орталықтар, республикалық ғылыми орталықтардың филиалдарын құру, сондай-ақ цифрландыру сияқты төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда.

Осының барлығы медициналық көмек көрсету сапасын арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Жайық Жұмаханов барлық медициналық ұйымдарда медициналық ақпараттық жүйелер (МАЖ) енгізілгенін айтты. Соның нәтижесінде құжаттарды қағазсыз жүргізу жүйесіне толығымен көшуге мүмкіндік туды. 1,3 миллионнан астам электрондық денсаулық паспорты жасалды. Бұдан басқа, МАЖ арқылы дәрілік заттардың болуын, жұмсалуын және қажеттілігін мониторингтеу енгізілді. Тұрғындар үшін мобильді қосымша әзірленді, соның арқасында дәрігердің қабылдауына үйден шықпай-ақ жазылуға болады.

– Медициналық ұйымдардың әрбір басшысы мен қызметкері, сондай-ақ азаматтардың өздері сыбайлас жемқорлықтың салдарын түсінуі тиіс. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелерімен үнемі, тынбай айналысуымыз керек, – деп атап өтті Жайық Жұмаханов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы медициналық ұйымдарда тұрғындар үшін қажетті ақпарат – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі ілініп тұрғанын ескертті. Сонымен қатар ауылда медицинаны дамыту бойынша маңызды қадамдар жасалған. Алтай және Аягөз қалаларында екі инсульт орталығы табысты жұмыс істеуде, олар ауыл халқын мамандандырылған көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Облыс халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 1086 бірлік заманауи жабдыққа қол жеткізді. Бұл жоғары технологиялық техника көлемін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Өңірде ана мен баланы қорғау, қан айналымы жүйесі ауруларын емдеуді дамыту, сапалы онкологиялық, хирургиялық және травматологиялық көмекті қамтамасыз етуге басымдық берілген.

Дайындаған – Айна  Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button