Талаптардың күші жойылады
Азамат Темірбеков
Елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге қойылатын 170-ке жуық реттеу талабының күші жойылатын болды.
Былтыр Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойған болатын. Осыған байланысты еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, сарапшылар және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге олардың жаңа базалық тәсілдерге сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізді.
Жұмыс ветеринария, өсімдіктерді қорғау және карантин, тұқым шаруашылығы, астық нарығы, органикалық және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жер қатынастары және мал шаруашылығы сияқты жеті бағытта ұйымдастырылды.
Осылайша «Таза парақтан» реттеу реформасының нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қойылатын 170-ке жуық талаптың, оның ішінде өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі 50 талаптың және ветеринария саласындағы 80 талаптың күшін жою және қайта қарау туралы шешім қабылданды.