Тамшылатып суарудан неге тартынып жүрміз?
Осыдан үш жыл бұрын өңірімізде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен израильдік тамшылатып суару технологиясы қолға алынған болатын. Мол өнімнің кепілі болатын озық технологияға облыс шаруашылықтары ден қойды ма, алдағы егіс науқанына қам-қарекетіміз қандай?
Су аса тапшы мемлекеттердің бірі – Израиль елі үнемдеуден алдына жан салмайтынын білеміз. Бүгінде бізді тамсандырып жүрген тамшылатып суару тәсілі алғаш осы мемлекетте жүзеге асырылып, озық технология дәрежесіне жеткен болатын.
Қазір әлемдік азық-түлік нарығында сол Израильдің өнімдері баға бәсекесіне аса қабілетті, өзгелердікіне еркін төтеп бере алатын өтімді тауарлар болып тұр. Неге? Өйткені, өркениетті елдердің бәрінде судың құны баға қалыптастырушы элементтердің бастысы болып келе жатыр. Кез келген тауарды өндіруге кеткен судың құны алдымен есепке алынады. Өнімді өндіруге кеткен шығын аз, пайда шаш етектен. Сөйтіп, суға тапшы еврейлер суды да, электр қуатын да үнемдеудің арқасында әдеттегіден екі-үш есе артық табысқа жетіп келеді.
Ал біз суды үнемдеуге әлі күнге дейін селқос қараудамыз. Далада ағып жатқан өзен суын үнемдеу былай тұрсын, автожуу орындары ауызсуды ағыл-тегіл ағызып, ысырап етуде. Сол себепті «Қоғамымыздағы ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет. Біздің ең асыл табиғи байлығымыз – суды ысырап етуді тоқтатуымыз қажет» деп ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ былтырғы желтоқсан айындағы Жолдауында Үкіметке тез арада еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажеттігін тапсырған болатын.
Сондай-ақ Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігі де саланы дамытудағы басты міндеттің бірі етіп қойылып отыр.
– Егістік түсімін ең алдымен жаңа технологиялар есебінен көтере аламыз. Сол жаңа технологияның ең тиімдісі – израильдік тамшылатып суару технологиясы болып отыр. Бұл тәсіл Облыс Әкімінің бастамасымен өңірімізде осыдан үш жыл бұрын қолға алынған болатын, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мелиорация бөлімінің бастығы Дулат Наққажин.
Шығысқазақстандық шаруашылықтарға 2009 жылдан бері енгізіле бастаған бұл жаңа технология бойынша былтыр аймақта 700 гектар егіс алқабы суарылыпты. 2011 жылы 339 гектар жердің өнімі осы тәсілмен өсірілген. Биыл тамшылатып суарылатын егістіктің көлемі 50 гектарға ұлғайтылмақ көрінеді. Тамшылатып суару кеңінен қолданылып келе жатыр деп айтуға боларлық өңірлер – Бесқарағай мен Үржар ауданы. Бұл екі ауданда 300 гектардан 600 гектар егістік тамшылатып суарылуда. Жаңа технология Семейде – 110, Глубокое ауданында – 30, Ұлан ауданында екі гектарға енгізілген. Осы төрт ауданнан басқа аудандарда тамшылатып суару технологиясына көшуге бел байлаған ешкім болмапты.
Кейбір аудандардың әкімдері бұл тәсілді шаруашылықтарға енгізуге дұрыс мән бермей отырса, қайсыбір өңірлерде шаруалардың тамшылатып суару қондырғыларын сатып алуға қаржысы болмай жатыр. Қытайда өндірілген тамшылатып суару технологиясы құрал-жабдығының біреуінің бағасы (бір қондырғы бір гектарды қамтиды) шамамен 1 мың АҚШ доллары көлемінде болса, Израильде шығарылғандары 2,5-3,5 мың доллар шамасында көрінеді. Тым болмаса 10-15 гектарға жететіндей етіп мұндай құралдың бірнешеуін сатып алуға қажетті ақша екінің бірінде жоқ. Ал «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 6 пайыздық жеңілдікпен берілетін несиені алу үшін қомақты кепілдік мүлік қажет деседі ұсақ шаруашылық иелері.
Тамшылатып суару технологиясының қызығын көріп отырған шағын шаруа қожалықтарының бірі – Бесқарағай ауданының Стеклянка ауылы маңындағы «Саят» шаруа қожалығы. Бесқарағай ауданының Глуховка ауылдық округінде бұл қожалықтан басқа тамшылатып суару әдісіне көшкен жеті бірдей шаруашылық бар. «Саят» шаруа қожалығы 40 гектарға егіліп келе жатқан жүгері, көкөніс түрлерін төрт жылдан бері тамшылатып суарып келеді. Қожалық басшысы Баянбай Садықов былтыр он гектардай жерге еккен қырыққабаттан 300 тонна өнім жинап, осы технологияның арқасында басқа көкөніс түрлерінен де өзгелердікінен әлдеқайда мол өнім алғанын ауыз толтыра айтты. Осы әдіске көшкелі бері қожалықтың шаруасы дөңгеленіп жүре беріпті.
Диқанның айтуынша, тамшылатып суарудың тиімділігі сонда, ең алдымен су өте аз шығындалады, екіншіден, су тек өнімнің түбіне баратындықтан, басқа зиянды арамшөптердің өсіп кетуіне, олардың дәннің өсіп-жетілуіне кедергі болуына ешқандай жол берілмейді. Үшіншіден, жұмыс қол еңбегін, бақылап тұруды қажет етпейді. Су тек тамшылатып беріліп отыратындықтан, топырақ құнарлылығын сақтап, күннің қызуын мол алады. Су шлангілер арқылы жеткізілетін бұл қондырғыны тек қана жазық жерге емес, таудың басына да орнатуға болады. Жаңа технология осылайша «Саят» шаруашылығын арамшөптен құтқарып, шығынды 10-15 есеге азайтып, табысты екі-бес есеге дейін көбейткен екен.
Оған қоса тамшылатып суару технологиясына көшкендерге мемлекет тарапынан субсидия беріліп жатыр. Анау-мынау емес, кеткен шығынның 80 пайызын жабатын қаржы. Өнімді өсіруден басқа осы тәсілді енгізгені үшін ғана әр гектарына 24 мың теңге субсидия қарастырылған. Бірақ біздің облыста тамшылатып суару тәсілін пайдаланып жатқан біраз ғана шаруашылықтардың арасында Үкіметтен бөлінген осы субсидияны алып жатқан да ешкім жоқ болып шықты.
– Тамшылатып суару құралдары электр энергиясымен жұмыс істейді, олардың жұмысына шағын «движоктарды» да пайдалана беруге болады. Су шаруашылығы кодексінің 66-бабы бойынша шаруашылықтар суды пайдалану үшін алдымен рұқсат қағазын алу керек. Ол үшін есептеу құралын орнатуы қажет. Бастапқыда осы суды есептеу құралдарын орнату мәселесі шаруаларға біршама қиындық туғызғаны рас, қазір мәселе шешілді. Облыс көлемінде «Теплоэкосервис» ЖШС шаруалардың тапсырысы бойынша құралдарды сатып әкеліп, орнатып беруде. Әрі қарай шаруашылық иелері суды өзінің егістігіне жеткізгенге дейінгі шығынды есептеп, әр текше метрге кететін шығын көлемін антимонополиялық департаментке өткізіп, бекіттіріп алуы тиіс. Үкіметтен бөлінетін субсидия осы бекітілген көлемге байланысты есептеліп, беріледі. Бұл технологияға көшкен шаруашылықтарға жасалатын қолдаулар көп, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарамасы мелиорация бөлімінің бастығы Дулат Наққажин.
Алайда суды үнемдеумен қоса толағай табысқа кенелтетін тамшылатып суару технологиясы біздің шаруашылықтарға баяу еніп жатыр.