Талай науқасты аяғынан тік тұрғызды

Ол бала кезінде әкесі сияқты әскери қызметкер болуды армандапты. Көңілі медицинаны мүлде қаламаған. Алайда анасының «дәрігер бол» деген бір ауыз сөзін жерге тастай алмай, Семей мемлекеттік медициналық институтына құжат тапсырады. Еліміздің ең мықты медициналық жоғары оқу орнына еш қиналмай түсіп кетеді. Бұл осыдан ширек ғасыр бұрын болған жағдай еді. Ал бүгіноблыстық аурухананың травматолог-ортопеді Болат Қабимолдин өз өмірін медицинасыз елестете алмайды.
Еңбек жолын Глубокое аудандық ауруханасында қатардағы дәрігер болып бастаған Болат Ахметқалиұлы осы емдеу мекемесінде бөлім меңгерушісі деңгейіне дейін көтеріледі. 2013 жылы Болат Қабимолдинге облыстың санавиация қызметін басқару сеніммен жүктеледі және облыстық ауруханаға травматолог-ортопед ретінде шақырылады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан шаһарларында арнайы мамандандырудан өткен білікті дәрігер бүгінде облыста буындарды эндопротездеу операцияларын, аяқ башпайларының деформациясына ота жасайтын бірден-бір тәжірибелі маман.
Кеше ғана өте күрделі бір отаны жасапты. Ауыр жол апатына түсіп, бір ажалдан қалған жас баланың сүйектерін пазл жинағандай үш жарым сағат бойы жинап, орын-орнына қойып беріпті. 16 мамырда болған жол-көлік оқиғасында жас баланың бұғанасы шығып, қолтығының астына түсіп кеткен, білектегі екі сүйегі жарықшақтанып, мойын омыртқасы сынған, миы шайқалған.
-Миы шайқалып, қан құйылып кеткен науқас бір ай бойы Алтай қаласындағы ауруханада жансақтау бөлімінде жатты. Беті бері қарағаннан кейін ғана, екінші кезеңде біз оның сынған сүйектерін орнына қоюға тырыстық. Көп уақыт өтіп кеткендіктен,бір айдың ішінде сынған сүйектер басқа жерге жабысып қалған, оны босатып алып, қайта өз орнына дұрыстап салдық, – дейді травматолог дәрігер.
Ортопедтер үшін сүйектің дұрыс бітуімен қоса, одан кейін буындардың өз қызметін дұрыс атқаруы да маңызды. Кейде ота жасағаннан кейін өз жұмыстарына көңілі толмайтын кездер де болады. Операцияның алдында науқастың анатомиясын талқылап, қай жерде қандай нерв бар, оны байқаусызда іліп кетпеу керек деп, әр дәрігердің қызметі әбден пысықталғанына қарамастан күтпеген жайттар кездесуі мүмкін.
-Операция кезінде дайындығымыздың жарамай қалатыны да болады, өйткені адамдардың ағзасы әртүрлі. Әрине, жағдайға қарай әрекет жасаймыз. Отадан кейін қайта талқыға саламыз. Егер пациент үшін тиімдірек тұсын көрсек, түсіндіріп айтамыз. Қайта ота жасауға тура келеді. Ең бастысы – науқас мүгедектікке шалдықпай, қатарға қосылуы керек, – деп түсіндірді маман.
Болат Ахметқалиұлы оқуға кірген бойда, медицинаға деген көзқарасы мүлде өзгеріп сала бергенін айтады.
-Оқи бастағаннан медицинаға деген қызығушылығым пайда болды. Өйткені күнделікті өмірімізде, бүгінгі техника дамыған заманда травматолог-ортопед маманның қызметіне сұраныс көп екенін, менің мамандығымның өте қажет екенін ұқтым.Тек жол апатынан зардап шеккендер ғана емес, күйік шалғандар, өндірісте жарақат алғандар бар. Өкініштісі, олардың арасында жарымжан болып қалу, кемтарлыққа әкеліп соғу жиі ұшырасады. Менің жұмысымның ұнайтын тұсы – нәтижесін бірден көресің. Мысалы, басқа мамандар өз емінің нәтижесін ұзақ уақыт күтіп жүрсе, біз сүйектері шашылып қалған науқастың сынықтарын салғаннан кейін,рентгенге түсіріп, орнына дұрыс келген-келмегенін бірден байқаймыз.Жүре алмай жатқан науқасты қайта аяғынан тік тұрғызу, соған өзіңнің қатысың бар екенін түйсінудің өзі үлкен қуаныш сыйлайды, – дейді бүгінде тәжірибелі ортопед.
Болат Ахметқалиұлының негізгі мамандығы–ірі буындарды эндопротездеу, тізе, жамбас буындарын алмастыру болғанымен, дәрігердің қабылдауына жас қыздар, әйел адамдар да көп келеді.
-Әйел адамдарда әсіресе аяқтың бірінші бақайының ішке қарай қисаюы, башпайдың жанынан сүйектің өсіп шығуы, екінші башпайдың деформациясы сияқты аурулар жиі кездеседі. Бұл – көлденең майтабанның зардабы, – дейді дәрігер. – Сонымен қатар тырнақтары дұрыс өспеген немесе түбіне дейін жұлынып қалған қыз балалар да кездеседі. Оларға да операция жасауға мәжбүр боламыз.
-Бұл оталар онша қиын емес шығар?
-Есіңізде болсын, оңай ота бол-май-ды!Бұл жай тырнақты әрлеу емес қой, оңай жөндей салатын. Кез келген отаның өз қиындығы болады, өйткені адамның ағзасы өте күрделі механизм іспетті. Жоғарыда айтқан бақайлардың деформацияға ұшырауын тек операциямен емдейді, оның 200-ден астам тәсілі бар. Интернетте осы ауруды отасыз емдеуге болады деген жарнамалар өте көп. Қыз-келіншектер соған сеніп қалады да, бізге дерті әбден асқынғанда келеді, – дейді Болат Қабимолдин.
Облыстық ауруханада буындарды эндопротездеу оталары 2002 жылдан қолға алыныпты, қазір жылына 400-дей операция жасалады.Бірде сексенге таяп қалған бір қария сонау Зайсаннан арнайы іздеп келіп, буын алмастыру отасын өзіне ғана сеніп жасататынын айтып, қолқалапты. «Қарағым, бір аяғым жастайымнан жарымжан. Жалғыз аяғымды сен ғана аман алып қаласың. Сен туралы көп жақсы сөздер естідім» деген әжеміз де қазір шапқылап жүр. Өскеменге жолы түсе қалса, дәрігерге әдейі келіп, аналық алғысын айтып, маңдайынан иіскеп кетеді екен.
Буын алмастыру оталары тек егде адамдарға ғана емес, ұршық басының асептикалық некрозына (Пертес дерті), Бехтер дерті сияқты ауыр сырқаттарғашалдыққан жастарға да жасалады. Немесе сынған сүйектергеұзақ уақыт гипс салғанда, буындардың не ашылмай, не жазылмай қатып қалуының да жалғыз емдеу жолы – осы эндопротездеу отасы. Облыстық ауруханада травматология саласында шығып жатқан жаңа технологиялар да кеңінен енгізіліп келеді. Спортшыларда жиі кездесетін, бұрындары спортпен мүлде қоштасуға әкеліп соғатын жарақаттар – мениск жыртылуына бүгінгі таңда ота екі тесікпен, крест тәрізді байламның үзілуіне үш тесікпен жасалады, ойнамалы, шыға беретін буынды орнына төрт тесікпен қоя салуға болады. Болат Ахметқалиұлының сөзіне қарағанда, жас әріптесі, Семей мемлекеттік медицина институтының тағы бір түлегі Айдос Кунияров осы озық тәсілдерді тамаша меңгерген. Жас маман білімін Израильде, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында жетілдіріп келіпті.
-Биыл астаналық әріптестеріміз иық буынын алмастыру оталарын жасап жүр. Біз де осы әдісті үйреніп келдік, бірақ әзірге тізе, жамбас буындарын алмастыруға басымдық беріп келеміз, – деп сабақтады әңгімесін Болат Ахметқалиұлы. -Өйткені «қол сынса, жең ішінде» демекші, адам бір қолы жұмыс істеп тұрса, екіншісін көп іздей қоймайды, әйтеуір, дағдыланып алады. Ал орнынан тұра алмай қалу, өз-өзіне қызмет көрсете алмау өте қиын. Өз аяғыңмен жер басып жүргенге не жетсін?! Сол себепті біз науқастардың аяқтарын емдеуге көп мән береміз, – деген Болат Қабимолдин.
Болат Ахметқалиұлының телефоны кәсіби мерекесі қарсаңында тынымсыз шырылдайды. Өзінің отбасы мүшелері, туыстары мен жора-жолдастарынан басқа бұрынғы пациенттері міндетті түрде хабарласады. Дәрігер үшін олардың бір ауыз «рахметінен» артық құрмет жоқ. «Көшеде кездесе қалса, бас изеп, амандасса, сол да жеткілікті» дейді травматолог. Жұмыстан қолы қалт етсе, дәрігер тарихи шығармаларды оқығанды ұнатады. Ілияс Есенберлиннің туындыларын, Шыңғысхан туралы дүниелерді қайталап оқып жүреді. Әсел есімді қызынан көрген екі немересі де аталарына жұмыстың ауыртпалығын ұмыттырып жібереді.Ал кенже қызы Анар жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Айна Ескенқызы