Денсаулық сақтау

Тегін дәрі-дәрмек неге кешігіп жатыр?

Тегін дәрі-дәрмек неге кешігіп жатыр?


Жылда қайталанатын, түйіні шешілмей-ақ қойған осы мәселені анықтау үшін өңірімізге Астанадан арнайы комиссия келді. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша Фармация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбековтің жетекшілігімен келген комиссия мүшелері амбулаторлық науқастарға тегін дәрі-дәрмектің уақытында жетпей жатуының себептеріне талдау жасады. Біз комиссия төрағасына жолығып, мән-жайды өз аузынан естіген едік.

Биылдан бастап елімізде тұрғындарды мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі енгізілгені белгілі. Бұл қызмет енді бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС-не жүктелген еді. Орталықтандырылған жүйенің артықшылықтары көп болады дегенмен, қазіргі жағдай бұл жобаның әлі де «шикі» тұстары барын көрсетіп берді.

Өңірдегі қатерлі ісіктің соңғы сатысындағы науқастар есірткілік медициналық препараттарсыз қалды. Жанын жегідей жеген дерттен құтылу үшін олар міндетті түрде стационарға жатуы керек, не болмаса қатты қиналыспен көз жұмуға мойынсынуға тиіс.

Комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков онконауқастарға амбулаторлық тегін медикаменттердің уақытында келіп түспеуін былайша түсіндірді: – Бұл проблема бұрыннан қызмет көрсетіп келген фарм- компаниялардың қызметінен бас тартудан шықты. Есірткілік медикаменттерді сақтау мен тасымалдау ерекше жағдайды талап етеді. Сол себепті жыл басынан бері бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» жариялаған бірнеше конкурста тасымалдаушы табылмады. Тығырықтан шығу үшін қазір облысқа 500 ампула морфин, бес мың ампула трамадол жеткізілді. Бүгінгі таңда тасымалдаушы табылды, 10 сәуірде өтетін конкурсқа қатысам деп отыр. 30 наурызда квота бекітілген. Барлық процедуралар сәтті аяқталса, наркотикалық дәрілер сәуірдің 25-іне дейін сіздерге келіп жетеді. Жағдай ерекше бақылауда болады.

Сегіз өңірде сараптау жұмыстары жүріп жатыр

Денсаулық сақтау министрлігінің тікелей тапсырмасымен мониторинг жасау мақсатында Фармация комитетінің орталық аппаратының және аумақтық бөлімшелерінің мамандарынан, «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының өкілдерінен тұратын комиссия жасақталып, қазір еліміздің сегіз аумағында мониторинг жүргізуде. Сараптау қорытындылары бойынша, комиссия мүшелері өз ұсыныстарын беретін болады.

Фармация комитеті төрағасының орынбасарының айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа жүйесіне көшу үшін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, оларды заңдастыруға тура келген. Соған байланысты мемлекеттік сатып алуды өткізу уақыты шегеріліпті. Осындай кешеуілдеудің болатынын алдын ала болжаған министрлік республика көлемінде тұрғындарды 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында тегін дәрімен қамту үшін былтыр 5,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлген екен. Қажетті дәрілердің тізімін, көлемін анықтау былтырғы қыркүйектен қолға алынып, медициналық препараттар өңірлерге желтоқсан айынан бастап түсуі керек болатын. Дегенмен дәрілердің алғашқы легі биылғы ақпан айында ғана келді.

«СК-Фармация» ЖШС-нің басқарушы директоры Гүлнар Омарованың берген мәліметтеріне сүйенсек, Шығыс Қазақстаннан медикаменттерге 1024 айқындама бойынша қажеттілік туралы өтінім түсіпті. Олардың 915 түрі сатып алынған, бұл қажетті бүкіл дәрі-дәрмектің 89 пайызы. Амбулаторлық препараттарға келсек, қажетті 404 айқындаманың 342-і сатып алынған. Әлі қол жетпеген 62 түрлі препарат бар. Олардың 12-і есірткілік дәрілер.

– 28 наурызда 48 айқындама бойынша конкурс өтті. Өкінішке қарай, кейбір айқындамалар бойынша тасымалдаушылар шыққан жоқ. Жүргізілген сараптамалар тасымалдаушылардың мемлекет қойған бағаның төмендігі немесе жасалған кестеге келіспеуі себепті табылмай отырғанын көрсетті. Мысалы, біз тауарды жеткізуді таяу мерзімге, мамыр айына қойдық делік, ал өндірушілер бұл уақытқа өздерінің өнімдерін дайындап үлгермейді. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді басқарушы директор.

Ал Нұрлыбек Асылбеков болса тасымалдаушылар шықпаған кезде бағаны көтеру жағын ойластыратындарын айтты.

Генериктерге көшеміз

Министрлік бекіткен тізімдегі дәрілердің көлемі жағынан 70-75 пайызы отандық өндірушілердің үлесінде. Ал бағасына келсек, 50 пайызы шетелдік препараттар. Сондықтан қымбат. Отандық компаниялардың барлығы дәрі-дәрмекті халықаралық стандартпен өндіреді. Сарапшылар өнімдердің стандартқа сәйкестігін, сапасының тиімділігін тексереді. Тізімдегі дәрілер өзгеріп тұрады, бұл жағынан да көп жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір дәрі-дәрмектің сапасы мен тиімділігіне күнделікті мониторинг жасалады, нәтижесінде 50 дәрі тізімнен алынды, клиникалық тиімділігі жоғары басқа 63 препарат қосылды.

Тегін дәрі-дәрмек неге кешігіп жатыр?

Тұрғындар арасында бұрыннан қабылдап жүрген дәрілерінің бекітілген тізімде болмауына наразылық танытатындар кездеседі. Олар дәрігер тағайындаған басқа препаратты ішуден бас тартуға дейін барады.

– Бұл проблемаға біржақты қарамау керек. Адамдар жаңадан іше бастаған дәрісінің тиімсіздігіне шағымданып жатады кейде. Басқа медикамент тағайындалған кезде, біраз уақыт әсерлері болуы мүмкін, ондай фактілер кездесті. Бұл жерде дәрігерлер түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізуі керек. Өйткені егер біз алмастырып жатсақ, демек оның тиімді әсер етуші құрамының бірдей болуын қадағалап барып, ауыстырдық. Мемлекет үнемі оригинал дәрі сатып ала алмайды, осыны түсінуіміз керек. Бұл өте қымбат, тіпті үш есе, бес есеге дейін қымбат. Сол себепті генериктерді (оригинал дәрінің арзан баламасы) сатып алуға тура келеді. Тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем осы тәжірибеге көшкен. Генерик ағзасына тіпті жарамай жатқан науқастарға бұрыннан ішіп жүрген дәрісін алып беріп жатырмыз. Ал жаңадан есепке алынғандарға генериктерді тағайындайды, – деді Нұрлыбек Асылбеков.

Шетелден медикаменттерді енгізудің де өз қиындығы бар екен. 18 миллион халқы бар Қазақстан ірі тапсырыс беруші болып табылмайды. Сондықтан алпауыт трансұлттық компаниялар біздің тапсырысымыздан бас тартады, оған ештеңе де істей алмайсың. Басқадай әрекеттер жасауға, мысалы, бір жолғы кіргізу бойынша жұмыс істеуге тура келеді.

Тексеру бірқатар кемшіліктерді анықтады

Облыста 7 сәуірден жұмыс істеген комиссияға хабарласып, шағымданған тұрғындар да бар. Солардың бірі Глубокое ауданының тұрғыны Садықова бронха демікпесіне қарсы дәрісін ала алмай жүргенін айтқан.

– Осы мәселені анықтап, шешу үшін бір күніміз кетті, – деді Нұрлыбек Асылбеков. – Ең бастысы – препараттар бар, бірақ неге екені белгісіз, кейбір науқастар одан хабарсыз. Жиі кездескен тағы бір кемшілік – отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардан тапсырыстар дұрыс түспеген. Емдеу мекемесінің бірінен өтінімдер артық түссе, екіншісінен кем түскен. Осы жұмысты ширату керек. Сараптаулар нәтижесі бойынша біз өзіміздің ескертулеріміз бен ұсыныстарымызды облыстық денсаулық сақтау басқармасына беретін боламыз.

Тағы бір арыз өскемендік Королев деген азаматтан дәрет жинайтын құралға қатысты түскен. Облыс орталығындағы №1 емханада бұл құрал тұр, бірақ науқастар ала алмай жүр. Өйткені «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі» бағдарламасы бойынша өтпеген. Маманның сөзіне қарағанда, бұл «СК-Фармация» ЖШС, электронды емхананың республикалық орталығы және денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп шешетін мәселе. Кейбір дәрілердің не себепті жоқтығына толықтай түсініктеме берілген. 11-16 айқындама бойынша нақты жұмыстар жүргізіпті. Бірыңғай дистрибьютордың өкілдері денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларымен кездесіп, бар ма, жоқ па, кім, нені , қай уақытта беруі керек деген сияқты сұрақтарды толықтай анықтаған. Шемонайха, Глубокое аудандарының жауапты мамандарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жаңа жүйеге өтудің нәтижесінде республика бойынша 18 миллиард теңге қаражат үнемделіпті, бұл қаржыға қосымша дәрі-дәрмек алынады.

Вырезка

Биылғы жағдай келесі жылы тағы қайталанбас үшін өңірлерден өтінімдерді жинау қазірден басталыпты. Фармация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мемлекеттік сатып алулардың конкурстарын қыркүйекте өткізе бастайтындарын жеткізді. Сонда «СК-Фармация» ЖШС келесі жылдың препараттарын биылғы қараша-желтоқсан айларында өңірлерге жеткізіп қоюға тиіс. Уақыт көрсетер…

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button