Тамақтануға да талғаммен қараған жөн
Семей мемлекеттік медицина университетінің №5 оқу-клиникалық ғимаратында салауатты тамақтану орталығы жақсы жұмыс істеп келеді. Орталық жетекшісі, жалпы дәрігерлік тәжірибе кафедрасының оқытушысы Надира Сіләмханованың айтуынша, бұл жоба академик Төрегелді Шармановтың бастауымен «Салауатты тамақтану – ұлт денсаулығының кепілі» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған.
Орталықтың басты мақсаты – дұрыс тамақтануды үйрету арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, оларды салауатты өмір салтына дағдыландыру.
– Мұндай орталықтар жапон мемлекетінің әр қаласында бар, – дейді Надира Сіләмханқызы, – олар жапондықтардың өмір жасының ұзаруына себепші болуда. Ал Қазақстанда әзірше бір-екі қалада ғана ашылған. Болашақта басқа да қалаларда осындай орталықтар ашылатынына сенімдімін.
Мамандардың зерттеуінше, біздің облыстың тұрғындары түрлі жұқпалы ауруларға жиі ұшырайды. Оның ең басты себебі – дұрыс тамақтанбау, күнделікті қабылданатын ас құрамына жеміс-жидектер мен сүт өнімдерін аз енгізіп, ағзаға ауырлық түсіретін ет өнімдері мен майлы тағамдарды шамадан тыс көп мөлшерде ішу. Орталық мамандары алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтырып, аймақ тұрғындарының салауатты тамақтануы жолында нақты ақпараттық жұмыстар жүргізбек көрінеді.
– Қазіргі кезде бас көтерген аурулардың бірегейі – семіздік. Семіз адамдардың қалыпты адамдармен салыстырғанда 10-15 жылдай аз өмір сүретіні ғылыми түрде дәлелденген, – дейді Надира Сіләмханқызы, – денсаулықты жоғалту оңай, ал түзету қиын. Ол үшін әр адам өзін-өзі шынықтырып, күнде таңертең ең болмағанда 300-600 метрге жүгіріп, жаттығу гимнастикаларын жасауға, міндетті түрде салқын сумен шайынуға дағдылануы керек.
Бүгінде елімізге сырттан келетін тағамның түрі көп. Әсiресе, небір газдалған сусындар мен шектен тыс тазартылған тағамдардың тез дайындалатын түрлері үлкен сұраныста. Өндіріліп жатқан тағамдардың құрамында табиғи тағамдар, мәселен, қан аздық ауруы – анемияның алдын алатын темір, кальций дәрумендері мүлде жетіспей, керісінше көмірсуы басым тағамдар көптеп кездеседі.
– Қазір мектеп оқушылары, студенттер фаст-фуд пен хот-догтарды көптеп пайдаланады, – дейді Надира Сіләмханова, – бұл тамақтар жас ағзаға өте зиян, балалардың асқазанын тез бұзуы мүмкін. Сондықтан да біз тек тамақтану орталығына келген азаматтарға ғана кеңес бермей, ендігі жерде мектептер мен түрлі оқу орындарына барып, салауатты тамақтанудың маңызы жөнінде семинарлар ұйымдастыруды қолға алмақпыз.