Денсаулық сақтау

Телемедицинаны дамытсақ, тереземіз теңеседі

Облысымызға Корея Республикасының Кангвон провинциясынан мәртебелі меймандар келді. Кангвондағы «Сонгсим» атты жедел жәрдем ауруханасының дәрігері, профессор Ан Му Еоб бастап келген делегация өңірімізге жасаған үш күндік сапары барысында Семей мен Өскеменнің медициналық мекемелерін аралады. Кеше корейлік делегация өкілдерін облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ қабылдады.

Телемедицинаны дамытсақ, тереземіз теңеседіӨткен жылдың шілде айында Корея Республикасының Кангвон провинциясы мен Шығыс Қазақстан облысы арасында өзара достық және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Сол меморандумда медицинаға ынтымақтастықтың ең тиімді саласы ретінде ерекше мән берілген-ді. Өйткені, бұл индустрия Кангвон провинциясында қарқынды дамыған. Тіпті, екіжақты әріптестік шеңберінде үстіміздегі жылдың басында облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары С. Попов бастаған бір топ мамандар Кангвон провинциясында іс-тәжірибеден де өтіп қайтқан көрінеді. Сондай-ақ болашақта Семей қаласындағы медициналық университет қос тараптың тәжірибе алмасу алаңына айналады деген үміт бар. Аптаның басында аймағымызға ат байлаған кангвондық қонақтардың да мақсаты денсаулық сақтау саласының хал-ахуалымен жете танысу болатын. Құрамында Кангвондағы «Сонгсим» атты жедел жәрдем ауруханасының дәрігері, профессор Ан Му Еоб, Вонджу қаласындағы «Тэхно-вэлли» медициналық жабдықтар орталығының кадр жөніндегі бөлімінің бастығы Ан Хонг Ги, «МТМ» фирмасы президентінің орынбасары Им Кенг Бин мырза бар делегация үш күн бойы Семей мен Өскемендегі ірі медициналық мекемелердің жағдайымен танысып шығыпты. Атап айтқанда, Семейдегі медицина университеті, облыс орталығындағы Ана мен бала орталығы, Өскемендегі №1 қалалық аурухана мен облыстық ауруханада болыпты.

Десе де Корея Республикасынан келген қонақтар өңірдегі телемедицина жүйесінің даму деңгейіне қатты мән берген сыңайлы. Әрине, Кангвон провинциясымен салыстырғанда бізде телемедицинаның кенжелеп тұрғаны рас. Айырмашылық жер мен көктей. Мұны Кангвондағы «Сонгсим» атты жедел жәрдем ауруханасының дәрігері, профессор Ан Му Еоб мырза облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВПЕН кездескенде ашып айтты.

– Сіздердегі телемедицина жүйесі әзірге дәрігер мен дәрігердің арасын байланыстырып, кеңес алу құралы ретінде ғана пайдаланылады екен. Ал біздің елде телемедицина емделуші мен дәрігердің арасын тікелей байланыстырады. Телемедицинаның әсіресе, шалғайда жатқан ауыл тұрғындары үшін пайдасы орасан. Осының арқасында ауыл халқының денсаулығын жақсартуда айтарлықтай жетістікке жетіп отырмыз, – деді ол. Профессор Ан Му Еоб мырза өз сөзінде біздің өңірдің ауылдық жерлерінде ғаламтор байланысының да нашар дамығанын байқағанын жеткізді. Мұның телемедицинаны дамытуды әжептәуір тежейтінін де қадап айтты.

Денсаулық сақтау – әрине, қомақты қаржы салуды талап ететін сала. Әсіресе, орталықтан шалғайда жатқан, дәрігер мамандар жетіспейтін ауыл халқына ме-дициналық қызмет көрсетудің қымбатқа түсетіні сөзсіз. Осы орайда осыдан оншақты жыл бұрын Корея Республикасы телемедицина саласын дамытуға бел буып, арнайы бағдарлама қабылдапты. Қазір Кореяда кез келген емделуші арнайы құрылғының көмегімен он-лайн жүйесі арқылы өзінің дәрігерімен оңай байланысып, емделе алады. Профессор Ан Му Еоб арнайы құрылғының қалай жұмыс істейтіні туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

– Телемедицинаны дамыту – біздің өңір үшін де өте маңызды мәселе. Өйткені облысымыздың аумағы өте үлкен. Халқы да шашырап қоныстанған. Дәрігер мамандардың жетіспеушілігі мәселесі де бар. Осы тұрғыдан алғанда мұндай заманауи құрылғының пайдасы біздің өңір үшін өте үлкен болар еді, – деді облыс басшысының бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ.

Десе де кангвондық әріптестер мақ-тап отырған құрылғының мүмкіндігі қан-шалықты? Қан қысымы мен қандағы қант мөлшерін өлшеуден басқа тағы қандай ауруларды анықтай алады? Облыс Әкімінің бірінші орынбасарын осы мәселе де қызықтырды. Бұл сауалға Вонджу қаласындағы «Тэхно-вэлли» медициналық жабдықтар орталығының кадр жөніндегі бөлімінің бастығы Ан Хонг Ги жауап берді. Корейлік «МТМ» фирмасы да денсаулық саласында, оның ішінде телемедицинада жаңа жобаларды іске асырумен айналысады екен. Шетелдік әріптестер Шығысқа қол созуға әрқашан әзір. Ал облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ бұл тәжірибені, құрылғының техникалық мүмкіндіктерін әлі де зерттеу қажет деп санайды. Құрылғыны сатып алып, орнату оңай, әрине. Бірақ сол құрылғыны өзіміздің өңірде өндіріп, құрастырсақ, тіпті, қатып кетер еді. Және арнайы қызмет көрсету орталықтарын да ашу маңызды мәселе.

– Сіздер Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері арасындағы Кедендік одақ туралы естіген боларсыздар. Егер заманауи құрылғыны біздің елде құрастыратын болсақ, сіздер Қазақстан арқылы мұны Ресей нарығына да шығару мүмкіндігіне ие бола аласыздар, – деді облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ.

Кангвондық әріптестердің өңірде телемедицинаны дамыту туралы ұсынысының маңыздылығы жайында кездесуде Өскемендегі Ана мен бала орталығының директоры Рая Жанғалиқызы да атап айтты. Әсіресе, бұл шалғай ауылдағы аяғы ауыр әйелдің денсаулығын бақылап отыру үшін өте пайдалы болар еді.

Кездесу соңында облыс Әкімінің бірінші орынбасары қонақтарға естелік сыйлық тарту етті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button