Ауыл шаруашылығы

Тауықтары түрлі-түсті жұмыртқа тауып жатыр

Ұлан ауданына қарасты Төлеген Тоқтаров ауылдық округіндегі Герасимовка ауылының тұрғыны өсіріп жатқан ерекше мекиендер қыс айларында түрлі-түсті жұмыртқалар таба бастаған. Ең бастысы, бұл ерекше үй құстарын иесі балапан күнінде сатып алып, өзі өсіріпті.

Қуанның айтуынша, бұл тауықтардың тұқымы «Амераукана» деп аталады. Оларды кішкене балапан күйінде сатып алған. Бес айға толар толмас уақытта жұмыртқалай бастаған. Түрлі-түсті жұмыртқалардың түсі болмаса, азық ретінде кәдімгі жұмыртқалардан еш айырмашылығы жоқ. Тағы бір қасиеті, жұмыртқадан аллергиясы бар адамдар үшін де бұл тұқымның жұмыртқасының еш зияны жоқ екен.

– Тауық түрлерінің ішінде осы түр маған ұнады, сондай тентек те емес, төзімді әрі жуас келеді. Осыған дейін кохинхин, брама тауықтарын ұстаған едім, олардың балапандары өте әлсіз болады. Қазір менде он бас амераукана тауығы болса, күніне қорадан бес түрлі түсті жұмыртқа жинап аламын. Олар кәдімгі үй тауықтарымен бірге ұсталады, алайда қораздар амераукана тұқымынан. Алдағы уақытта бірыңғай амераукананы көбейтпекшімін. Сондықтан қыстан гөрі жазда жұмыртқалағаны жақсы болар еді, – дейді Қуан Советхан.

Негізі Күршім ауданының Бурабай ауылында туып-өскен оның отбасында ата-анасы үй құстарын молынан ұстаған екен. Қазір де оның ауласы түрлі тұқымнан жиналған әдемі құстардан көрінбейді. Бұған дейін де асыл тұқымды иттер және қоян өсірумен айналысқан шаруақор Қуанханның үлкен ауласында сәндік бентамка және Павлов тауығының будандасып кеткен (аборигендері) түрлері де кездеседі.

 

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button