Денсаулық сақтау

Танымал ғалымдардың шеберлік сыныптары

 Танымал ғалымдардың шеберлік сыныптары


Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта жуықта қан айналымы жүйесі бұзылған науқастар үшін арнайы бес орын ашылды. Аяқтағы аорта және артерия көк тамырларының атеросклерозы мен варикозы, мойындағы ұйқы тамырларының тарылуы (стеноз), көк тамырлардың кеңеюі (аневризма) сияқты ауыр дерттер шұғыл операциялық көмек көрсетуді талап етеді. Осыған орай жергілікті хирургтерге шеберлік сыныптарын өткізу үшін Нұр-Астана қаласындағы Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ирлан Сағындықов арнайы шақырылыпты.

Иненің көзіндей ғана саңылау қалған

 Танымал ғалымдардың шеберлік сыныптары


…Біз келген кез астаналық ғалымның операция бөлмесінен енді ғана шыққан сәті екен. Алғашқы отаның күрделі болғанымен, сәтті өткенін білдік. Межелеген мерзімнен сәл ұзағырақ айналысуға тура келіпті. Ирлан Сағындықов ота кезінде көмекші болған жергілікті хирургтердің іс-әрекеттеріне де көңілі толып, бригаданың қызметіне ризашылығын білдіріп жатыр.

-Операцияға біз жоспарлағаннан көбірек уақыт жұмсалды. Алайда мен бізге көмектескен бригада мүшелеріне шексіз ризамын. Ота жасау барысында ұйқы тамырларымен жұмыс кезіндегі қиындықтарды түсіндіріп, тамырға жету жолдарын, әдістерін көрсетіп бердік. Хирургиялық операцияның барлық алгоритмімен бөлістік. Алдағы уақытта осындай операцияны өскемендік мамандардың өздері де жасай алады деп сенеміз, – дейді астаналық қонақ.
Ғалымның айтуынша, осыдан бір ай бұрын шығысқазақстандық хирургтер үш науқастың ауру тарихын жіберіп, астаналық мамандардан кеңес сұрапты.
-Біз ұйқы артериялары, қанайналымы жүйесі бұзылған науқастарға көмектесу үшін арнайы келдік. Бұл біздің алғашқы сапарымыз емес. Магистральды тамырлары зақымданған пациенттерге көмектесу мақсатында біз аймақтарғажиі шығып тұрамыз. Осыдан бір ай бұрын бізге өскемендік әріптестеріміз үш науқастың ангиографиялық зерттеулерін жіберіп, кеңес сұраған еді. Өзімізде талдап, олардың екеуіне қазір, үшіншісіне кейінірек ота жасау қажет деп шештік, – деп жалғастырды Ирлан Сағындықов.

Білікті маманның пышағына түскен алғашқы пациент – 60 жастағы ер адамның диагнозы өте күрделі болып шықты. Мультифокальді атеросклероз, ішкі ұйқы артериясының стенозы, басқаша айтсақ, тамырлары тарылып, иненің көзіндей ғана саңылау қалыпты.Соның кесірінен ми қанайналымы қанмен жеткілікті қамтамасыз етілмейді. Бұның ақырыинсульт сияқты ауыр дертке әкеліп соғуы да мүмкін болғандықтан, жедел ота жасау ұйғарылыпты.
– Біз ұйқы артерияларының қабырғасына жабысып, саңылауды жауып қалған түйіншектерді алып тастадық, – дейді доктор. – Ота жергілікті анестезия арқылы, яғни операция жасайтын жерін ғана жансыздандыру әдісімен жасалды. Операция кезінде науқаспен сөйлесіп, әңгімелесу мүмкіндігі болды, бұл хирургтер үшін өте маңызды.

Екінші науқасқа қойылған диагноз да алғашқысына ұқсас. Тек бұл адам осыдан алты ай бұрын инсульт алғанекен. Жастары да қарайлас. Ауыр сырқаттан тұрған пациент оңалту кезеңінен ойдағыдай өткен. Содан кейін ғана барып, ол пациенттің ішкі ұйқы артериясына ота жасалды.

-Бір ғана әттеген-ай, екі науқасқа да аз инвазивті операция жасауға келмеді. Сол себепті отаның ашық түрін қолдануға мәжбүр болдық. Хирургтің басты міндеті – зақымданған артерияларды түгел анықтап, хирургиялық қимылдардың алгоритмін жақсы меңгеруі тиіс, керісінше жағдайда асқынулар болуы ықтимал. Ұйқы артериясына жасалатын операция жоғары технологиялы оталарға жатады.Сол себепті, біздің мақсатымыз – аймақтардағы мамандарға озық технологияларды үйрету. Жақсы хирург болу үшін артерияларға жылына кем дегенде 100 ота жасап, қолдарын әбден машықтандыру керек, – деп сабақтады сөзін ғалым.

Ал үшінші науқас ақпан айында ғана инсульт алғандықтан, оған жарты жылдай емделіп, оңалу қажет, сол себепті ота кейінге қалдырылыпты.Астаналық ғалым қан айналымы жүйесінің бұзылуы жиі кездесетін дерттердің бірі екенін айтады.Оның ішінде ми қанайналымының жіті бұзылуы, яғни инсульт миокард инфаркінен кейін екінші орында тұрған сырқат. Инсульт алған жандардың 85 пайызы өздеріне қызмет көрсетуге жарамсыз мүгедек болып қалады, өлім көрсеткіші де жоғары.

Тәжірибелі маман ұйқы артерияларындағы қан айналымы бұзылған науқастардың шағымдарымен де таныстыра кетті.

Бастың ауыруы, жүрістің бұзылуы, теңселу, құлақтың шыңылдауы, көз жанарының төмендеп кетуі байқалса, дереу дәрігерге қаралған абзал. Ғалымның сөзіне сенсек, кез келген дәрігер фонендоскоп арқылы мойындағы, шаптағы, сандағы артерияларды тыңдай білуі керек, егер тамырлардан бөтен дыбыс, шу естілсе, бұл ары қарай медициналық аппараттарда тереңірек тексерілу қажеттілігін көрсетеді.

Ирлан Сағындықов біздің хирургтер алдағы уақытта күрделі оталарды өз беттерімен жасай алатындарына сенімді.

-Бүгінгідей оталарды жасату үшін енді пациенттерге Нұр-Сұлтан қаласындағы біздің орталыққа келу міндетті емес. Осы операциялар сіздердің клиниканың базасында, өз мамандарыңыздың қолынан да келеді. Орталықтың жабдықталуы өте жоғары деңгейде. КТ, МРТ аппараттарымен зерттеулерді жүргізуге болады. Сіздерде тамаша ангиограф қондырғысы бар. Скальпельді қолдануға келмесе, иненің көмегімен көк тамырдың кез келген жерін ашып жіберуге болады. Бірақ біз жасаған оталарда бұл қондырғыны пайдалануға келмеді, себебін жоғарыда айттым, – деп қорытындылады астаналық хирург.

Скальпельсіз жасалған оталар

Облыстық мамандандырылған медициналық орталығында таяуда еліміздің белгілі нейрохирургі, аты «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген Мыңжылқы Бердіқожаев теңдесі жоқ бірнеше операция жасап, жерлестерімізге оқып-түйгендерін үйретіп кеткен еді. Аталмыш орталықтың рентгенэндоваскулярлы лаборатория бөлімінің меңгерушісі, жергілікті нейрохирург Мұхтар Қорабаев танымал ғалымның сапары туралы әңгімелеп берді.

Айтысына қарағанда, аты әлемге әйгілі доктордың алтын қолдары бес шығысқазақстандықтың өмірін сақтап қалған.Өскемен, Шемонайха, Аягөзден келген науқастардың жолы болды, себебі Мыңжылқы Бердіқожаев ми қантамырларына жасаған оталардың әрқайсысын зергерлік деп атауға әбден болады. Өйткені оталар ешқандай тіліксіз, зақымданған ми қантамырларын сандағы артериядан енгізілген катетермен жапсыру арқылы жасалған.

-Артерия мен вена тамырларының арасында дұрыс байланыс болмағанда, патологиялық түйін пайда болады да, қанның артериядан венаға өтуі қиындайды. Медицина тілінде бұл артериовенозды мальформация деп аталады. Кез келген органда бола береді, біздің жағдайымызда бұл түйіндер ми қан тамырларында орналасты, – деп түсіндірді Мұхтар Оразбекұлы.

Артериовенозды мальформация көбінде туа біткен кінәрат. Артерия мен вена тамырлары шатасып, түйін болып қалғандықтан, қан жүру қиындайды. Алайда бұл ауытқушылық пациенттерге көбінде сезілмейді, белгілі бір уақытқа дейін еш жері ауырмайды, қолайсыздықты сезбейді.

-Бізге жедел түрде түскен 42 жастағы науқас та осы диагнозбен ұзақ жылдар өмір сүріп келген, – деді Мұхтар Оразбекұлы.– Тамырлары кенеттен жарылып, оның миына қан құйылып кеткен, яғни инсульт алған. Алдымен оны ота жасамай, консервативтітүрде емдедік. Одан кейін Алматыдан нейрохирург шақыртып, күрделі операция жасалды. Егер жарылған көк тамырларды дер кезінде жалғамаса, қан қысымы көтерілген немесе оқыс жарақат алған кезде, науқастың екінші қайтара инсульт алып қалу қаупі жоғары. Бұл жағдайда өлімге дейін әкеп соғуы мүмкін.

Бұдан басқа тағы екі пациентте артериовенозды мальформация кездойсоқ, МРТ қорытындысы бойынша анықталыпты.

-Операциялар әртүрлі болуы мүмкін. Күрделілігі зақымданған тамырлардың санына қарай анықталады. Кейде екі кезеңмен жапсырамыз. Мысалы, екі пациенттің жарылған тамырларын екі кезеңмен жалғауға тура келді. Әр кезеңде ота бір жарым сағатқа созылды. Барлық операциялар ангиографтың көмегімен жүзеге асты. Операция бөлмесінде алматылық ғалымға көмекші болған әріптестеріміз Дмитрий Недбайло, семейлік докторант Жандос Уәппен бірге доктордыңәр қимылын қалт жібермей, техникасын меңгеруге тырыстық,- деп бөлісті бөлім меңгерушісі.

Мұхтар Қорабаев алдағы уақытта осындай оталарды өздері де жасай алатынына сенімді.Өйткені алматылық нейрохирургтермен тығыз байланыс орнатылған. Тіпті, операция үстелінің жанында тұрып та, заманауи құралдармен байланысқа шығып, кеңесе алады. Ота жасалғандардың орташа жасы 40-45-те, бір пациент алпыстан асқан. Науқастар бесінші тәулік дегенде үйлеріне шыққан.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button