Тегін дәрі-дәрмектің неге жоғалып кеткені белгілі болды
Соңғы кезде облыс тұрғындары дәріханаларда кейбір дерт түрлеріне тегін берілетін дәрі-дәрмектердің жоғалып кеткенін айтып, көп шағымданады. Тіпті бұл мәселе қоғамдық кеңесте де қаралған болатын. Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы қалыптасқан жағдайдың себептерін түсіндіруге тырысты.
Басқарма басшысының орынбасары міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинованың берген мәліметтеріне жүгінсек, 2016 жылы дәрі-дәрмек препараттарын сатып алуға жергілікті бюджеттен 3 млн. 66 552 теңге қарастырылыпты. Үстіміздегі жылдың он айында 241 714 адам тегін дәрімен қамтылған. Баяндамашы бұл жерде бюджеттік бағдарлама бойынша препараттармен қамтамасыз етуде қиындықтар бар екенін алға тартты. Елу пайызы жергілікті бюджеттен, қалған жартысы республикалық қоржыннан қаржыландырылатын бағдарлама бойынша артериалды гипертензия, жүректің ишемиялық дерті, созылмалы өкпе ауруы, аритмия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, пневмония және асқазан мен 12 елі ішектің ойық жарасы сияқты дерттерге шалдыққандарға тегін дәрі беріледі. Жыл басында осы мақсатқа 1 млн. 16 786 теңге бөлінген болатын. Ал қазан айында мәслихаттың сессиясынан кейін республикалық бюджеттен қосымша 433 544 теңге қарастырылған. Сонымен 2015 жылмен салыстырғанда биыл осы бағдарлама бойынша бөлінген қаржы 268 062 мың теңгеге артық болғанына қарамастан қаражат әлі де жеткіліксіз. Райфа Сафиоллинова оның себебін диспансерлік есепке алынған науқастардың санының өскенінен, сондай-ақ, препараттардың бағасының қымбаттауынан деп түсіндірді.
-Бірінші қарашадағы жағдайға сәйкес, тегін дәрімен қамтылған пациенттердің саны 1533 адамға артып, 131 528 науқасты құрады. Алайда қан қысымы жоғары науқастардың саны 16454 адамға, ишемиялық жүрек ауруына шалдыққандардың саны 5792 науқасқа, созылмалы өкпе дерті барлардың саны 2013 адамға артқанын ескеруіміз керек. Сонымен қатар облыста тұрғындар арасында скринингтердің сапалы жүргізілуіне байланысты және дәрігерлік қызметтің сапасы артуына байланысты жаңадан диспансерлік есепке алынғандар көп. Ал біздің міндетіміз – есепке алынған әрбір науқасты тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде препаратпен қамтамасыз ету, – деді орынбасардың міндетін атқарушы.
Дәрілердің бағасына келетін болсақ, артериалды гипертензияға қарсы қолданылатын Экватор дәрісінің бір таблеткасының бағасы 44,89 теңгеден 87,75 теңгеге өскен, яғни 2,27 пайызға қымбаттаған. Созылмалы өкпе дертіне шалдыққандарға қажетті Бередуал аэрозолі былтыр 2808 теңге тұрса, биыл бағасы 3682,44 теңгеге жетті. Қан қысымы жоғары науқастар мен созылмалы өкпе ауруымен ауыратындардың саны да тиісінше 8 және 20 пайызға өскеніне байланысты оларды дәрімен қамту көлемі де 34 және 36 пайызға артып отырғандықтан, бөлінген қаржы тоғыз айда игеріліп қойған.
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қосымша бөлінген қаражаттың 72 пайызы немесе 312 045,2 теңгесі артериалды гипертензияға, 96 526,3 мыңы (22 пайызы) созылмалы өкпе дертіне, қалған 19 124,9 теңге ишемиялық жүрек ауруына қарсы препараттарға қарастырылған. Басқарма өкілдерінің айтуынша, жүргізілген мониторинг басқа дерт түрлері қосымша қаржыны қажет етпейтінін көрсеткен. Шенеуніктер тегін дәрі-дәрмекке қатысты жағдайдың жыл аяғына дейін түзелетініне сендірді.
Бұған дейін дәріханаларда дәрілердің бағасы көрсетілмейтіні айтылған болатын. Тұтынушылар үшін дәріханалардағы препараттардың құны әлі күнге жұмбақ күйінде қала бермек. «Өйткені барлығы жеке меншікте болғандықтан, олардың қызметіне араласуға ешкімнің құқы жоқ» деді денсаулық сақтау басқармасының басшылығы.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ