Тарих

Тарихтың ақтаңдақтары әлі де зерттеледі

Тарихтың ақтаңдақтары  әлі де зерттеледі


Биыл Шығыс өңірінің жұртшылығы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуды өзге өңірлерге қарағанда ерте бастап кетті.

Алдымен «Қасіретті жылдар жаңғырығы» іс-шаралар кешенінің аясында «Қаралы жылдар жарасы» тақырыбымен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да екі күндік көрме өтті. Тоталитарлық режимнің қасіреті, жаппай ашаршылық және тұтас халықтардың Қазақстанға жер аударылуын баяндайтын тарихи материалдар ұсынылған көрмені жұртшылықпен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те аралап, көрді.

Экспозицияның бірінші блогында облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан әкелінген, бірінші толқында қуғын-сүргінге ұшыраған \”Алаш\” партиясының мүшелері туралы мұрағаттық материалдар ұсынылды. Мәселен, 1928 жылдың соңында жалған айыппен \”буржуазиялық ұлтшылдардың\” ішінен 44 адам қамауға алынған. Олардың ішінде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов, И.Әлімбеков бар. Бес адам, оның ішінде Ж.Аймауытов пен Х.Ғаббасов бар ату жазасына кесілсе, қалғандары әртүрлі мерзімге сотталған.

Ұлт зиялыларының басқа тобы, 40-қа жуық адам 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалған. Топ құрамында Ж.Ақпаев, Ж.Күдерин, М.Тұрғанбаев, А.Ермеков болды. Жалпы \”Алашорда\” ісі бойынша 4297 адам қуғын-сүргінге ұшыраса, оның 2062-і ату жазасына кесілген. Бұлардың бәрі тоталитарлық режиммен күштеп жойылған ұлттың қаймақтары еді.

Шығысқазақстандықтар үшін алашордашылардың ұлт-азаттық қозғалысы Семей жерінде пайда болғандықтан, біз үшін ерекше маңызға ие.
Экспозицияның келесі бөлігі қуғын-сүргіннің екінші толқыны, оның ішінде Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов, М.Тұрғанбаев, М.Тайшыбаев, П.Васильев, Х.Жанқұлов сынды біртуар қайраткерлерге арналған.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік мұрағатының экскурсия жетекшісі Үмітжан Мұхамеджанованың айтуынша, 1936 жылдан 1944 жылға дейін Қазақстанға 1,5 миллионға жуық адам жер аударылған. Олардың ішінде немістер, поляктар, кәрістер, Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және тағы басқалар болған. Жер аударылғандар ауыр жұмысқа жегіліп, орман алқабында, колхоз және совхоздарда, шахталарда, құрылыста жұмыс істеген.

Облыстық мемлекеттік мұрағат \”Алашорда\”, \”Мен кінәлі емеспін…\”, \”Өткеннің қасіреті – болашаққа үміт\” атты тақырыптарда мұрағаттық 15 тақырыптық планшеттен тұратын фотосуреттер мен құжаттардың 100-ден астам көшірмесін жұртшылыққа ұсынды.

Көрмеге қазақ халқының басына нәубет болған сол қасіретті қырғында басы оққа байланған Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш арыстарының фотосуреттері, құжаттары, солардың түрмеде тартқан қасіреттері жайында жазылған кітаптар, мұражай жәдігерлері, тақырыптық стендтер, жинақтар қойылған. Қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз атылған жерлестеріміздің тізімі келтірілген Азалы кітапты да осыннан табасыз.

Көрмеде облыстық «Дидар» газетінің ең алғашқы редакторы, сол кездегі «Жұмысшы» газетінің редакторы Мақсұт Тайшыбаев туралы да мол мағлұматтар ұсынылған. Өкінішке қарай ол да 1938 жылы наурыз айында Алматы қаласында атылып кеткен.

– Әрине, бүгінгі жас толқын үшін бұл күнді атап өтудің мәні ерекше. Өткен ғасырдың тарихындағы бұл ақтаңдақ беттер әлі де зерттеуді, маңызын аша түсуді қажет етеді. Себебі ресми деректерде қуғын-сүргінде Қазақстан бойынша 100 мыңнан аса адам сотталып, 25 мың адам атылды деп көрсетілген. Шындығында, бұдан да көп болуы мүмкін. Зобалаң жылдарда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев бастаған өңкей ұлт зиялылары атылғанын ескеретін болсақ, бұл деген орны толмас шығын болғаны даусыз. Сол уақытта жер аударылып келген мыңдаған өзге ұлт өкілдері де жергілікті халықтың мейірімінің арқасында аман қалып, бүгінде еліміздің лайықты азаматтарына айналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бұл тақырып әлі де жүйелі түрде зерттеліп, кейінгі ұрпаққа ұсынылатын болады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Айта кетейік, бұл күні өңірдің барлық мешітінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына бағышталып, ораза ұстаған жамағатқа ауызашар берілді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button