Ауыл шаруашылығы

Тебіндегі малға қиын болып тұр

Азамат Темірбеков

Қыс ортасында жауған жаңбырдан соң жер-көкті мұз құрсап, тебіндегі малдың қыстық жайылымы тарыла түсті. Табиғаттың бұл тосын мінезі ұландық шаруаларды да тығырыққа тіреп, әбігерге салды рас. 

Аудан әкімінің орынбасары Ләзиза Кенжетаеваның айтуына қарағанда, қазір Ұлан өңірінде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін мыңнан астам шаруа қожалығы мен 200-ге тарта заңды тұлға тіркелген. Бәрі жұмыс істеп тұр.

– Ауданда былтыр 200 мың бас мал тіркелген, – дейді ол. – Биылғы қыстамаға 280,4 мың тонна шөп, пішендеме, сүрлем, сабан және қоспа жем сияқты мал азығы түрлері дайындалды. Бүгінгі күні дайындалған жемшөп төрт түлікті қыстан аман алып шығуға жеткілікті. Қажеттілік туған жағдайда алдын ала келісімшарттар жасалып отырады.

Сонымен қатар көрші Абай облысының Бесқарағай ауданынан шөп сатып алуға, жеткізуге келісім жасалып жатыр. Өскемен қаласындағы ұн тарту комбинатынан кебек, май зауытынан күнжара алуға, Ұлан ауданындағы «Иванченко» және басқа шаруа қожалықтарымен мал азығын сатып алуға келісімдер жасалды. Бұл мал азығын алуға жергілікті тұрғындарға хабарлама берілді.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, қардың қалың түсіп, арты жауын-шашынға ұласуынан кейбір ауылдық округтердегі қысқы жайлымдарды көк мұз басқан. Сол себепті малшылар тебіндегі түлігін қары жұқа, ашық жерлерге жаюға мәжбүр. Айталық, Егінсу ауылдық округіне қарасты «Көрпебай» шаруа қожалығының 500 бас жылқысы Борсақ ауылының маңындағы шаруашылықтардың жайылымына ауыстырылған.

Сонымен қатар қазіргі уақытта техникалары бар шаруашылықтар жайылым жерлерге баратын жолдарды күреп, мұз құрсауынан босату жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Осы айдарда

Back to top button