Таза судан таршылық көрмейтін болады
Аймақ басшысы Даниал Ахметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуде Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентіндегі төрт бірдей көшенің тұрғындары ауызсудан тапшылық көріп отырғандарын жеткізді.
Жалпы, облыс орталығының іргесінде орналасқан бұл кенттің барлық дерлік үйлеріне таза су үзіліссіз беріліп келеді. Тек орталықтағы төрт көшенің бойындағы үйлер жиі болатын ақаулардың салдарынан сусыз қалады. Бұл мәселені оңтайлы шешудің бірден-бір жолы – аталған көшелердің абоненттерін басқа жаңа желіге қосу. Оның жобасы әзірленіп те қойған.
– Менің тапсырмам бойынша Өскемен қалалық су арнасының мамандары дереу осы елді мекенге барып, жағдайға жан-жақты сараптама жасайтын болады, – деді кездесу кезінде облыс әкімі.
Осылайша, аталмыш көшелердің проблемасы алдағы көктемде шешілетін болды. Қар еріп, жер қарайған соң жұмыстар басталып кетеді, оның барысын аймақ басшысы өзінің жеке бақылауында ұстамақ.
Ержан Кеңесұлы