РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

«Тарбағатай» кітабының тұсауы кесілді

 Том-том тарихтар әр өлкенің өмірімен өзектес, тарихымен тамырлас болып келеді. Сондықтан да өлке тарихын зерттеу – қазіргі уақыттағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңдағы Тарбағатай өңірінің тарихына терең бойлап, тұлғалаларын түгендеп жүрген қаламгерлердің бірі – Мұхаметбек Асылбеков.  Жуықта қаламгердің «Тарбағатай» атты туындысының тұсауы кесілді.

Бұл кітап бұрынғы кітаптардан өзгерек. Өйткені туынды әр қырынан талданып, ғылыми негізде сарапшылардың сараптауынан өткен. Кітап Шығыс Қазақстанның тарихы мен мәдениетін балама түрде зерделеу жобасының негізінде «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қорының қолдауымен жарық көрген.

– Біз соңғы кезде ұлттың рухани жаңғыруы  туралы көп айтып келеміз. Бұл бастама ұлттың рухани тамырын түгендеуден басталғаны жөн. Тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге арқа сүйеуіміз керек. Біздің қор бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Ұрпаққа ұлттың тарихын ұқтыру үшін осындай кітаптар керек. Бүгінгі шара осындай мақсатта қолға алынған үлкен істің бастамасы, – дейді кітаптың ұйымдастырушысы, «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қорының президенті Қайрат Мусин.

Кітаптың тұсаукесері оқырмандармен онлайн байланыс арқылы өтті. Оған еліміздің бірқатар облысында Өскемен, Семей, Тарбағатайда  тұратын зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты. Кітап авторы да туындының тұсаукесеріне онлайн байланыс  негізінде қатысып, оқырмандармен ой бөлісті.

– Тарбағатай тарихы бай өңір. Оны зерттеп, зерделеп ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ол үшін осындай тарихты түгендейтін туындылардың қатарын көбейткеніміз дұрыс. Бұл кітапты ғылыми негізде қарастырып, бірқатар еңбекке сілтеме жасадым. Өзім де ақсақалдық жасқа келдім. Бұл еңбекте өзімнің көрген-білгенімді, менен бұрын жасаған ақсалдардан естіген тарихи дүниелерді пайдаландым, – дейді кітап авторы Мұхаметбек Қасымханұлы.

Барлығы 12 бөлімнен тұратын кітапта өңір тарихы мен танымал тұлғалар ғұмырнамасын, биографиясы мен географиясын, мәйекті мәдениетін түгел қамтуға тырысқан. Туынды «Тарбағатай өңірі туралы тарихи-мәдени толғаныс», «Алтаймен қол ұстасқан Тарбағатай», «Теріскей Тарбағатай тарихи-мәдени мұралары», «Қазақ хандығы – елдік тарихымыздың бастауы», «Алып көршілер қыспағында», «Ерен туған ерлер», «Ел сақтаған көсемдер, сөз саптаған шешендер», «Ел аналары», «Ғасырлар тоғысындағы қазақ зиялылары», «Өнер көзі халықта», «Теріскей Тарбағатай өңірінің шаруашылық дәстүрі», «Теріскей тарбағатайдың әкімшілік-аумақтық құрылымының тарихы» атты тарауларға бөлінген.

Әр бөлімнің арқалаған жүгі ауыр. Автор тереңнен тамыр тарта отырып, өлке тарихының өзегіне бойлай білген. Бұл кітаптың бүгінгі ұрпаққа берері көп.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button