Ташкентке иесінен бұрын жеткен мысық
Қай заманда да адам санасынан тыс, көпшілік сене бермейтін оқиғалар болып жатады ғой. Сондай тылсым дүниенің бірін Алматыда тұратын заңгер құдам Жиынбек Бұлжановтың аузынан естігенім бар.
– Сонау тоқсаныншы жылдардағы аласапыран кез, – дейді Жиынбек. – Талай жылдардан бері аралас-құралас тұрып, ағайын сынды болып кеткен біраз өзге ұлт өкілдері өздерінің ата мекеніне көшіп жатқан уақыт болатын. Әсіресе, орыс ағайындар Қазақстаннан көптеп көшіп жатты. Біздің жақын араласатын Берік пен Раушан деген ерлі-зайыпты достарымыздың Надежда деген таныстары бар еді. Сол Надя Ташкентке қоныс аудармақ ниетпен сол жаққа алдын ала барып, үй сатып алып қойған екен.
Күйеуі екеуі шаруаның бәрін ыңғайлап болған соң, жүктерін контейнерге тиеп, темір жол арқылы жөнелтеді де, өздері пойызбен кетеді. Бұл сапар үш тәулікке созылатын болса керек. Аттанарда олар өздерінің жақсы көретін мысықтарын ала кетуге «жолы ауыр» деп қорғанып, уақытша Берік пен Раушанға тастап кетеді. «Сендерге сенеміз, – деген екен олар қоштасарда. – Артынан арнайы келіп, алып кетерміз. Мысығымыз тыныш, жайлы, беймезгіл мазаларыңды алмайды».
Содан Надежда күйеуі екеуі неше күн жол жүріп, Ташкентке аман-есен жетіп, өздері бекітіп кеткен пәтердің есігін ашып қалғанда, таңырқағаннан шалқаларынан түсе жаздаған екен. Үйге кіріп келген екеуі Алматыда қалды деген мысықтарының жайбарақат жаңа үйдің төрінде жатқанын көреді.
Бұл не өңдері, не түстері екенін білмей, қатты сасқан олар «бұл, әлде, көзімізге сүйікті мысығымыз болып көрінген жын-шайтан ба екен?» деген оймен дереу қоныс аударған Алматыларына телефон шалып, Раушанмен сөйлессе, ол мысықтың бұлар жол жүріп кеткен күннің ертеңінде-ақ жоғалып кеткенін айтады.
Адам айтса сенгісіз, таңғажайып оқиғаға куә болған жандар мысық жайындағы әңгімені көптеген адамдарға, тылсым дүниелердің неден және қандай кездерде орын алатынын зерттеп жүрген балгерлерге әдейілеп барып, айтып бергендерімен, әзірше осынау құпияның сырын ашып, жіліктеп беретін адамдар табылмай отырған көрінеді.
– Қазақта «Ит иесімен қинасын» деген нақыл сөз бар екенін білеміз. Ал қарапайым мысықтың осыншалықты иесін іздегіш екенін бірінші рет естуім. Тегі, бір ата, бір анадан туған бауырлардың өзі бір-бірін дәл осы мысықтай аласұрып іздемейтін шығар, – деп Жиынбек құдам әңгімесін аяқтаған еді.
Қым-қуыт тірлікте мұндай да болатыны рас екен. Дегенмен, сонау алыс та бөтен елге, есігі тарс жабулы тұрған үйге Надежданың мысығы Алматыдан қалай жетті екен? Жұмбақ.
Жазып алған – Хасен Зәкәрия