Талғат Әміренов, балуан, қазақ күресінен Әлем чемпионы: – Екі дипломым болса да күресті қимаймын
Елімізде қазақ күресінің өрісі кеңейген сайын оған басқа жекпе-жек түрлерінен бет бұрған спортшылардың қатары да ұлғаюда. Сондай саңлақтың бірі деп, Ұлан ауданының тумасы, былайғы жұртқа «Шотқара» деген лақап атымен танымал балуан Талғат Әміреновті айтуға болар. Спорттық мансабын дзюдошы ретінде бастаған Талғат осы күнге дейін самбо мен дзюдодан өткен талай байрақты бәсекеде топ жарған. Соңғы жылдары қазақ күресіне шындап ден қойған ол төл спортымыздың да белді өкілдерінің біріне айналып үлгерді. Осыдан біраз бұрын кезекті додадан жеңіспен оралған жерлесімізді құттықтай барып, сұхбаттасып қайтқан едік.
Төл күресіміз олимпиадалық бағдарламаға енетініне сенемін
– Беларусь жерінде өткен қазақ күресінен жетінші Әлем біріншілігінде топ жардыңыз. Сол байрақты бәсекеде өзіңізден әлдеқайда ірі беларусь балуанын жығып, чемпион атанғаныңыз есімізде.
– Иә, Әлем біріншілігі өте жоғары деңгейде өтті. Чемпионатқа 42 елдің спортшысы қатысты. Мен белдескен 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде де бірнеше атақты балуан өнер көрсетті. Барлық қарсыласым мықты болды. Әсіресе, жартылай финал мен финалда күрескен нидерландтық және беларустық қарсыластарымның шеберлігін атап өтер едім. Өзіңіз айтқандай, финалдағы белдесу мен үшін оңайға соққан жоқ. Беларустық балуанның маған қарағанда бойы да әлдеқайда ұзын, салмағы да біршама артық болды. Оның үстіне чемпионат Беларусь елінде өткеннен кейін трибунаға жиналған жанкүйерлердің көбі соған қолдау білдіріп отырды. Дегенмен өз басым осы сәтте отандастарымның теледидар алдында мен үшін тақым қысып отырғандарын сезіндім. Қарсыласымды алып ұрып, жеңіске жеттім. Енді осы жеңіспен шектеліп қалмай, алдағы жарыстарға дайындықты күшейтіп, маған тілеулес болған жандарды тағы да қуантқым келеді.
– Қазақ күресінің мәртебесі туралы сөз қозғасақ. Сіздің ойыңызша, төл күресімізді олимпиадалық бағдарламаға енгізуге бола ма? Қазақ күресі қанша танымал болса да, олимпиадалық спорт түрі мәртебесі бұйырмаған орыс самбосының кебін кимей ме?
– Егер қазақ күресі осындай қарқынмен дами беретін болса, әрі мемлекет тарапынан үнемі қазіргідей қолдау көрсетілсе, онда олимпиадалық бағдарламаға 10-15 жылда кіруі мүмкін деп ойлаймын. Жалпы, осыдан біраз жыл бұрын қазақ күресі тек өз елімізде ғана танымал болса, қазір бұл спорт түрін шетелдіктер де танитын жағдайға жеттік. Соңғы кездері қазақ күресінен жарыстардың өзге мемлекеттерде де өткізіле бастауы соның дәлелі. Әлі де Азия мен Еуропа елдерінде жарыстар өткізіп, сол мемлекеттерде тиісті федерациялар құрып, танымалдылығын арттыра беруіміз қажет деп есептеймін. Осындай федерациялары бар мемлекеттердің саны 70-80-ге жеткенде бұл мәселе міндетті түрде күн тәртібіне шығарылмақ.
– Десек те, қазақ күресінде әлі де шикі тұстар бар сияқты. Балуандардың бапкерлері бозкілемге қамшы лақтырып, «датын» айтса бір бөлек, алайда кей жағдайларда сол бапкерлер де, балуандардың өздері де төрешілермен қызыл кеңірдек болып дауласып жататынын көріп жүрміз. Бұл да күрестің ережелерінде түсініксіздеу жайттардың бар екенін аңғартса керек. Әсіресе шетелдіктер үшін қиындау тәрізді. Өзіңіз қалай ойлайсыз?
– Негізі, бастапқыда күрестің ережелері түсініксіздеу болғаны рас. Қайткенмен де көбіміз үшін бұл бұрын айналыспаған спорт түрі болды ғой. Дегенмен, қазіргі жағдай басқа. Ережелері қалыптасты, түсінікті болды. Мәселен, бұрындары шаршап қалған балуан қолын бозкілемге тигізіп қарсыластың әдісінен құтылып кете алатын. Бұл әділетсіздеу болатын. Ал қазір балуан дәл солай істейтін болса, бұл әдіс болып саналып, қарсыласына ұпай беріледі. Жалпы, ережелерін бір шолып, танысып шыққан адам қазақ күресінің қыр-сырын түсінуі тиіс деп ойлаймын. Ал жарыс кезінде туындайтын даулы жағдайларға келетін болсақ, ондай проблема кез келген спортта бар. Көп жағдайда бұған әділетсіз төрелік себепші болып жатады. Өкінішке қарай, біздің елде де мұндай проблема жоқ емес.
Қазірдің өзінде бапкер болып жүрмін
– Теледидардан қазақ күресінен өтетін жарыстарды тамашалап отырсақ, облысымыздың атынан сынға түсетін балуандардың дені Семей қаласы мен Абай ауданының өкілдері екенін байқауға болады. Осы ретте, «Өскемен мен басқа аудандардан неге балуандар шықпайды?» деген сұрақ туындайды.
– Бұл ең алдымен бапкер тапшылығының салдары. Семейде қазақ күресінің мектебі қалыптасқан. Семейлік балуандар жыл он екі ай аталмыш спорт түрімен айналысады. Ұлттық күресіміздің қыр-сырын әбден меңгерген. Өкінішке қарай, Өскеменде мұндай орталық жоқ. Біздегі балуандардың дені өзім сияқты дзюдошылар. Сондықтан болар, төл күресімізге келгенде семейлік балуандардың бәсі биік болып тұрады. Жалпы, біздің облыстың әр қаласында, әр ауданында қазақ күресі мектептерін ашқызу керек деп есептеймін. Ал ол үшін ең алдымен білікті бапкерлер даярлау қажет.
– Өзіңіз бапкер болуға қалай қарайсыз?
– Негізінен біз Өскемендегі дзюдо орталығында жаттығамыз. Өміріміздің тең жартысы осы орталықта өтеді деуге болады. Кейде балалармен қатар жаттығып, оларға білген-түйгенімізді үйретеміз. Жарыстарға дайындап, ақыл-кеңесімізді береміз. Сондықтан мені қазірден-ақ бапкер дей беруге болатын шығар (күледі). Жалпы, маған мұндай міндетті сеніп тапсырса, қуана келісемін. Осы ретте, біздің орталықтағы Бақытбек аға Дуанов бастаған Руслан Сейілханов, Серік Халелов, Бауыржан Халелов сияқты білікті мамандардың еңбегін ерекше атап өткім келеді.
– Осыдан біраз бұрын Ақтөбе қаласында өткен дзюдодан ел біріншілігінде финалдық белдесуде қарсыласыңызды ұтып тұрып, ұтылып қалдыңыз. Бұған не себеп болды?
– Жасыратыны жоқ, бұл белдесуге психологиялық тұрғыда дұрыс дайындалмай шықтым. Қазір қарап отырсам, жеңіске тым ерте сеніп қойғандаймын. Қарсыласым маған қарағанда жас әрі тәжірибесі азырақ болғаннан кейін бе, әйтеуір оны оңай жеңемін деп ойладым. Алайда, олай болмай шықты. Бұған қоса төрелікке де көңілім толмады. Дегенмен, финалда жеңіліс табуыма ең алдымен өзім кінәлімін.
Аралас жекпе-жек қазаққа тән спорт емес
– Өзіңізден бойы едәуір ұзын, әрі салмағы да ауыр Бейбіт Ыстыбаев, Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров сияқты алыптармен белдескен қаншалықты қиын?
– Әрине, жекпе-жек болған соң, мұнда бойдың да, салмақтың да маңызы зор. Өзіңнен бір бас жоғары қарсыласты жеңу үшін екі есе артық күш жұмсауың керек. Дегенмен бозкілемде білектің күшімен қатар, техника, тактика сияқты дүниелер де маңызды. Мысалы, мен Бейбіт Ыстыбаевпен екі рет кездесіп, екі белдесуде де жеңіске жеттім. Сондықтан балуан болу үшін адамға Абай атамыз айтпақшы, ең алдымен талап, еңбек, терең ой қажет, шыдамдылық қажет дер едім.
– Бүгінде өте танымал UFC, Bellator MMA сияқты дәстүрлі емес жекпе-жек түрлеріне көзқарасыңыз қалай? Дағыстандықтар мен шешендер көптеп қатысатын бұл жекпе-жектерде неге қазақ жігіттері аз?
– Шынымды айтсам, мен мұндай жекпе-жектерді тәуір көрмеймін. Аралас жекпе-жек деп аталғанымен, оның кәдімгі көше төбелесінен еш айырмашылығы жоқ. Оларды қазақ күресі, дзюдо, самбо, еркін күрес немесе бокс сияқты спорт түрлерімен еш салыстыруға келмейді. Себебі, UFC-ға қарағанда, бұл жекпе-жектерде мәдениет бар. Сондықтан қазақ жігіттерінің ондай төбелеске жаппай бет бұрмағанына қайта шүкір деймін.
– Күреске бармасаңыз, кім болар едіңіз?
– Айту қиын. Спорт, оның ішінде күрес менің өмірлік кәсібіме айналды. Спорттық мансабым қиын кезеңдерге толы болса да, кезінде осындай таңдау жасағаныма еш өкінбеймін. Қолымда екі дипломым бар. Дегенмен, спорттан алшақтағым келмейді. Басқа салада өзімді елестете алмаймын. Осы орайда, маған көп қолдау білдірген бапкерлеріме, Бақытбек ағама, сондай-ақ Марат Мұзапаров, Қайрат Абаев, Талғат Мәзібаев сияқты азаматтарға алғысымды айтқым келеді.
Сұхбаттасқан – Нұржан Кенжеұлы
АНЫҚТАМА
Талғат Қанатұлы Әміренов. 1988 жылдың 11 ақпанында Ұлан ауданының Бозанбай ауылында дүниеге келген. Лақап аты – Шотқара. Қазақ күресінен Әлем чемпионы (Минск, 2017 ж.), республикалық спартакиаданың қола жүлдегері (2014 ж.), Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық жарыстың қола жүлдегері (2015 ж.). Дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері (2007 ж.), Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы (2012 ж.), күміс (2017 ж.) және қола жүлдегері. (2015 ж.)