Денсаулық сақтау

Тегін берілетін дәрі-дәрмектің жыры таусылар емес

Тегін берілетін дәрі-дәрмектің жыры таусылар емес

Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің аясында ақысыз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуге тиіс шығысқазақстандықтар биыл екінші жыл қатарынан қолайсыз жағдайға тап болуда. Бұл бір жағынан тендер кезінде шыққан дауға байланысты болса, екіншіден, медикаменттердің соңғы кезде қымбаттап кетуі кері әсер етуде.

Облыстық сот ағымдағы жылдың 4 мамыр күні тегін берілетін дәрі-дәрмекті тасымалдау жөніндегі тендерді 2017 жылы ұтып алған тасымалдаушылардың келісімшарттарын тіркеуге салынған тыйымды алып тастау жөнінде қаулы шығарды. Содан бастап дәріханаларда тегін рецептпен берілетін дәрі-дәрмектер тұтынушылар қолына ешқандай кедергісіз бастауға тиіс болатын. Біз Өскемендегі дәріханаларды аралап, жағдайдың қаншалықты түзелгенін байқадық.

Сең қозғалған сияқты

Бірден айта кетейік, тегін медикаменттерді кез келген дәріхана бере бермейді, облыстық денсаулық сақтау басқармасында олардың тізімі бекітілген. Мысалы, аталмыш тізімде «Медик» дәріханалар жүйесі, «Ремедиум» дәріханасы бар. Біз Потанин көшесінде орналасқан «Медиктен» бастадық.
– Қолында рецепті бар тұтынушылар қан қысымына қарсы дәрілер мен балалардың тамағын алып жатыр. Қан айналымы жүйесінің препараттары, ревматоидты медикаменттер әзірге жоқ. Жүректің ишемиялық ауруының препараттарын кім жеткізетіні белгісіз. Бұрын «Ақ ниет» ЖШС тасымалдаған, биыл олар тендерден өтпей қалды, – деді дәріхана қызметкері Вера Афанасьевна.

Осы жүйенің Әуезов даңғылында орналасқан дәріханасында мереке күндері кезек тіпті қалың болды.
-Екі күннің ішінде барлық медикаменттерді алып кетті, қалғанын жұмыс күндері жеткізеді деп үміттенеміз, Әсіресе, қан қысымына қарсы дәрілер бірден өтті. Қант диабетіне қарсы таблеткалар, жүрек ауруының кейбір препараттары әзірге бар. Басты проблема – тасымалдаушылардың өзгеруіне байланысты, рецептерді қайта жаздырып алу. Кейбір тұтынушылардың қолында сәуір айында берілген қағаздар бар, олар мамыр айында жарамайды, – деп түсіндірді фармацевт.

Өскемендік 79 жастағы Евдокия әжейдің қан қысымы 200-ден асып кетеді екен. Үнемі бақылауда ұстап, гипертонияға қарсы дәрі қабылдайды. Жасына қарамастан қарияның құлағы түрік. Медикаменттердің тендердің өтпей қалуына байланысты сатылмағанынан хабардар. Сол себепті таблеткаларды үнемдеп ішуге мәжбүр болыпты.

– Энеас дәрісінің бір қорапшасы бес мың теңгеден асады, бір айға жеткізіп жүрдім. Дәрігер жазып берген бір таблетканың орнына жартысын қабылдадым, – дейді кейуана.
Ал «Ремедиум» дәріханасында тек ревматоидты медикаменттер ғана тегін беріледі.

Тегін берілетін дәрі-дәрмектің жыры таусылар емес

– 18 сәуірде барлық дәрі-дәрмектерді алып кеткен. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ, – деді «Ремедиум» дәріханасының провизоры.
Бұл облыс орталығындағы жағдай. Ал аудандарда не болып жатқаны белгісіз. Ұлан ауданы Асубұлақ елді мекенінен хабарласқан бір оқырман былай деді:
-Кенттегі жалғыз дәріхана мейрам күндері жабық тұр. Бір ауылдасымыз аспирин және басқа да ұсақ-түйек дәрілерді өзі әкеліп, үйінде сата береді. Басы ауырып, балтыры сыздағандар сол кісіден шипа іздеп барады. Бұл қызметпен қаншалықты заңды айналысатынын білмеймін.

Тасымалдаушылар анықталды

Естеріңізге сала кетейік, биылғы сәуір айының басында облыста жеңілдікпен берілетін дәрілерді тасымалдауға қатысты өткен тендерде тағы да дау шығып, медикаменттерді беру тоқтатылған-ды. Созылмалы дертке шалдыққан шығысқазақстандықтар 13 сәуірден бастап өмірлері үшін маңызды препараттарсыз қалған.

Тасымалдаушылардың бірі, «Асфарм» ЖШС-нің директоры Зәуре Көшербаеваның түсіндіруінше, шымкенттік «Ақ ниет», қостанайлық «Фармакс-2» және өскемендік «ЕвроАзиаФарм» фармфирмаларының құжаттары дұрыс болмағандықтан, тендерден аластатылған. Алайда бұл компаниялардың өкілдері тендердің заңсыз жүргізілгенін алға тартып, ауданаралық экономикалық сотқа облыстық денсаулық сақтау басқармасының үстінен арызданған екен.
Осы іске қатысты біздің сауалымызға мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың баспасөз қызметі төмендегідей ақпарат жолдады.

Тегін берілетін дәрі-дәрмектің жыры таусылар емес

«ЕвроАзияФарм» ЖШС мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа «Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы» ММ үстінен тендерлік комиссияның қызметін заңсыз деп, 2017 жылғы 13 сәуірдегі шешімін жарамсыз деп тану туралы арыз түсірді. Соттың 2017 жылдың 17 сәуіріндегі анықтамасы бойынша «ЕвроАзияФарм» фирмасының арызды қанағаттандыру туралы шараларды қабылдау жөніндегі өтініші қанағаттандырылды. ( Аталмыш анықтамаға сәйкес «Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы» ММ-не 2017 жылға кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шеңберінде фармацевтикалық қызметтерді сатып алу жөніндегі тендердің даулы қорытындылары бойынша азаматтық-құқықтық келісімшарттарды бекітуге тыйым салынды немесе олардың орындалуын тоқтату (бекітілген жағдайда) қарастырылды.) облыстық соттың 04.05.2017 жылғы қаулысымен бұл анықтама алынып тасталды.

«ЕвроАзияФарм» ЖШС 05.05.2017 жылы өткен сот отырысында өзінің арызын қарамау туралы өтініш білдірді.
Азаматтық-процессуалды кодекстің 279-бабының 8 тармағына сәйкес, сот арыз беруші өтінішін қайтарып алған жағдайда, шағымды қарамайды.
Соттың 05.05.2017 жылғы анықтамасына сәйкес, «ЕвроАзияФарм» фармкомпаниясының «Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы» ММ үстінен түсірген тендерлік комиссияның қызметін заңсыз деп, 2017 жылғы 13 сәуірдегі шешімін жарамсыз деп тану туралы арызы қараусыз қалды.
Соттың анықтамасы күшіне енген жоқ.» делінген ресми хабарда.

-Облыстық прокуратура облыстық сотқа ауданаралық экономикалық соттың анықтамасына наразылық жіберді. Нәтижесінде бірінші инстанциядағы соттың анықтамасы заңсыз деп танылды. Бүгін біздің қолымызға соттың шешімі тиді, енді облыстық қазынашылық департаментінде келісімшарттар тіркеуден өткеннен кейін, портал ашылады. Сонда ғана дәрігерлер тегін дәрі-дәрмекке рецепттер жазып бере алады, – деген болатын өткен жұма күні Зәуре Көшербаева.

Жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмекті босатуға қатысты дау-дамайдың оңды шешілгенін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинова да растады.

-Тегін дәрілерді босатуда проблема жоқ, бәрі шешілді, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Өскемендік терапевт-дәрігер Замира Түменбаева порталдың ашылғанын, енді созылмалы дертпен ауыратын науқастарға тегін дәрі-дәрмекке рецепт жазып беруге мүмкіндігі барын жеткізді.

Қосымша қаржы керек

Осымен дәрі-дәрмектің жырына нүкте қоюға да болатын сияқты еді. Бірақ Зәуре Көшербаева «ЕвроАзиаФарм» фирмасы мереке күндерінен кейін тағы бір арыз жазатынын ескерткенін айтады.

-Заң бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы тасымалдаушылардың қызметтеріне 30 пайыз алдын ала төлем жүргізуі керек. «ЕвроАзиаФарм» компаниясының өкілі келесі жолы осы алдын ала төлемдерді төлетпеуге арызданбақшы. Бұл әрекет жағдайдың қайталануына әкеп соғуы мүмкін, – деген қаупін жасырмайды Зәуре Көшербаева.

Облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық саласына қатысты экспертті жұмысшы тобы өңірде тегін дәрі-дәрмектің жетіспейтіндігі туралы мәселені әлденеше рет көтерген болатын. 28 наурызда өткен отырыста қоғамдық белсенділер облыстық басқарманың жеңілдікпен берілетін медикаменттерге қатысты жұмысы көңіл көншітпейтінін айтқан. Сол жиында Денсаулық сақтау министрлігіне аймақта диспансерлік есепке алынған науқастардың санының өсуіне байланысты салаға қосымша қаржы бөлу туралы өтініш жасау жөнінде шешім қабылданған-ды.

Біркелкі бағалар белгіленеді

Қазақстандықтар отбасылық бюджеттің 40 пайызын денсаулыққа жұмсайтын көрінеді. Бұл негізінен диагностикалық қызметтер мен дәрі-дәрмекке кетеді. \”Energyprom\” отандық мониторингтік агенттігінің зерттеулеріне сүйенсек, елімізде медикаменттердің бағасының шарықтап кеткені байқалады. Бірінші тоқсанда ғана ампициллиннің бағасы 20,7 пайызға өссе, антисептикалық препараттар 9 пайызға, дәрумендер 4,4 пайызға қымбаттаған. Тіпті бір дәрінің бағасы бір қаланың өзінде әртүрлі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Шығысқа келген сапарында рецеппен берілетін барлық препараттарға республика көлемінде жыл аяғына дейін біркелкі баға тағайындалатынын ескерткен.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button