Тарихи шындықты қалпына келтіруге тырысқан туынды
Ұлттық арнадан көрсетілген алты бөлімді «Абай» сериалын қарап шығып, ерекше әсерге бөлендім.
Рас, «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп ақынның өзі жазғанындай, осы уақытқа дейін ақынның жұмбақ әлемі заманның ыңғайына қарай бұрмаланып келгенін білеміз. Бүгінге дейін жарық көрген кинотуындыларда Абайдың бейнесі жеке-дара көрініс тауып, әлеуметтік ортасы, тұтас халықтың тағдыры қалыс қалатын.
Бұл фильмде сериалды түсірушілердің ел тағдырын сипаттай отырып, халықтың Абайын жасап шығаруға талпынғаны байқалады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғаларды арқау ете отырып, ақын өмір кешкен кезеңдегі қоғамдық тартыс, Абайдың адами болмыс-бітімі, білім мен өнерге алғаш сусындаған сәті, кемеліне келген шақтағы саяси мәселелерге араласып, ұлтын береке-бірлікке шақырған тұстары түгелдей дерлік көрініс табады. Шынын айту керек, Абай дегенде көпшіліктің көзіне сары уайымға салынған, философиялық оймен отыратын образ елестейді. Бірақ Абай да ет пен сүйектен жаратылған адам баласы ғой. Телехикаяда кемеңгердің ел көп біле бермейтін қырлары жарқырай ашылған. Соның бірі – ұлы Абайдың заңгерлігі, әділ би болғандығы. Ақынның осы қыры көп айтыла бермейтін еді. Шын мәнінде Абай билердің биі, ең әділ би болған. Ойшылдың айтқан биліктерін Салық Зиманов ағамыз жинақтаған еді кезінде. Сериалда данышпанның қайраткерлігіне көңіл бөлінгені қуантты.
Бала Абайдың қаладан келгенде әуелі Зере әжесіне сәлем беруі, Дулат ақынның бала Абайға бата беруі, Абай мен Салтанат арасындағы қарым-қатынас, алаш көсемі Әлиханнан хат алуы… Осындай эпизодтардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталуға болады. Фильм несімен құнды? Фильм осындай мезеттерімен, ұлы Мұхаңның тар заманның ыңғайымен айтқысы келсе де, айта алмай, жазғысы келсе де жаза алмай кеткен дүниелерін көрсетуімен, тарихи шындықты қалпына келтіруге тырысқанымен құнды деп ойлаймын.
Фильмнің ұтқыр тұсы ретінде Абайдың образын ғана ту етпей, басқа кейіпкерлер бейнесінің қат-қабат өрбуін ерекше атап өтуге болады. Айталық, кешегі кеңестік идеологияда феодал болып суреттелген, ескішіл, қытымыр делінген Құнанбай әлбетте, сол қалыпқа сыймайды. Керісінше даланың королі, қара қылды қақ жарар, елге тез болар Құнанбай бейнесі дараланып шыққан. Сериалда Абайдың төңірегіндегі адамдардың бәрі дерлік көрініс тапқан. Ақынның сүйікті інісі Оспан, ұлдары Әбіш, Мағауия, данышпанның ізбасары Шәкәрім, кемеңгермен ұстасып өткен Оразбай бейнесі әсерлі шыққан. Алты сериалды көріп отырып Құнанбай, Абай заманына қалай еніп кеткенімізді өзіміз де аңғармай қалдық. Әсерлендік, толқыдық, бір ысып, бір суыдық, бір күйініп, бір сүйіндік.
Қазіргідей карантин жағдайында мынадай тағылымды туынды жасап шығарған шығармашылық ұжымның ерен еңбегін де экранның бер жағында отырып сезінгендей болдық. Абай жылының Абай сериалымен түйінделгенін жақсы ырымға баладық. Сондықтан ұлтымыздың ұлы тұлғасын ұлықтаған Ұлттық арна ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сахан Әкелеев,
Өскемендегі облыстық драма театрдың көркемдік жетекшісі