Экология

Тамыз қалай болар екен?

Қалалықтар: «Биыл жаз болмады» деп күңкілдеп жүрсе, шаруалар жағы жаңбыр шіркіннің жаз бойы толассыз жауғанына риза. Не болса да маусым, шілде көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Енді тамыз қалай болар екен?

Тамыз қалай болар екен?Республикалық «Қазгидромет» орталығы елімізде тамызда күннің шыжғыратынын алға тартып отыр. Маусым, шілдеде болмаған ыстық, жаздың соңғы айында күшіне енетін көрінеді. Республикалық ауа райын болжау орталықтарының дерегіне сүйенетін болсақ, қапырық ыстықтар оңтүстік-оңтүстік батыс өңірлерінде сақталады. Қызылорда және Алматы облыстарында ауа температурасы 40 градустан жоғарылайды екен.

Біздің облыста ауа райы тамыз айында да құбылмалы болады екен. ШҚО бойынша «Қазгидромет» филиалының инженер-синоптигі Л.Бухтоярованың айтуынша, тамыздағы температура айтарлықтай тұрақты болмайды. Бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз + 20-25, кей жерлерде 30 градус.

Синоптиктер жаңбырдың да ара-тұра сіркіреп тұратынын айтады. Екінші онкүндікте күн едәуір ысып, термометр бағанасы 30-35 градустан асып жығылады. Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде +15-19 болса, күндіз +25-30 градустың аралығында болады екен. Тамыздың соңғы онкүндігінде өтпелі жаңбыр жауады. Кей жерлерде батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.

Бұл әрине, өзінің аты айтып тұрғандай, ауа райын болжау орталықтарының келтірген дерегі. Болжамның кейде күн райының мінезімен дөп түсіп жатса, кейде мүлдем лағып кететіні де бар.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button