Тарих

ТАР ЗАМАНДА ХАЛҚЫНА ТҰТҚА БОЛҒАН ТҰЛҒАЛАР

 

b]ХIХ ғасырда өмір сүріп, артында өшпестей із қалдырған Байтүгел, Тайтүгел Бисмақ ұлдарына осы әулеттің шөпшегі Зарқынбек Мұқаметрақымовтың бастамасымен ұрпақтары Кеңсай ауылында естелік тақта қойып, ас берді.

Тақта қою рәсіміне арналған салтанатты жиынды Кеңсай ауылдық округінің әкімі Ринат Тауасаров ашып, аудан әкімінің орынбасары Қамбар Кәкімұлы жиналғандарды айтулы шараның ашылуымен құттықтады. Бисмақ ұлдарының еңбектері туралы Кеңсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкен Қабатаев, ауыл ақсақалы, Зайсан ауданының құрметті азаматы Мұхаметуали Кемелбаев, ауыл тұрғыны Майра Есімжанова және ұрпақтары атынан зейнеткер Қанипа Закариянова ақжарма тілектерін білдірді.

Естелік тақта пердесін Алматы қаласынан келген мейман, Тайтүгел бабамыздың шөбересі Назарбек Жақыпқалиев ақсақал мен Кеңсай ауылының тұрғыны, Байтүгел бабамыздың шөпшегі Қазине Ахметжанова ашып, шашу шашылып, мереке әнге ұласты. Кеңсай клуб үйінде Тайтүгел, Байтүгел ұрпақтарына ас беріліп, құран бағышталды.

Қазақ жауынгерлері 1753 жылы Шорға соғысынан кейін жоңғарларды түбегейлі жеңіп, Шығыс өлкесін, оның ішінде Маңырақты азат еткен соң, Қабанбай батырдың жер бөлу нұсқауы бойынша Төртуылдың батыры Баймұрат әскерінің жүздігін басқарған Ақболат руының батыры Босатайға бұрынғы мекені Сауыр тауынан бастап Үйдене өзенінің сол жағасындағы Маңырақ, Кішкене тау, Зайсан көлінің оңтүстік алқабын қайтарып беріп, Ақболаттар найман елінің шеткі шекарасына ие болған. Сол заманнан бері «Алты Босатай» деп аталатын Тұрсын, Данияр, Тінібек, Көкен, Оңғар, Қарақұлақ ұрпақтары осы жерді мекен етіп, өмір сүріп келеді.

Қазақ халқында «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ұлағатты сөз бар. Бисмақ Қарашаұлы 1804-1870 жылдары аралығында осы жерде туып-өсіп, өмір сүрген. Төртуыл елі ішінде өте беделді, Ақболат руының ақсақалы ретінде ел басқарып, ағайын арасындағы береке-бірлікті сақтау, жер, су, көрші рулармен қарым-қатынас ісіне көп араласқан. Өңірде қазақтың атакәсібі мал өсірумен бірге Үйдене өзенінен жырып, тау етегіндегі «Жыра қыстауға» су шығарып, тары егуді бастайды.

Бұл істі кейін ұлдары Байтүгел мен Тайтүгел жалғастырып, Ақболат руының «Алты Босатай» ұрпағын жинап жиын өткізіп, халықты егін шаруашылығымен айналысуға шақырып, тоғам тартуды ұсынады. Жұмыстың басы-қасында ұйымдастырушы болып Бисмақтың кіші ұлы Тайтүгел жүреді. Тоғамды тарту үшін ол кісі ерекше гидротехникалық тәсіл қолданған. Жерге еңкейе жатып, қиядағы су жолын көзбен атып, тоғамды қаздырып отырған.

Осылай Кішкене тауды бөктерлете тоғам құрылысын бес-алты шақырым жердегі Майлыбайға жеткізген. Оған «Қарақия тоғамы» деген ат қойылған. Бүгінде сол ескі тоғамның негізгі желісі әлі де көрініп, сайрап жатыр. Ал бір тармағындағы суды Кеңсай ауылының тұрғындары қазірде қорасындағы бау-бақшаға пайдалануда. Қарақия тоғамы іске қосылғаннан кейін егіс алқабы кеңейіп, Майлыбай жазығына тары, бидай, сұлы, итқонақ егіліп, Кеңсай жеріндегі ағайындарға жаппай егіншілікпен айналысуға мүмкіндік туады.

Аянбай іске кіріскен халық көп ұзамай-ақ өз еңбектерінің жемісін көріп, ашқұрсақ жүрген қарындары тары мен бидайға тоя бастайды. Халық өздерінен артылған астығын Зайсан базарында саудалауға машықтанады. Ал Бисмақ ұлдары Зайсанда тұрған шекара әскери гарнизонының аттарына сұлы дайындап, өткізіп тұрған.

Байтүгел мен Тайтүгелдің тағы бір тың бастамасы, Маңырақ қойнауындағы «Қара шағыл» қыстауынан көшіп, Кішкене тау етегіндегі қазіргі Кеңсай ауылының орнындағы жазықтан там соғып, халықты отырықшылыққа тартып, тоғам суымен ауылға тоғай егіп, оны гүлдендірген.

Жастайынан өте еңбекқор, пысық, сөзге шешен, ұйымдастыру қабілеттері жоғары ағайынды екі жігіт өз замандарына сай жұмыстың көрігін қыздыра білген. Пұттап астық жинап, мыңғыртып мал өсіріп, маңдайдан шүпілдеп шыққан тердің жемісін көріп, бай-қуатты өмір сүрген. Халық үшін істеген еңбектері Ресей билігі тарапынан бағаланып, ағайынды екі жігіт зерделі тон және алмас қылыш алады. Бисмақтың қара шаңырағын ұстаған Тайтүгел ел басқару ісіне араласып, ел ағасы болып сайланып, халқына адал қызмет еткен.

Уақыт өтіп, заман өзгеріп, өңірге «Қазан төңкерісі» келеді. Большевиктердің жүргізген саясаты халықты бай мен кедейге, ақ пен қызылға бөліп, елде аласапыран заман туады. Ауқатты адамдардың малдары тәркіленіп, өңірде күштеп колхоздастыру науқаны басталады. Бисмақ әулетіне ақ патшадан алған тон қасірет болып жабысып, ұрпақтары жазықсыз репрессияға ұшырайды. Кейбіреулері сот үкімінсіз атылса, енді бірі Қытайға қашуға мәжбүр болады.
Бірақ Бисмақ ұрпақтары мойымады. Арғы беттегілері сол елдің заңымен өмір сүрсе, елде қалғандары басында «Кедей талап» колхозын құрып, артынан «Каганович» колхозында аянбай еңбек етеді. Қазақ халқына қолдан ұйымдастырылған ашаршылық пен репрессияны да, неміс-фашистерімен болған зұлмат соғыстың зардаптарын да елмен бірге бастарынан өткізді.

1991 жылы қазақ халқы егемендігін жариялап, тәуелсіз ел болды. Бүгінгі таңда нарықтық-экономикалық даму жолында өмір сүріп жатыр. «Орнында бар оңалар» дегендей, ата-бабаларының көрген қайғы-қасіреттері мен көз жастары бүгінгі ұрпаққа жақсылық нышандарымен қайта оралып, ауылымыз гүлденіп, еліміз өркендеуде. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай.

1992 жылы бабаларымыздың халық үшін істеген еңбектері бағаланып, ауылдық округі әкімінің шешімімен Кеңсай ауылының бір көшесіне Тайтүгел аты берілген. Бүгінде Тайтүгел, Байтүгел ұрпақтары Зайсан ауданындағы елді мекендерінде, Кеңсай ауылында еңбек етіп, ауданның экономикалық, саяси, мәдени, спорт өміріне араласып, қоян-қолтық өмір сүріп жатыр.

Біз, бүгінгі ұрпақ, өз замандарында ел қамы үшін еңбек етіп, ауыл абыройын асқақтата білген қасиетті бабаларымызға қошемет айтып, аруақтарына бас иеміз.

Зайсанбек Қажанов,
еңбек ардагері

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button