Тарбағатайда ауыл медицинасының ахуалы жақсарады
Денсаулығы сыр берген жанның қайдан болсын шипа іздейтіні ақиқат. Жаны ауырса ем іздеген жұрт ауылдан ауданға, ауданнан қалаға, қаладан алып шаһарларға аттанып, сондағы медициналық мүмкіндігі жоғары орталықтарға жүгінеді.
Соңғы жылдары мемлекет әр өңірдің медициналық мүмкіндіктерін арттыруды жолға қойып келеді. Бұл тұрғыдан Тарбағатай ауданы қарқынды жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ол туралы аудан әкімі аймақтық коммуникациялар қызметінде берген есебінде айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Биыл Тарбағатай ауданындағы жүзеге асатын жұмыстарға 7,7 млрд теңге бөлінген болса, соның тең жарымы, яғни, 3,8 млрд теңге әлеуметтік салаға бөлінген. Соның ішінде ауданның денсаулық сақтау саласына қатысты 11 жобаға 1,7 млрд. теңге бөлінген. Ал өткен 2022 жылы бұл саладағы 2 жобаға 97,1 миллион теңге бөлініпті. Қайтадан жеке бөлініп, енді ғана еңсе тіктеген аудандағы бұл шаруалар Президент тапсырмасына орай атқарылып жатыр. Өйткені Президент өз Жолдауында аудан мен ауыл медицинасын дамыту керектігін айтқан болатын.
– Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды, – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұрғыдан алып қарағанда қаладан шет, шекара шебінде жатқан Тарбағатай ауданында атқарылып жатқан медициналық жобалар жеткілікті көрінеді. Мемлекет тарапынан атқарылған іске жергілікті кәсіпкерлер қолғабыс етіп, ауданның дамуына атсалысып келеді. Қарайған жұрттың дені сау болса, елдің ертеңі де баянды болмақ.
Науқастар қалаға сабылмайтын болды
Тарбағатай аудандық ауруханасында халыққа қажетті деген мамандардың көбі дерлік бар. Аудан әкімінің ақпаратына қарағанда аудандық ауруханада массаж, логопед-дефектолог, ЛОР, реабилитолог, ЛФК, травматолог мамандары өз жұмыстарын істеп, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Сонымен қатар рентген кабинетіне 3 деңгейде жұмыс жасайтын рентген аппараты мен 36 миллион теңгеге цифрлық флюороаппараты алынып, РАСS жүйесі орнатылған. Ал стационар бөліміне инсульттан және ауыр жарақаттан кейін адамдарды оңалтуға арналған төсектер қойылған. Бұл ендігі кезекте ауыр жағдайдан кейін оңалып кету үшін адамдар қалада омалып жатпайды деген сөз. Жақын жерде жатып-ақ оңалып кетпек. Тұрғындардың қажеттілігі үшін алдағы уақытта «Қазақстан халқына» қорынан 20 миллион теңге бөлініп, реабилитациялық аппараттар алынатыны да айтылды.
– Ауданда 5 миллион теңгеге аудиологиялық скрининг аппараты алынып, нәрестелердің есту қабілетіне ерте диагноз қоюға мүмкіндік алдық. Балаларға 3,2 миллион теңгеге ЭКГ жасау аппаратын алуға конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Сонымен қатар гармондарды тексеретін зертхана аппаратын алу жоспарлануда, осылайша аудан тұрғындары анализдерді тапсыру үшін қалаға бармай, өзіміздің ауруханаға тапсыра алады, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев.
Ал Тұғыл амбулаториясында физио және флюорография кабинеттері ашылып, қанның ұйығыштығын тексеретін аппарат алынған. Бұл да өз кезегінде ең қажетті деген аппараттардың қатарынан деуге болады. Сонымен қатар жылжымалы флюороаппараты бар көлік және аурухана ішінде тасымалданатын флюороаппарат, жүректі тексеретін Холтер және Смат аппараттарын алуға Астана қаласының «Нацэлс» орталығында клиника-техникалық негіздері жасалу үстінде екені айтылды. Жұмыс жүйелі түрде жалғаса берсе, бұл аппараттар да биыл алынбақ.
Медициналық құрылғылардың қажеттілігі пандемия кезінде көрінген болатын. Әсіресе алыс ауылдағы жұрт абдырап қалған еді. Халық болып жиналып, жасанды дем беретін аппараттар алды. Міне, осы кезде ауыл медицинасын дамыту қажеттілігі туған болатын. Мамандардың жетіспеушілігі көрінген еді. Осыдан бастап мемлекеттің негізгі мақсаттарының біріне айналып келеді.
Білікті мамандар көбейе бастады
Жұрттың денсаулығы үшін ауруханалардың деңгейін көтеру де басты назарға алынған. Осы мақсатта аудандық аурухана перзентханасын ІІ дәрежеге жеткізуді жоспарлаған. Осы мақсатта медициналық құралдар алынып, дәрігерлер шетелге барып, білімдерін арттырған. Бәрі талапқа сай болу үшін ғимаратты жөндеу жұмыстары да биыл басталған. Тіпті, мүмкіндік болса, медициналық туризмді де дамытып, көрші аудандарға да көмек қолын созуды жоспарға қойған.
– Алдағы уақытта аудандық ауруханаға КТ аппаратын алу жоспарланған. Осылайша аудан тұрғындарымен қатар, жақын аудандардың тұрғындарына да қызмет көрсетіп, медициналық туризмді дамытуды жоспарлаудамыз. Бүгінгі күннің өзінде аудандық аурухана хирургтері көптеген оперативтік емдерді облыс орталығына жібермей, өз деңгейлерінде емдеп шықты. Биыл ауруханада алғаш рет наркоз арқылы фиброколоноскопия тексеруін жасай бастады. Бүгінгі таңда 105 адам тексеруден өтті, оның ішінде 32 адам Ақсуат ауданынан, – деді Дархан Жөргекбаев.
Ауырған адамның алыс ауданнан қалаға келуі заңдылық, ал алыс ауданға қажетті мамандардың барып тұруы қиын жағдайға айналған. Сондықтан бар маманның білімін жетілдіріп отыру негізгі мақсатқа айналып келеді. Осы мақсатта Тарбағатай ауданына қарасты біраз мамандар білімін жетілдірген. Атап айтқанда, акушер-гинеколог дәрігер Семей қаласының онкологиялық орталығында жатыр мойыны ауруларына клиникалық кольпоскопия жүргізу бойынша біліктілігін арттырып келген. Нәтижесінде медициналық қызметтің бұл түрі бойынша аудандық ауруханада қызмет көрсетіле бастаған. Бұл ғана емес, ауданның екі бірдей дәрігері РһD дәрежесіндегі медицина докторы атаныпты.
– Ауданымыздың тарихында болмаған жетістігіміз Тарбағатай аудандық ауруханасының екі дәрігері РһD дәрежесіндегі медицина докторы атанды (травматология және сәулелі диагностика). Нәтижесінде резидентура оқитын студенттер аурухана базасында білім алып, машықтануға мүмкіндік алды. Яғни ауданымызға жас мамандарды тартудың тиімді тетігі пайда болды. Қазіргі күннің өзінде Тұғыл және Ақжар ауылдарына жалпы тәжірибелі екі жас дәрігер келетін болды, – деді аудан әкімі.
Тек аудан орталығындағы аурухананы ғана емес, ауылдық медицинаны дамытуды да басты бағыттарының біріне айналдырған. Алдағы уақытты облыс көлемінде 36 жаңа медпункт салу жоспарланса, соның тоғызы Тарбағатай ауданына тиесілі екендігі айтылды. Соның ішінде алты медпункт биыл салынбақ. Нақтырақ айтқанда, Тарбағатай ауданына қарасты Шорға ауылындағы медициналық пункттің құрылысы басталып кеткен. Жұмыс жоспарға сай жүзеге асса, медпункт осы жылдың аяғында аяқталмақ. Сондай-ақ Құйған және Тәуке ауылдарының медпунктеріне ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Осылайша шекарадағы қайта еңсе тіктеген Тарбағатай ауданының медициналық мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Бірінші байлық денсаулық екенін байырғы бабалар айтып кетті. Сондықтан денсаулықты дер кезінде сақтап қалу бүгінгі дамыған заманда басты міндеттердің бірі болуы керек. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Тарбағатай ауданында атқарылып жатқан іс көңіл көншітерлік деуге болады.
Автор: Алтай Ғали-Асқар