Ауыл шаруашылығы

Техниканы жаңарту тәртібі қалай?

Дақылдың көктемде себіліп, өнуі, ала жаздай күтіліп, түсім беруі, күзде орылып, қамбаға түсуі бірнеше факторға тәуелді екені белгілі. Жалпы, шаруа жайының тең жарымы табиғи-климаттық және экономикалық жағдайлармен қатар,  техникалық жағынан қамсыздануға да байланысты. Бүгінде бұл еліміздің ауыл шаруашылығы-өндірістік кешеніндегі өзекті мәселенің бірі. Өйткені ескі техникамен шаруа  мандымайтыны рас. Осыған орай  бүгінгі әңгімеге арқау болған осы тақырыпты  тарқатып, аталмыш жұмыстардың біздің өңірде қалай жүргізіліп жатқанын айта кетуді жөн көрдік.

 Шалғымен шөп шауып, орақпен егін оратын заман өтті. Әр үйдің дастарқанындағы нанды  қырманға жеткізу бұрынғыдай адам күшімен емес, техникамен атқарылады қазір. Бұл күнде ат артып, өгіз тартқан шаруаның емес, қолында қарапайым тракторы бар ауыл азаматының ісі алға басты. Сапалы техника мүмкіндікпен қатар, ертеңгі күнге деген сенімділікті де арттыратыны рас.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қыркүйектегі Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтқан болатын. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін шаруа заманауи әрі сапалы техникамен қамтылуы қажет. Жалпы,  сарапшылар бүгінде ауылдағы техниканың тым ескіріп кеткенін айтады. Қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы кешеніндегі техникалардың 86 пайызының пайдаланылғанына 10 жылдан асып кеткен екен. Соның ішінде 45 пайызынан астамы – қолданылу мерзімі аяқталған ескі-құсқы техникалар. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының таратқан ақпаратына сенсек, Қазақстандағы 152,6 мың трактордың 117 мыңы 17 жылдан бері қолданыста жүрген техникалар. Трактор паркінің 30 пайызы не істен шыққан, не үнемі жөндеудің нәтижесінде ілініп-салынып жұмыс істейді. Ал елімізде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қарқыны тым баяу.

Қолдаудың көмегі көп

Жақында өткен «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Агроөнеркәсіп кешені» бағытындағы партия комиссиясының отырысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян өткен жылы өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жалпы сомасы 16,7 млрд. теңгеге 1256 жаңа ауылшаруашылық техникасын сатып алғанын хабарлаған болатын. Соның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы сомасы 7,7 млрд.  теңгеге 570  техника сатып алынған. Жалпы, ауылшаруашылық техникаларының жаңару деңгейі республика бойынша 4 пайыз болса, біздің облыста бұл көрсеткіш – 4,3 пайыз. Бұл үрдіске негізінен мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі қолдаулар септігін тигізуде. Атап айтсақ, өткен жылы бұл бағытқа инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында 4,6 млрд.  теңге қарастырылған.

– Бүгінгі күні облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке кәсіпкерлердің иелігінде 31 157 дана ауылшаруашылық техникасы тіркелген, – дейді Владимир Гайламазян. – Оның ішінде, деректер базасында 16650-і трактор, 3521-і комбайн, 286-сы жемшөп жинайтын комбайн, 6283-і трактор тіркемесі деп көрсетілген. Бұдан бөлек, 4319 соқа, 4219 тұқым сепкіш, 92 егіс кешені, 3893 шабындық машинасы, 3022 тырма және 601 пресс-жинушы ведомстволық есептерге сәйкес тіркеуге алынған. Жалпы, облыста ауылшаруашылық техникасын жыл сайын жаңарту орта есеппен 2 – 4 пайыз аралығында.

Қаржының бір бөлігін қайтарып алуға болады

Жауапты тұлғаның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешендегі ауылшаруашылық техникасын жаңғырту жаңа технологияларды дамытуға және енгізуге, атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізетін көрінеді.

– Өткен бес жылда облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары трактор, комбайн, тұқым сепкіш, шөп тартқыш, тырма және пресс-жинағыш сатып алуға басымдық берген. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында мемлекет тарапынан 25 пайыздық инвестициялық субсидиялау, 10 пайыздық сыбаға мөлшерлемесі сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы», «Агрокредиттік корпорация», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы лизингтер қарастырылған, – дейді Владимир Гайламазян.

Демек, бұл кәсібін дөңгелетуді ойлаған шаруаның өз  қалтасынан  шығарған  қаражатының бір бөлігін қайтарып алуға да мүмкіндігі бар деген сөз. Басқарма басшысының айтуынша, шетелдік және отандық ауылшаруашылық техникасын сатып алу кезінде субсидиялау нормативтерінің айырмашылығы жоқ көрінеді. Яғни, техниканы сатып алуға берілетін субсидия көлемі техниканың шетелдік немесе отандық болуына қарамастан шығынның 25 пайызына тең болады.

Тозығы жеткен техникалар қабылданады

Тағы бір жаңалық! Биылғы  қараша айынан бастап елімізде тозығы жеткен, өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникаларын жаңасына айырбастау мүмкіндігі туды. Бұған дейін тек жеңіл және жүк көліктеріне ғана осындай әдіс қолданылып келсе, өткен айдың басынан бастап ескі техниканы қабылдау ауқымы кеңейе түсті. Енді істен шыққан ауылшаруашылық техникасын қайта өңдеуге қабылдаудың  қанатқақты   бағдарламасы  Петропавл, Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Талдықорған, Семей, Шымкент, Қызылорда, Тараз сынды 10 өңірде жүзеге асырыла бастаған.

– Қазіргі уақытта «ӨКМ Операторы» ЖШС ел Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1137 қаулысына сәйкес, пайдаланудан шыққан, өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасын одан әрі кәдеге жарату үшін қабылдау жөніндегі бағдарламаны іске асыратын уәкілетті ұйым ретінде айқындалды, – дейді Владимир Гайламазян. – Бұл ретте аталған ұйымға  техника тапсыру үшін ауылшаруашылық техникасының есептен шығарылғандығын растайтын құжатты ұсыну қажет болады.

Қарағанды облысындағы ескі көліктерді қайта өңдейтін зауыт алаңында ресми түрде бастау алған бағдарлама бойынша комбайндар әзірге Петропавл, Қостанай, Павлодар, Көкшетау қалаларында ғана қабылданатын көрінеді. Тракторлар мен комбайн тапсырғандарға жеңілдік сертификаты беріледі. Жеңілдік сертификатының құны ауылшаруашылық техникасының түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін бағаланады.

Бағдарлама операторының  таратқан ақпаратына сенсек, жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған су жаңа ауылшаруашылық техникасын немесе елімізде шығарылған автокөлік құралын сатып алатын кезде пайдалануға болады екен. Сонымен қатар екі сертификатты біріктіруге және сертификатты басқа адамның атына тіркеуге (2 реттен артық емес) мүмкіндік бар. Сертификат тіркелген сәттен бастап оның қолданылу мерзімі – 12 ай.

Компанияның мәлімдеуінше, ауылшаруашылық техникасын қабылдаудың қанатқақты бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 100 трактор мен 20 комбайн қабылдау жоспарланып отыр.

Комбайн егер жиынтығы зауыттан шыққандағы массасынан 50 пайыздан жоғары, яғни, толық жиынтықта болса 2 000 000 теңгеге, ал 50 пайыздан кем, яғни толық емес жиынтықта болса 1 500 000 теңгеге бағаланатын көрінеді. Трактор сәйкесінше, толық жиынтықта 1 млн. теңгеге, ал толық емес жиынтықта 560 000 теңгеге бағаланады.

Тозығы жеткен аграрлық техниканы қайта өңдеуге тапсыру, еліміздегі  ескірген ауылшаруашылық техникаларын жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар  экологиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынталандырады және қайта өңдеудің толыққанды жүйесін құруға ықпал етеді.

Тозығы жеткен ауылшаруашылық техникаларын қайта өңдеуге қабылдау бағасы

Тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникасының түрі Жиынтығы Жеңілдік сертификатының құны
Комбайн (зауыттан шыққандағы массасынан 50 пайыздан жоғары) –       Кабина;

–       Трансмиссия (жетекші белдем, беріліс қорабы, артқы арқалық);

–       Қозғалтқыш;

–       Корпус;

–       Бункер.

2 000 000 теңге (толық жиынтық)
Комбайн (зауыттан шыққандағы массасынан 50 пайыздан кем) –       Кабина;

–       Трансмиссия (жетекші белдем, беріліс қорабы, артқы арқалық);

–       Корпус;

–       Бункер.

1 500 000 теңге (толық емес жиынтық)
Трактор (зауыттан шыққандағы массасынан 50 пайыздан жоғары) –       Кабина;

–       Қозғалтқыш;

–       Трансмиссия (сыңар рама, беріліс қорабы, артқы белдем, егер алдыңғы белдік болған жағдайда).

1 000 000 теңге (толық жиынтық)
Трактор (зауыттан шыққандағы массасынан 50 пайыздан кем) –       Кабина;

–       Трансмиссия (сыңар рама, беріліс қорабы, артқы белдем, егер алдыңғы белдік болған жағдайда).

560 000 теңге (толық емес жиынтық)

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button