Теректі ауруханасы аудандық мәртебесінен айырылғанымен, бірде-бір қызметкер қысқартылмайды
Жақында өткен әкімдік мәжілістерінің бірінде аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ облыстың қайсыбір аудандарындағы медициналық мекемелердің жұмыстарына сын айтып, халықты медициналық қамту жағдайының айтарлықтай олқы екендігін атап өткен болатын. Сонымен бірге тұрғындардан кейбір медицина қызметкерлерінің өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтыны, қарапайым халыққа дөрекілік көрсететіні жайында да арыз-шағымдардың түсіп жатқаны ескертілген болатын.
Осындай өңірлердің бірі ретінде Күршім ауданы да аталған-ды. Осыған орай біз Күршім №1 медбірлестігінің директоры Марат Білейменовпен тілдесіп, мән-жайды анықтауға тырыстық.
– Облыс Әкімінің айтқан сынын теріске шығара алмаймыз, – деді Марат Бақтиярұлы. – Біздің мекемеде де кейбір келеңсіздіктердің орын алғаны рас. Бірақ, көптеген толғақты мәселелердің біздің құзырымыздан тыс жағдайда туындап отырғаны шындық. Мәселен, жоғарыда айтылған арыз-шағымдардың көпшілігі Марқа өңірінен түсуде. Оның себебі мынада: облыс Әкімінің қаулысына сәйкес, Теректідегі аудандық аурухана – №2 медбірлестікті №1 медбірлестікпен қосып, оңтайландыру мәселесі қарастырылған болатын. Бұл жағдайда Теректі ауруханасы аудандық мәртебесінен айырылып, ауылдық аурухана болып қалмақ. Мұны естіген ондағы қызметкерлеріміз «олай болған күнде жұмысымыздан айырылып, қысқарып кетеміз» деген үрейге беріліп, алдын ала шу шығарып жатыр. Оларды да түсінеміз, жеп отырған нанынан айырылғанды кім құп көрсін?
Бірақ, олардың қорқынышы негізсіз дегім келеді. Аурухана аудандық мәртебесінен айырылғанымен, ұжым бұрынғысынша жұмыс істей береді. Ешкім де себепсіз жұмыстан босатылмайды. Өңірдегі халық санына орай, соған тиесілі жүктеме сақталады. Барлық бөлімшелер, дәрігерлер өз орындарында қалады. Біз тіпті, бұл ауруханадағы кадрлар санын молайтуды жоспарлап отырмыз. Мен жақында әдейілеп барып, Теректі ауруханасының ұжымымен, ауылдық округ тұрғындарымен кездестім. Сонда осы жайлардың бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, албаты қаңқуға бой алдырмауға шақырдым.
Бас дәрігер бүгінде Теректі ауруханасында акушер-гинекологтың, хирургтің, УЗИ аппаратында жұмыс істейтін маманның жоқтығын, ал бұл тапшылықтың барлық емдеу мекемелеріне тән проблема екендігін айтып өтті. Сондай-ақ, №1 медбірлестікте кардиолог, хирург, гинеколог дәрігерлердің орындары ойсырап тұрса, Қалжырға педиатр мен терапевт табылмай отыр. Өткен жылы М.Білейменов медициналық жоғары оқу орындарында оқып жатқан соңғы курс студенттерімен арнайы барып жолығып, оларды Күршімге келуге шақырған-ды. Соның нәтижесінде ауылға келген екі жас дәрігерді қосымша курстарда оқытып, бір инфекция маманы мен бір анестезиологты даярлап алған болатын. Ол осы тәсілді биыл да қолданып көрмек екен.
– Жекелеген медицина қызметкерлерінің дөрекілігі мен өз міндетіне салғырт қарайтындығын жоққа шығара алмаймыз, – деп сөзін одан әрі жалғады Марат Бақтиярұлы. – Арамызда ондайлар бар. Ұжымда жиі болып тұратын жиналыстарда, семинарларда ондайлардың мәселелерін қарап, шара қолданамыз. Аурухана дәлізінде арыз-шағымдарға арналған жәшік ілулі тұр. Оған келіп түскен хаттар күнделікті қаралып отырады. Өкінішке қарай, ескерту алған қызметкерлердің барлығын жұмыстан шығарып жібере алмаймыз. Онсыз да бір қолымызды екі ете алмай отырғанда тәжірибелі маманды босата салу оңайға түспейді. Дегенмен, мұндай адамдар жазасыз қалмай, бұдан кейін үнемі басшылықтың бақылауында болады.
Біздің «Бұрын жеке тұрған терапия мен балалар бөлімшесі неге біріктірілді?» деген сауалымызға М.Білейменов төмендегідей жауап қайтарды:
– 2010 жылы республикамызда Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуіне және «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына орай, бұрындары әркім жатып емделе беретін стационарлардағы орындар жыл сайын 5 пайызға қысқарып отыруға тиіс. Сол себепті, бұл мәселені күндізгі ем қабылдау және амбулаторлық емдеу бөлімшелері арқылы шешу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда скринингті – кәсіби тексеру, тұрғындардың денсаулығына алдын ала зерттеу жүргізуді ауылдардағы бастапқы емдеу мекемелері атқаруға тиіс болып отыр. Бұл дегеніміз – жүрек-қан тамыры ауруларына, глаукомаға, әйелдердің жатыр мойны және омырау обыры науқастарына, еркектердің қуық асты бездері дерттеріне қан алу арқылы тексерулер жүргізу. Бұл шаралардың көп нәтиже беріп отырғанын атап айтқым келеді.
Ауруханада жатып емделетін әр науқастың өз диагнозы болатыны белгілі. Осы бойынша әр диагнозды көрсетіп, портал арқылы республикалық орталыққа күн сайын мәлімет жөнелтіп отырамыз. Ал әлдекімнің сырқаты тиісті диагнозға жатпайтын болса, оған қаржы бөлінбейді. Мұндай жағдайда біз ол науқасты стационарда ұстай алмаймыз. Ол адам күндізгі бөлімшеде немесе амбулаторияда емделуге тиіс болады.
Міне, осыған орай, атап айтқанда, бөлінген қаржының жетіспеуіне байланысты біз терапия мен балалар бөлімшесін қосып, соматика бөлімшесін ашуға мәжбүр болдық. Көп сын айтылып жүрген балалардың ойын бөлмесіне келер болсақ, ақпан айынан бастап аталған бөлме мен бөлімшедегі балалар палаталары талапқа сай жабдықталатын болады.
Осы жайлардың барлығын бүкпесіз әңгімелеген мекеме басшысы бұдан соң жандарына батып жүрген проблемаларды да ортаға сала кетті. Кадр жетіспеушілігі көп істерге қолбайлау болып отырса, оған қосымша онсыз аттап баса алмайтын автокөліктердің 80 пайызы әбден ескірген. Ілдебайлап, әрең жүргізіп отырған жай бар.
Ауылдардағы медицина пункттері қазіргі заман талабына сай келмейді. Оларға көңілдегідей жөндеу жүргізу үшін қаражат керек. Бұрынғыдай пешке бұрқыратып, көмір жағып отырғанның бүгінгі күнге сай жағдай еместігі түсінікті. Оларды электрмен жылытуға көшіру – уақыт талабы. Тек Күршім өңірінде ғана 20 медпункттің 17-сі әлі күнге дейін дәл солай, көмірмен жылытылады.
Ақсуат ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт заман талабына мүлде сай келмесе, Шеңгелді, Тентек ауылдарына жаңа ғимараттар қажет болып отыр. Сондай-ақ, аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу керек. Ол үшін құны 342 млн. теңге болатын сметалық жоба мен сараптама даяр тұр. Ендігі арман – тиесілі қаржының бөлінуі.
Бас дәрігердің шешіле айтқан әңгімесінен біз осындай жайлардан хабардар болып, біраз мағлұматқа қанықтық. Ал мақалада баяндалған жәйттерді сараптап-саралай келе, тиісінше шаралар қолдану жоғарғы орындардың құзырында деп білеміз.