Инфрақұрылым

Тағы бір көпірдің құрылысы қолға алынбақ

Газетіміздің өткен сандарының бірінде Күршімнен Өскемен бағытына шығаберістегі канал үстіне салынған көпірдің ауыр жүк көліктерінің салдарынан қисайып, күйреп бара жатқаны жайлы зейнеткер Қабдолда Қырықбаевтың дабыл қаққан жанайқайын жұрт назарына ұсынған болатынбыз.

Орынды айтылған оң пікірден дұрыс қорытынды шығарған басшылық бұл мәселеге дереу үн қосты.

– Шынында да, көпірдің жағдайы әбден нашарлап кеткен екен, – дейді аудан әкімі Д.Қажанов. – Бірақ соны көріп-біліп жүріп, осыған дейін бір адамның тырс етпегені таңдандырады. Біз дереу шара қолдануға кірісіп, бұл көпірден жүк көліктерінің өтуіне үзілді-кесілді тыйым салатын белгі қойдырдық. Енді бұл жер полиция қызметкерлерінің жіті бақылауында болады да, тәртіп бұзғандарға қатаң шара қолданылады. Ал аталған көпірден төменірек бес бірдей бетон құбыр төселіп, үстінен кәдімгідей жол салынды. Бұл уақытша көпіріміз қандай ауыр көлік болса да төтеп береді деген сенімдеміз.

Ал беріктігі сыр берген көпірді тексеруге облыс орталығынан арнайы сараптама комиссиясы келеді. Осы комиссияның берген бағасына сәйкес қаржы бөлінеді де, оны күрделі жөндеуге, не болмаса жаңадан салуға кірісеміз.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button