Басты

Тазалық жұмыстары  қолға алынды

     Семейде халықтың денсаулығын қорғау және коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында қалада ірі сауда орталықтары жабылып, мектептер мен жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшті.

2 сәуірден бастап Семейде қосымша шектеу енгізілді. Қала периметрі бойынша блок-бекеттер орнатылды. Қалаға кіру және шығу шектелген. Сонымен қатар кешеден бастап халықтың қала бойынша қозғалуы тек рұқсат қағазы болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Рұқсатнаманың І-інші үлгісі қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлеріне, жұмыс істейтін азаматтарға арналған. ІІ-інші түрі әр отбасына, аптасына 3 рет сауда орталықтарына, дәріханаларға, банктер мен медициналық мекемелерге бару құқығымен берілді.

Жеке автокөлікті пайдалану енді дүйсенбіден жұмаға дейін мемлекеттік тіркеу нөмірінің соңғы санына сәйкес, күндізгі уақытта жұп және тақ күнтізбелік күндер бойынша мүмкін болады. Ал сағат 21.00-ден 5.00-ге дейін демалыс және мереке күндері көлікпен жүруге тыйым салынады. Дегенмен қаланың тұрақты тіршілігі мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық мекемелер жұмыс істейді. Олардың қатарына медициналық мекемелер, дезинфекциялық қызметтер, әлеуметтік сала мекемелері, энергия өндіруші және энергия беруші компаниялар, коммуналдық қызметтер, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұйымдар мен кәсіпорындар кіреді.

Айта кету керек, енгізілген шаралар Семей келбетін уақытша өзгертті. Бүгінгі таңда қала көшелерінде адамдар айтарлықтай азайған. Қоғамдық көлікте жолаушылар  мен автокөліктердің  саны өте аз. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшілерінің жеке құрамы коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмауға бағытталған індетке қарсы іс-шараларды жалғастыра отырып, қаланың орталық ауданында сегіз әлеуметтік объектіге дезинфекция жүргізді. Өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілері күн сайын жұмыс істеуде. Олардың басты мақсаты-қалада коронавирустық инфекциялардың таралуына жол бермеу және қала тұрғындарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Адамдар көп жиналатын орындар мен коронавирустық инфекцияның таралу қаупі жоғары учаскелер залалсыздандырылды. Мамандар сауда орталықтары мен тұрғын үйлердің аулаларын, базарларды, мешіттерді, ғимараттарға іргелес аумақтарды, тротуарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын, бульварлар мен скверлерді дезинфекциялады.

Бүгінгі күні дезинфекциялық іс-шараларға 240-қа жуық әскери қызметші, сегіз бірлік арнайы өңдеуші әскери техника тартылды. Іргелес аумақты өңдеуге шамамен 14000 литр арнайы дезинфекциялау ерітіндісі қолданылды. Дезинфекциялық жұмыстар барысында ілесіп жүруді қаланың әскери автомобиль инспекциясы мен полиция қызметкерлері жүзеге асырды.

«Шығыс»  өңірлік қолбасшылығы РХБЗ әскерлерінің бастығы полковник Қайрат Тұрғанбеков атап өткендей, әскери қызметшілер арнайы жеке қорғаныс киімдерімен жұмыс істейді. Өңдеу үшін арнайы жуу құралдары, дезинфекциялық ерітіндісі бар жеке газсыздандыру жиынтықтары пайдаланылады. Дезинфекциялау үшін қажетті реагенттер қорын арнайы техника – автомобиль құю станциялары АРС-14KZ қамтамасыз етеді

Айта кету керек, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Өскемен, Аягөз және Үшарал қалаларының әлеуметтік нысандарын дезинфекциялауға қатысты.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button