«Теңге операциясы»: ұлттық валюта қалай енгізілді?
1993 жылдың 15 қарашасы. Бұл – төл теңгеміздің туған күні екені баршаға мәлім. Десек те, кез келген белгілі жайттың көпшілік біле бермейтін белгісіз қырлары жетерлік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оның құрамына енген республикалар өз ақшаларын айналымға шығарып жатты. Банкнот басатын фабрикасы болмаған еліміз үшін ұлттық валютаны енгізу оңайға соқпады.
Бірнеше атау ұсынылды
Ел егемендігінің бір белгісі – дербес ақша-қаржы жүйесі. Тәуелсіздік алған тұста еліміз бұрынғы біртұтас кеңестік «сом аймағында» болды. Сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты ұлттық валюта айналымға енгізіле қоймаған еді.
1992 жылғы шілдеде жеке валютасын енгізген Ресей Қазақстанға өз рубльдерін қолдану туралы ұсыныс жасай бастайды. Олардың мынадай талаптары болды – біріншіден, рубльді пайдалану үшін Қазақстан Ресейдің құрамына федерация субъектісі ретінде енуі керек, екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған 700 миллион АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыруы керек. Қысқасы, олар өз рубльдерін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды.
Сол кезден бастап егемен еліміз Кеңес Одағының сомымен қалған еді. Оған дейін құнсызданып келген қызыл сом әрі қарай құлдырап, инфляция деңгейі 400 пайыздан асты.
Осы қысылтаяң шақта жаңа ұлттық валютаны тездетіп енгізу туралы саяси шешім қабылданды. Құрамына кәсіби дизайнерлер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов және Қайролла Ғабжәлілов енген арнайы комиссия құрылып, жаңа валютаны әзірлеу ісіне кірісіп кетті. Олардың ақша кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүрді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген еді.
Жаңа валютаның атына қатысты да бірқатар ұсыныс болыпты. Елбасы «алтын» атауын ұсынған екен. Кейін жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінен алады. Ол орыстың «деньги» сөзіне де арқау болған.
Қазақ теңгесінің алғашқы қағаз бетіне түскен кескіндемелері министрлер кеңесіне тиесілі саяжайда дүниеге келген. Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде теңге операциясы жөнінде: «Мен күн сайын кешке біздің топ жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға келемін. Ақшаның қалай аталуы жөнінде бізде үлкен айтыс болды. «Сом», «ақша» немесе «теңге» деп атау ұсынылды. Менің өзіме «алтын» атауы ұнады. Ақыр аяғында «теңгеге» тоқтадық», – деп еске алады.
20 тонна ақша өртелді
1992 жылғы тамызда теңгенің үлгілерін Ұлттық банкте бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанады. Елімізде ақша басатын фабрика жоқ болатын. Тіпті оны бастыртатын қаржы да тапшы еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол кезеңді: «Шет елдерге бару үшін ұшаққа жанармай, аэропортты жалға алу үшін қаржы жоқ болды», – деп еске алады. Теңге Лондондағы «Харрисон энд Санс» деп аталатын банкнот фабрикасында басылды. Ал алғашқы темір тиындар Германияда жасалды.
Қазақстан төрт жүк ұшағын жалдап, ақшаны тасып әкелді. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға «Мемлекет басшысының резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда қоймалар әзірленіп қойған-ды. Ұшақтар аптасына Лондоннан Оралға, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары операцияны өткізуге жұмылдырылды. Ең қиыны ақшаны тездетіп барлық ауданға, әр банкке дейін жеткізу болыпты. Десек те, бұл жұмыс аз уақыттың ішінде толық атқарылып шыққан.
1993 жылы 12 қарашада Тұңғыш Президентіміздің «Ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлығы шықты. Онда «Қазақстан аумағында 1993 жылғы 15 қарашадағы сағат таңғы 8-ден ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілсін» деп жазылған. Әр теңге 500 кеңестік сомға ауыстырылды. Ең алғашқы бағамы 1 АҚШ долларына 4,67 теңге болды.
Келесі күні барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін жариялады. Ақша ауыстыру тәртібі де баспасөз арқылы хабарланды. Ал қарашаның 15-інен 20-сына дейінгі мерзім сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәуелсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Қағаз ақшасын қапшықтап жинаған азаматтар енді теңгенің кезегіне тұрды. Бұл күндер әр тұрғынның есінде. Қобыраған «сабан ақшаны» жинап, сақтағанды шығарып, қолға жаңа купюраны алғандар төл теңгені бірнеше күн қызықтаған.
Ұлттық банктің облыстық басқармалары, екінші деңгейлі банк филиалдары, есеп айырысу кассалары тәулігіне 19 сағат тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Ескі ақша түні бойы есептеліп, жоюға даярланды. Жұмыстың ең ауыры облыс орталығындағы есеп-касса орталықтарына түсті. Осы күндері ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келген. Тұрғындар 20 миллиардқа жуық кеңес сомын айырбастаған. Барлығы 770 қапқа салынған 20 тонна ескі ақша отқа жағылды.
Қарашаның 22-сінен зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады.
Әл-Фарабидің суреті қайдан алынды?
Кейін Алматы қаласында банкнот фабрикасы, өзіміздің Өскеменде монета басу сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің кескін-келбеті де өзгерді. Бүгінде купюралардың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады.
Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталары еліміздің тариxын мейлінше терең танытты. Тұңғыш теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотта әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.
Банкноталардың дизайнын жасау барысында тариxи тұлғалар таңдалып болған соң, суретшілер тағы бір мәселеге тап болған. Енді ол тұлғалардың шынайы түр-бейнесін табу керек. Қиындығы сол, тариxи тұлғалардың басым бөлігінің суреттері болмады. Мысалы, әл-Фарабидің бейнесі қандай болғанын ешкім білмейді. Кезінде ғалымдар еңбегінен табылған бұл суретті Ғылым академиясы Фарабидікі деп топшылап, бекіткен екен. Алайда оның өзін мұрағаттан іздеп табу қиынға соққан. Әбілxайыр xанның суреті ағылшын саяxатшысы Томас Аткинсонның жұмыстарынан табылыпты. Ал Абылайxанның бейнесі орыс дереккөздерінен, Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеевтің қорынан алынды.
Еліміз металл монеталарды шығаруға дайын болмағандықтан алғашқы тиындар қағаз түрінде шығарылды, бірақ бір жылдан соң олар темір тиындарға ауыстырылды.
Тағы бір атап өтерлік жайт, 2006 жылы Ұлттық банк теңгенің символын әзірлеуге байқау жариялады. Ол сайыста 30 мың нұсқаның ішінен Санжар Әмірхановтың жобасы жеңіп шықты. Ол үстінде көлденең тартылған сызығы бар «Т» әрпі түріндегі қарапайым символ еді. Қызығы сол, жеңімпазға бір миллион теңге сыйақы берілгеннен кейін аталған таңбаның Жапония пошта қызметінде жүз жылдан бері қолданылып келгені анықталды…
1997 жылы Елбасы арнайы Жарлықпен 15 қарашаны «Ұлттық валюта күні» деп жариялады. Кейін бұл күнді қаржыгерлер мен банк қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атау дәстүрі қалыптасты.
Әзірлеген – Ержан Әбіш