Президент тапсырмасы

Технология дәуірінде төрге озған мамандар

Ынтымақ Толқын

Еліміздің еңбек нарығында IT саласы мамандарына деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Осыған орай Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін IT саласында жұмыс істейтін 100 мың білікті маман даярлау туралы тапсырма берді. Бұл тапсырманы орындау үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?

Технология дәуірі туды. Адамзат баласы технология тілін меңгерген сайын біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде IT мамандардың қызметіне қажеттілік арта түсті. Бүгінде компаниялардың барлығы дерлік өз ісінің шебері әрі сауатты бағдарламашылар мен әзірлеушілерге зәру. HeadHunter онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының мәліметінше, IT саласы бойынша бос жұмыс орындардың саны өткен жылмен салыстырғанда биыл 57%-ға өскен. Бұл көрсеткіш тек ағымдағы жарты жылдың есебімен алынып отыр. Осыған қарап, елімізде IT саласының мамандары тапшы екенін аңғаруға болады. Жалпы «бұл сала елімізде қалай дамып жатыр, білікті маман даярлау үшін қандай шаралар қолға алынған?» деген сауалдар көптің көкейінде жүргені анық.

Президенттің 2025 жылға дейін 100 мың білікті IT маман даярлау туралы берген тапсырмасының негізінде облыс орталығында «Junior training» және тереңдетілген екі оқу бағдарламасы әзірленді. Ал алдағы уақытта өңірдің қалалары мен аудан орталықтарында тағы да 15 бағдарламалау орталығын ашу көзделген.

Облыстың білім басқармасының мәліметінше 2018 жылдан бастау алған «Балаларға арналған тегін IT сыныптар» жобасы бүгінде өңірдегі мектептерді 100% қамтыған. Онда болашақ мамандар роботты техника, 3D модельдеу және бағдарламалау бағыттары бойынша білім алады.

Өскеменде IT бағытында оқытатын облыстық мамандандырылған IT-мектеп-лицейі мен математика, физика және информатика саласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейі бар. Мектеп қабырғасында оқушылар бағдарламалау тілін үйреніп, заман талабына сай бейімділігін арттырады. Облыс әкімінің инвестициялық орталығы базасында ашылған «Jastar Time» инновациялық орталығы 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Онда өңірдегі техникалық жоғары оқу орындарының үздік мамандары бағдарламалау тілінен дәріс береді.

IT бағытында жүрген жастарға қолдау көрсетіп, жігерлендіру мақсатында жыл сайын облыстық IT форумдар, чемпионаттар, фестивальдер мен хакатондар өткізіледі. Онда IT сынып оқушылары мен студенттер осы сала бойынша ғылыми технологиялық жобаларын ұсынады. Үздік деген StartUp жобаларға арнайы гранттар бөлініп, қаржылай колдау көрсетіледі. Осы жылы тоғызыншы облыстық «New Genetarion» IT фестивалінде осындай 14 жоба үздік шығып, 13 млн теңгеден астам сомаға қаржыландырылған болатын. Сонымен қатар биыл «Бағдарламалау», «3D модельдеу» және «Роботты техника» біліктіліктері бойынша 5-11-сыныптардың оқушылары арасында «Skills for geeks» облыстық онлайн чемпионаты, мектептер арасында 3D-модельдеу және 3D-баспа бойынша қашықтан өткізілген «3D Modeldeu Älemi», «Jasandy Intellekt-2022» облыстық байқауы және тағы да басқа іс-шаралар ұйымдастырылған. IT саласында маман тапшылығының алдын алу үшін мұндай шаралардың өтуі де өте маңызды.

IT arular mektebi – бірегей жоба

Білім төңірегінде сөз болса кітапхананың да еңбегін атап өткен жөн. Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапхана жастардың жаңа технологиямен танысып, тың бастамаларды бастауына септігін тигізіп келеді. Атап айтқанда, қазақ қыздарына арнап «IT arular mektebi» курсын ашты. Жобаның басты мақсаты IT саласына бет бұрғысы келетін қыздарға бағдар көрсетіп, қолдау білдіру. Мұндай бастаманың туындауына қоғам арасындағы әртүрлі пікірлер ұйытқы болған.

– Халық санасында қазақ қыздары мұғалім немесе дәрігер болуы керек деген түсінік қалыптасқан. Ал біздің заманымызда технология күн сайын қарыштап дамып жатыр. Осы орайда біз неге қаракөз қыздарымызды да заманға сай мамандыққа баулымасқа деген ой келді. Қаламыздағы жоғары оқу орындарынан IT саласы бойынша білім алатын қыздар туралы мәлімет жинағанымда, өте аз болып шықты. Оқып жүргендерінің өзі орыс тілінде білім алады екен. Содан «неге қазақ қыздарына тегін білім беретін IT курсын ашпасқа?» деген ойға келдім, – дейді қалалық кітапхананың директоры Хабиба Ақжігітова.

«IT arular mektebi» жобасын АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі қаржыландырған. Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметкерлері аталмыш жобаны конкурсқа жіберіп, тиісті қолдау алған.

– Біз «IT arular mektebi» жобасын конкурсқа ұсынғанда 10 мың доллар сұраған едік. Алайда олар біздің жобаны көріп, онлайн кездесуге шақырды. Бұл бастама үшін сұраған қаржымыздың жетпейтінін айтып, 25 мың доллар беруге әзір екендіктерін білдірді. Соның арқасында қыздарымыз білім алып отырған қымбат жабдықтарға қол жеткіздік, – дейді кітапхана қызметкері Бақтылы Секенқызы.

Бөлінген грант аясында қалалық кітапхана арнайы бағдарламаларға арналған су жаңа тоғыз ноутбук, екі Apple MacBook Air 13 және 3D принтермен жабдықталып, жастардың игілігіне жараған. Қазіргі уақытта IT саласына қызығушылығы бар қыздар осы курста шеберліктерін шыңдауда.

АҚШ-тың халықаралық даму агенттігімен келісімшарт бір жылға жасалған. Аталмыш мерзімде кітапхана 12 мен 17 жас аралығындағы 120 қызға 3D үлгілеу, 3D Home Design интерьер-локацияны үлгілеу, Digital fashion (сәнді киім үлгілері) және VR қосымша жасау бағыты бойынша білім беріп, кәсіби деңгейлерін арттыруы қажет. Курсқа жазылушылар топ-топқа бөлініп оқытылады. Әр топта 10 адамнан. Қазіргі уақытқа дейін барлығы 69 қыз білім алған. Оның 15-і сәнді киім үлгілерін және адамның 3D көшірмесін жасау, 38 қыз «Blender» бағдарламасы арқылы қоршаған ортаны 3D үлгілеу бойынша, ал 16 ару 2D бейне және «Corel Drow» бағдарламалары бағытында курстан өткен.

– Мен кітап алуға келгенімде осы курстың бар екенін білдім де, неге қатысып көрмеске деп ойладым. Өзім IT саласында білім алып жатқандықтан курс қызық болып көрінді. Қазір сабақтан қалмай келіп жүрмін. Оқу орнымдағы оқу бағдарламасынан ерекшеліктері бар. Бұл жерде тек бір бағытпен жұмыс істеп, белгілі нәтижеге жетуге болады. Ал университетте әртүрлі бағдарламалау тілімен танысатын болғандықтан көп нәрсені үстірт шолып кетеміз. Жалпы IT саласын қазіргі заман талабына сай мамандық болған соң таңдаған едім. Қазір тегін үйреніп жатқан бағдарламалардың тілін жетік біліп, болашағымды да осы саламен байланыстырсам деймін, – дейді курсқа қатысушы Гүлсая Сапарбекқызы.

Сабаққа қатысу үшін компьютерді немесе арнайы бағдарламаларды жетік білу шарт емес. Тек, ынта-жігеріңіз болса жеткілікті. Сабақ барысы білім алушыға 3D әлемінің ең алғашқы қадамынан басталады. Күніне бір жарым сағат болатын курсқа келушілердің де саны аз емес.

– Біз курсқа қатысушыларға барынша жағдай жасауға тырысып отырмыз. Сабақ кестесін оқушылардың бос уақытына ыңғайластырып жасадық. Қазір сабаққа көбінесе колледж студенттері қатысуда. Білім алам деп келген қыздарға топ еткізіп бірден қиын тапсырмалар бермейміз. Ең қарапайым дүниелерден бастап, оқушыларға кезең-кезеңімен толық курсты үйретеміз. Шәкірттердің арасында жетістікке жеткендер бар. Анастасия Ляшенконың жасаған виртуалды киім үлгілерін лондондық кутюрье сатып алды. Ал Адия Жұмағазы да өзінің жасаған еңбегін сатып үлгерді, – дейді жоба жетекшісі Әсел Омарова.

Айта кетелік, бұл жобаның қаржылай қолдау тауып, жүзеге асуына себеп болған облыстық кітапханашылар қауымдастығы. Елімізде бұндай жобаларға қолдау көрсететіндер аз болғандықтан, шетелдік конкурстарға қатысып, бақ сынап жүр. «IT-arular mektebi» осы қауымдастықтың жасаған жалғыз жобасы емес, осыған дейін де біраз конкурсқа қатысып, нәтижесінде жемісті жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері федерациясының 82-ші конференциясында осы ұйым ұсынған  «IT-Юрта» жобасы 130 елдің кітапханашылары арасынан суырылып шыққан.

Жалақысы жаман емес

IT саласын дамыту барысында ел көлемінде де ауқымды жобалар даярлануда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ел аумағында 20 заманауи бағдарламалау мектебін ашуды және сол мектептерге 20 мың грант беруді жоспарлаған. Бұндай мектептер ел төңірегінде 2021 жылдан бері ашыла бастады. Атап айтар болсақ, Алматыда «HackerU» мектебі, Жезқазғанда «Zhez-IT» мектебі, Ақтау қаласында «Da Vinci School» мектебі мен Оралдағы «IT HUB» мектебі жастарға білім беруді бастап кеткен. Нарықтағы маман тапшылығының мәселесін шешу барысында IT мектептерімен тығыз байланыста жұмыс істеу тиімді болып отыр. Өңірлерде білім беретін осындай мектептердің көбеюі ілім мен білімге құштар жастардың жолын ашары даусыз.

IT саласының мамандарына сұраныстың артуына байланысты олардың еңбекақысы да айтарлықтай өскен. HeadHunter онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының мәліметі бойынша, IT мамандарының жалақысы 17%-ға көтерілген. Қазіргі таңда жұмыс берушілер мамандарға орта есеппен 220 мың теңге еңбекақы ұсынады. Ал сала бойынша айтар болсақ, бағдарламашылар 400 мың теңге, жүйелік әкімшілер 500 мың теңге, мобильді қосымшаларды әзірлеуші мамандар 600 мың теңге көлемінде жалақы алады.

Осы айдарда

Back to top button