Ауыл шаруашылығы

Тарбағатайлық шаруалар кооперативтерге бірігіп жатыр

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ

 Фермерлер үшін тиімді тәсіл болғандықтан тарбағатайлық шаруалар кооперативке бірігіп жатыр. Себебі, кішігірім жер үлесі бар фермерлерге бұл құрылым қолайлы. Ұсақ тауар өндірушілер ауыл шаруашылығы техникасын сатып та, өтей де алмайды. Несие, лизинг алуға да көбінің қауқары жете бермейді.       

Кооперативке бірігудің тиімділігі қандай? Аграрлық сала мамандарының айтуынша, әр адам бір дауысқа ие болады. Яғни, 300 гектар жері бар шаруа мен 3 гектар жері бар диқанның дауыс күші бірдей. Коммерциямен айналысуға да мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан лизинг арқылы техникаға қол жеткізеді. Кооперация мүшелері өз үлес пайызына қарай тиісті пайдасын алады.

Тарбағатай аудандық ауылшаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрамбек Мұқатов ауылшаруашылық кооперативтері – осы саланы дамытудың стратегиялық жолы деп есептейді. Оның айтуынша, мұны кредит беру жүйесімен «Жамбыл» пилоттық жобасы аясында іске асыру жоспарлануда. Яғни келісімге отырған қаржы ұйымы арқылы 2,5 пайыздық несие ретінде тұрғындарды, кооперативтерді қаржыландыру көзделуде.

– Осы ретте әр ауылдық округтен бір ауылшаруашылық кооперативін құруға жоспар қойылған. Мысалы, Маңырақ округінен Архат Сейілхановтың жетекшілігімен «Бозша 7» кооперативі құрылды. Жетіарал округінде Советхан Нұрхановтың жетекшілігімен «Қызылбұлақ» кооперативі жұмысын жандандырды. Кооператив мүшелерімен бірлесіп Жетіарал ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 4,8 шақырым жерден 100 гектар телімді игеріп, жаңбырлатып суару технологиясын енгізуді жоспарлауда. Бұл әдістің арқасында астық мол жиналады. Артық шығынды қажет етпейді. Суды үнемдеп, жұмыс күшін қысқартады. Шаруалар дәл осы тәсілмен егін егуге көшпек, – дейді Мейрамбек Мұқатов.

Тарбағатайлық еңбеккерлер мемлекеттің «Лизинг» бағдарламасына белсенді қатысуда. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын несиелендірудің осы түрі кең тарала бастады. Оған дәлел – сәуір айында Жетіарал округіне қарасты «Жетіарал Даму» шаруа қожалығының жетекшісі С. Жапаров «Лизинг» бойынша 13 млн 500 мың теңгеге трактор, 8 млн теңгеге тиегіш, 6 млн 700 мың теңгеге сығымдап-жинағыш пен екі брусты жинағыш алған. Бұдан бөлек, Қабанбай округінде Асхат Сембаев 15 млн теңгеге МТЗ-95 тракторын алса, Айгүл Бердешова 14 млн теңгеге МТЗ-92 тракторын, 4,3 млн теңгеге сығымдағыш-жинағыш, 1,7 млн теңгеге тырма алған.

Аудан мал шаруашылығына бейімделген. Дегенмен, ет өңдеу кәсіпорны болмауынан мал тек шикізат күйінде сатылуда. Мейрамбек Мұқатов былтыр «Тарбағатай еті» ет комбинатының жобасы дайындалғанын айтты. Комбинат 15-17 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, ауданның ет өнімдеріне деген сұранысын жаппақ. Жоба қуаты тәулігіне 50 бас ірі қараға есептелген. Сондай-ақ тасымал шығынына байланысты шеттен келетін қымбат ет өніміне бәсекелестік танытып, бағаны тежеуі мүмкін.

Тағы бір жоба – Тұғыл округінің Қарсақбай учаскесінде еуропалық стандартқа сай балық өңдеу комбинатын салу. Цех орналасатын телім нақтыланған.

Шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру – ауылды дамытудың тиімді тетігі. Бастысы, жұмыс орындары ашылып, өнімді өңдеу кәсіпорындарына өткізу мүмкіндігінің пайда болуы. Сондықтан кооператив құру арқылы ауыл халқының жағдайын жақсартуға қатысты құрған жоспар мен көтерген бастамалар құптарлық.

Осы айдарда

Back to top button