«Дидардың» қонағы

Талғат Жайлауов: – Мені «Торпедоға» қабылдаған Борис Александров еді

Талғат Жайлауов: -	Мені «Торпедоға» қабылдаған Борис Александров еді

Спорт деген әлемде шайбалы хоккейдің алатын орны ерекше. Ал өскемендіктер үшін хоккей бірінші орында тұр. Биыл Өскемен хоккейі алпыс жылдығын атап өтуде. Ең алғашқы хоккейшілерден бастап бүгінгі ұрпақ осы уақытта жүріп өткен жолы жайында Спорт сарайындағы мұражайда өте тамаша шежіре бар. Ресейдің қалаларынан келген тұңғыш ойыншыларды айтпағанда, Өскеменнің өзінде қаншама саңлақ спортшылар шықты. Бүгін Евгений Паладьев, Равиль Гатаулин, Борис Александров, Владимир Локотко, Игорь Кузнецов, ағайынды Корешковтар, Виктор Шкурдюк, Вадим Туников, Юрий Леонов, Михаил Панин, ағайынды Бородулиндер сияқты, бұлардан басқа да ондаған ойыншыларды жанкүйерлер жақсы біледі. Көптеген жыл «Торпедоны» алға сүйреген, 1998 жылы Нагано қысқы Олимпиадасында Қазақстан құрамасының капитаны, артынан команданың бас бапкері болған бүкіл Қазақстанға танымал Ерлан Сағымбаевтың спорттағы жолы бір тарих.

Талғат Жайлауов: -	Мені «Торпедоға» қабылдаған Борис Александров еді

Бұдан кейін де Өскеменнің хоккей мектебі талай таланттарды қанаттандырды. Біздің қаланың атағы бүкіл КСРО мен ТМД елдеріне әйгілі еді. Қазақстанның хоккей құрамасының бір қаланың командасы аталуы да тегін емес-ті. Бір кезде еліміздің намысын халықаралық жарыстарда Кенді Алтай хоккейшілері ғана қорғаған күн болған.

Жылдар өтті, хоккейшілер ұрпақтары ауысты. Кешегі танымал спортшылардың орнына кім келді? Бүгін кімді мақтан ете аламыз? Хоккей додасына қай жігіттің ойынын тамашалауға барамыз?

Бұл сұрақтарға жауап іздемес бұрын біраз шегініс жасайық. Өскеменнің хоккей мектептерінің жұмысында саябырсу пайда болды. Себебі – белгілі. Кешегі мықты балалар мен жастар жаттықтырушылары жерұйық іздеп, басқа елге көшіп кетті. Өздері ғана емес, ертең жақсы хоккейші шығады-ау деген шәкірттерін ала кетті. Жаттықтырушыларға жайлы жұмыс істеуі үшін оңды жағдай жасалмады. Олардың орнын басқандарды да жаңағыдай жағдай күтіп тұр еді. Сөйтіп, жылына кем дегенде 4-5 жұлдызша ұшыратын мектептер жастар және шеберлер командаларына лайық ойыншылар бере алмады. Бұрынғы атағын азық қылып, Өскемен хоккей орталығы деген атынан айырыла бастады.

Сөйтсе де, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, балалар мен жастар командаларынан бірнеше жасөспірім жарқ етті. Солардың бірі – бүгін аты әйгілі Талғат Жайлауов. Ол қазір отыз бірде. Өскеменнің төл тумасы. Хоккеймен қалай әуестенгенін, өзі сияқты жүздеген бала спортты бастамай жатып неліктен тастап кеткені жайында оның өз аузынан естиік.

Сегіз жасында анам Спорт сарайына алып келді

Талғат Жайлауов: -	Мені «Торпедоға» қабылдаған Борис Александров еді

– Өткен ғасырдың 60-шы жылдарғы балалары космонавт болуды армандайтын. Ал олардан жиырма жастай кіші менің құрдастарым хоккейші болуды көксейтін. Өйткені, Өскеменде хоккей «дерті» қаулап тұр еді ғой. Әрбір үйдің алдында, көше бойларында мұз айдындары құйылатын. Сондай айдын Питер Коммунарлары көшесіндегі біздің үйдің ауласында да бар еді. Мен конькиді бес жасымда тақтым, ағаларымның баулуымен мұзда сырғанаудың қыр-сырын ерте үйрендім. Секцияға барамын деген құлшынысымды үлкендер қолдамады. Әрине, әлі кішкене едім. Ал сегізге толғанда, анам Спорт сарайына алып келді. Қарасам, 60-70 бала кіші айдынды басына көтеріп, мұзда жүйткіп жүр. Жаттықтырушылар Владимир Беляев пен Оконечников екен. Мен де киімімді ауыстырып, қалың топтың ішіне кіріп кеттім. Алғашқы күндері ұстаздар сырғанау жағына көп көңіл бөлді. Маған да оның талай қыр-сырын көрсетті. Жалпы, менің коньки тебуіме олар риза сияқты. Енді шайбаны алып жүру, әріптесіңе пас беру, қақпаға шабуыл кезінде қарсыласты айналып өту сияқты элементтерді, алаңдағы командаластарыңның орналасуын көре біліп, пасты дәл беруге баулыды, – деп еске алады Талғат алғашқы жаттығуларын.

– Сен хоккеймен шұғылдана бастағанда Өскеменде айдын саны аз, кіші залда таңғы алтыдан түнгі он бірге дейін өзің сияқты шәкірттер айналысады. Қақаған аязда таң бозынан немесе қара кеште жаттығуға бару оңай емес. Қалай шыдадың?

– Әрине, оңай емес еді. Бәріне де шыдауға тура келді. Қатты аяз екен, бүгін бармай-ақ қояйын деу жоқ. Таңертең де, түнде де жаттығудан қалған жоқпын. Ал осы қиындықтарды көтере алмай, талай бала хоккейді тастап кетті ғой. Олардың арасында ертеңінен үлкен үміт күттіретін небір шәкірттер болды. Сондықтан бүгінгі балаларға айтарым: хоккей өте ауыр спорт, оның қиындығы көп, болашақта хоккейші боламын десең, ештеңеден қаймықпа, неше түрлі жарақат та аласың, қарсыласыңның дөрекі әрекетіне де тап боласың, онсыз хоккей жоқ. Жаттықтырушының нұсқауын сөзсіз орындап, өмірде де, спортта да тәртіпті болсаң, бойыңдағы талантыңды шыңдай білсең, дегеніңе жетесің. Хоккей өнеріне тек еңбек пен батылдық әкеледі. Қазір жастар командасына қарап отырсам, бәрі шайба соғуға әрекеттенеді. Жалғыз адам қарсыластың бес ойыншысына ештеңе істей алмайды. Біздерді Владимир Николаевич Беляев шайбаны ала қашуға емес, қарсы қақпаға әріптестеріңе дәл пас беру арқылы шығуға, нысананы дәл көздеуге, клубтасыңа жағдай жасауға баулыған. Қазіргі жастар да осы жағына көңіл бөлгені жөн.

– Талғат, өзің айтқандай, бірге шұғылданған 60-70 бала бір командаға қабылданбайтыны белгілі. Алғашқы командаңды ұмытқан жоқсың ба?

– Жастар командалары жасына қарай құрылады ғой. Менің алғашқы командам 1985 жылы туған балалардан жасақталды. Біз негізінен Ресей командаларымен жарысатынбыз. Чемпионат бойы алда болғанымызбен қазақстандықтарды финалға жібермейтін. Өйткені, біріншілік – Россиянікі. Бірақ біздің шыңдалуымызға бұл жарыстардың әсері мол болды. 6-7 жыл «Торпедоның» екінші командасында ойнадым. Ұмытып барады екенмін, алғашқы күннен бірге жаттыққан Константин Пушкарев, Досжан Есіркенов бүгінге дейін тамаша ойнап жүр. Қалалық хоккей мектебінен Александр Шин де бізбен жаттығатын.

Жастар құрамынан көзге түсе бастаған ойыншыларды «Торпедоның» сол кездегі бас жаттықтырушысы Борис Викторович Александров біртіндеп негізгі команданың ойындарына қоса бастады. Бұл енді үлкен сын еді. Азулары алты қарыс қарсыластарыңа қысым көрсетіп, командаңа жеңіс әперейін деген мақсат ештеңеден тайсалмауға итермеледі. Бойлары екі метрге жуық, салмақтары жүз килограмдай қорғаушылардың қыспағына түсіп қалмау үшін ұшқырлыққа қоса, шайбаны дер кезінде әріптесіңе бере білу қарсыластың талай күштік әдісінен құтқарады. Хоккей – нағыз ерлердің ойыны, мұнда біреуді жарақаттап алармын-ау деген ой болмайды. Тіпті, кейбір ойыншылар қарсыластарын қорқыту үшін әдейі дөрекі әдіс жасайды, белді ойыншыларды жарақаттап, оның әрі қарай алаңға шықпауын ойластырады. Мұның мысалдарын КХЛ-да, ЖХЛ-да көріп жүрміз.

– Бұған шара қолданатын төрешілер бар емес пе?

– Иә, дөрекілікті, тәртіп бұзушылықты төрешілер көзден таса қылмауға тырысады. Екі, төрт, бес минутқа айыптап жатады, ойыннан қуады. Бірақ олар істерлерін істеп қойды, қарсыласының мықты ойыншысын кездесуді онан әрі жалғастыра алмайтын халге жеткізіп қойды.

– Талғат, «Торпедоның» негізгі құрамына толық мүше болып кірген кезің есіңде ме?

– Жоғарыда айттым ғой, 7-8 жыл жастар құрамында жүргенде-ақ арагідік «Торпедоның» ойындарына қатыстырып жүретін. 90-шы жылдардың басында Борис Александров командаға қабылдады. Ұстазым болған Беляев пен Александровтың талаптарын да, Борис Викторович ойыныма разы екенінде сезетінмін, шабуылды ұйымдастыруға қатысып, гол соғуға тырысатынымды үнемі қолдайтын. Жалпы жаттықтырушылардың бәрі де айдындағы ойлы әрекеттеріме, күтпеген қимыл жасайтыныма тыйым салып көрген жоқ. Александровтан соң Мышагин, Беляев, Сағымбаев және басқалар жас хоккейшілердің жылдам қатарға қосылуына зор қамқорлық жасады.
Бірнеше маусым «Торпедода» ойнап, оның белді мүшелерінің бірі болдым ғой деймін. Команданың табысына аз үлес қосқан жоқпын. Жаттықтырушылар маған ойын уақытын мол беретін. Содан-ақ олар менің ойыныма разы екенін аңғаруға болады.

«Барыс» бізді жақсы қарсы алды

Талғат Жайлауов: -	Мені «Торпедоға» қабылдаған Борис Александров еді

– Енді сенің Астанаға аттануыңа тоқтала кетсек. Оған не себеп болды?

– Жаңа ғасыр басында хоккей орталығы елордаға ауыса бастады. Жаңадан «Барыс» командасы құрылды. Ол да «Торпедо» сияқты жоғары хоккей лигасында ойнайтын. Команда басшылары біздің бірқатар ойыншыға Астанаға ауысуға ұсыныс жасады. Менің «Торпедодағы» жағдайым жаман емес еді. Соған қарамастан, екі жігіт «Барысқа» аттандық. Команда бізді жақсы қарсы алды. Жаттықтырушылар да, ойыншылар да бірінші күннен бастап орталарына алды. ЖХЛ-да жақсы көрсеткіштерге жеттік. Содан «Барыс» континентальдық хоккей лигасына өткенде де команданың жеңістеріне үлес қосуға тырыстым. Биыл КХЛ-ға тоғызыншы жыл. Мен сегіз жыл «Барыс» командасының сапында болдым. Өзіңе баға беру қиын, мамандардың, жанкүйерлердің пікірі оңды болғанын сеземін. Біз жанкүйер үшін ойнаймыз, соларды қуантуға тырысамыз.

– Талғат, сенің ойыныңа тәнті болмаған жанкүйер жоқ шығар. «Барыста» ойнай жүріп, талай гол соқтың. КХЛ-дағы алғашқы голың есіңде ме?

– Жаттықтырушылар саған сенім артып, ойынға қосады, сенен нәтижелі шабуыл күтеді. Ал сен болсаң гол соға алмай, талай қолайлы сәттерде дұрыс қимылдай алмай қаласың. Бұл адамның жүйкесіне салмақ түсіреді, өзіңе деген сенім азаяды. Хоккейші үшін бұдан асқан азап жоқ. Мен де біраз уақыт қиналдым. Тәп-тәуір жылдамдығым бар, қарсы қақпаны да жиі нысанаға аламын. Бірақ нәтиже жоқ. Осылай әрі-сәрі болып жүрген кезеңде Мәскеудің «Динамосымен» кездесуде КХЛ-дағы алғашқы голымды соқтым. Одан кейін сенім пайда болып, күшіме күш қосылып, команданың жеңістеріне бір кісідей үлес қостым ғой деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, былтыр жарақат алуыма байланысты спорттық бабыма толық келе алмадым ғой деймін, үстіміздегі маусымда «Барыс» сапында үш-ақ кездесу өткізіп, бір шайба ғана соқтым. Содан мені «Барыстың» фарм-клубына жіберген кезде менің «Торпедоға» ауысуым жөнінде командалар басшылары келісімге қол қойды. Мен бұл шешімді қуана қарсы алдым. «Торпедо» – өзімнің туған командам. Александр Шин де қайта оралды.

– Иә, сендер келгелі «Торпедо» қатарынан жеті рет жеңіске жетті. Өзің ғана қарсы қақпаларға алты шайба соқтың. «Сарыарқамен» болған кездесуде сендердің үштіктерің арқасында команда жеңіске жетті. Есеп 2:2 болып тұрған сәтте сен гол енгізіп, командаңа жеңіс әпердің. Сен көптен бері Қазақстан құрама командасының мүшесісің. Әлем хоккейінің ең жоғары чемпионатына қатысып, командамыздың күштілер қатарында тұрақтай алмай жүргені қалай?

– Қалайы бар ма, Канада, АҚШ, Ресей, Финляндия, Швеция, Чехия сияқты алыптармен тең ойнай алмайтынымыз аян. Ал Германия, Швейцария, Дания, Франция, Норвегия, Беларусь, Латвия командаларымен тең ойнауға, олардан кейін қалмауға әбден болады. Жаттығуда кемшілік жоқ, жағдай толық жасалған. Тәжірибенің аздығы, шеберліктің сәл төмендігі, өз күшіңе өзің сенбеуің сияқты себептер, соңғы секундқа дейін жанталаса ойнамау, тағы басқалар А мен В арасында көшіп жүруге әкеліп соғады. Есепте алда тұрып, қорытындысында қарсыластан ұтылып қалған күндеріміз де бар. Құрама мықты болуы үшін клубтарда жергілікті ойыншыларды жан-жақты тәрбиелей білу керек. Ал қазір Қазақстан чемпионатында ойнайтын командалардан құрамаға ала қоятын кім бар? Легионерсіз болмайды, олар жергілікті жастарға үлгі көрсетеді, көп нәрсеге үйретеді. Алайда, команданың негізгі бөлігін шеттен келген спортшылармен толтырғанды түсіну қиын. Өзіміздікі қайда? Қазір Өскеменде жағдай жақсы жағына өзгерді. ЖХЛ-да, Қазақстан чемпионатында, жастар лигасында ойнайтын үш команда құрылғаны өте дұрыс. Бұрын хоккей мектептерінен шыққан балалар бұл жерден орын таппай, шетке кететін. Енді жастар командасы «Алтай Торпедоға», ал ол «Торпедоны» толықтырып отырады. Талантты спортшылар үйде қалады деген сөз.

– Талғат, Өскеменнің континентальды хоккей лигасына қабылданатын күн туар ма екен, жалпы ол бізге керек пе?

– Егер қаражат табылып жатса, КХЛ керек-ақ. Меніңше, бүгін Өскемен оған әзір емес. Спорт сарайы оның талабына жауап бере алмайды, КХЛ-ға қажет қаржы табыла қоюы да екіталай. Ақша жоқтықтан қазір КХЛ-дағы кейбір командалар банкротқа ұшырауға жақын. Сондықтан бұл әңгімені қозғауға әлі ертерек.

– Өзің хоккейдің соңында кеттің. Ал сенің соңыңнан еретін ізбасар жағы қалай?

– Менің екі қызым бар, олар қыздарға лайық спортпен шұғылданып жүр. Ал өмірлік серігім Ирина өз бизнесімен шұғылданады, балаларымды тәрбиелейді.

– Талғат, әңгімеңе рахмет. Бүкіл халық сенің хоккейдегі табыстарыңа қуанады. Сенің әлі талай жеңістерге жетеріңе сенеміз және соны тілейміз.

– Өздеріңізге рахмет. «Дидардың» оқырманы молая берсін.

Сұхбаттасқан – Ж.Әбенов

Осы айдарда

Back to top button